» » » ДЕНСАУЛЫҚҚА БЕЙЖАЙ ҚАРАМАУ КЕРЕК

ДЕНСАУЛЫҚҚА БЕЙЖАЙ ҚАРАМАУ КЕРЕК

Адам баласы үшін жанның байлығы мен деннің саулығынан асқан ештеңе жоқ. Өкінішке қарай дәулет барда кедейліктің, басқа іс түспей ағайынның, сондай-ақ ауырмасақ денсаулықтың да қадір-қасиетін білмей жатамыз. Сол себепті де ақ халаттылар әрдайым «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді жиі айтады. Денсаулық демекші, еліміздегі деректерге жүгінсек, қорқынышты фактілерге жолыққан болар едік. Әсіресе қатерлі ісікке шалдыққандарды, оның ішінде әйел адамдарда жатыр мойны обырының саны жылдан-жылға көбеймесе азаймай тұрғаны ащы да болса шындық. Десе де, әр нәрсенің өз шешімі болатыны және аурудың алдын алғанда ғана оң нәтиже беретіні жасырын емес. Осы тұрғыда аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, білікті маман Гүлнар Төлепбергеновамен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Еліміз бойынша бүгінгі күні аса алаңдатып отырған мәселе – қатерлі ісік ауруларының өте көп тіркелуі болып отыр. Неге бұлай? Маман ретінде себебін айтсаңыз...
– Рас айтасыз. Денсаулық сақтау жүйесінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрлерінің ішінде бұл дерт сүт безі обырынан кейінгі 2-орында тұр. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-дан астам жаңа жағдайы анықталады. Жыл сайын 600-ге жуық әйел осы обыр түрінен көз жұмады. Бұл көрсеткішті әр күнге шаққанда, күніне 2 әйел қатерлі дерттен қайтыс болады дегенге саяды. Қатерлі дертті тудырушы негізгі фактор – адам папиллома вирусы.
Ол дегеніміз не? Ол адамның терісін және шырышты қабаттарын зақымдайтын вирус. Қазіргі таңда аталған вирустың 200-ден аса түрі белгілі. Оның 14-тен астам түрі жоғарғы онкогенді қауіп тудырады. Әсіресе, тәжірибеде жиі кездесетін жатыр мойнының обырына әкеп соқтырады.
– Әрине, маман ретінде сіздің айтып отырған деректер мен дәйектеріңізге қарап, шынымен де әйел-аналарымыздың денсаулығына бұл вирустан үлкен қауіп туып тұрғандай екен. Қатерлі вирустың алғашқы белгілері қандай болады, егжей-тегжейлі түсіндіре кетсеңіз және адам папиллома виру- сы қалай жұғады?
– Адам вирусты жұқтырғанда, ол оның ағзасында ешқандай ауру белгілерін тудырмай тарала береді. Науқас өзінің қатерлі дертке шалдыққанын аурудың соңғы кезеңіне дейін білмей жүруі мүмкін. Сол себепті де біз тұрғындарды жыл сайын бір тексерістен өтіп тұруға және екпе алуға шақырамыз. Вирусты жұқтыруға ең басты себеп – адам иммунитетінің төмендеуі. Бұл вирус адам ағзасында көбеюге бейім. Кейбір жағдайларда ағзаға түскен вирус 12-24 айдың ішінде өзі жойылып кетуі де мүмкін. Десек те, «Сақтанғанды сақтайды» демекші, екпе салдырып, профилактикалық тексерістен өту – әр адамның өз денсаулығы үшін өте маңызды болып саналмақ.
Вирус тұрмыстық жанасу жолымен – қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар мен жыныс жолдары арқылы жұғады. Тікелей бала туу кезінде, вирус анадан сәбиге оның босану жолдарымен өту кезінде беріледі. Сондай-ақ, вирус ылғалды ортада тез таралуға бейім келеді. Сондықтан қоғамдық орындарда сауна, монша, спорт залдарына, дәретхана, бассейндерге барғанда өзіңізді ұқыпты ұстағаныңыз абзал.
Қатерлі дерттен сақтанудың, алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация.
– Елімізде екпе жұмыстары қалай жүргізілуде, сол жағына да нақтырақ тоқталсаңыз...
– Осы жылдың қыркүйек айынан бастап елімізде 11 жастағы қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынуда. Бұл жас ДДҰ онкологтардың ұсыныстарына сәйкес таңдалған. Оған себепті 11-14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді. Бұл жаста жасөспірімде тұрақты иммунитет қалыптасады. Күні бүгінге дейін аталған вирусқа қарсы екпе өзге елдердің тәжірибесінде қолданылғанымен, елімізде етек алмаған еді. Биылдан бастап бұл шара ұлттық күнтізбемізге енгізілді. Өйткені аталған екпе – онкологиямен күресудің жалғыз әдісі саналады.
Қатерлі вирусқа қарсы егу білім беру ұйымдарының егу кабинеттері арқылы тегін жүргізіледі. Екпе ата-ананың рұқсат қағазына қол қойылғаннан кейін ғана салынады. Сонымен қатар оқу мекемелерінен бөлек, екпе жасауға тіркелімі бар емханаларға да жүгінуге болады. Жалпы вакцинаның құрамында тірі вирустар жоқ, оның құрамында ағзаға түскенде иммунитетті белсенді ететін жекелеген вирус ақуыздары бар. Өз кезегінде иммундық жүйе жасушаларымен адам папиллома вирусымен күресуге бағытталған антиденелер өндіріледі. Осыған байланысты вакцина обырды тудыруға қабілетсіз. Керісінше, ағзаны бұл вирусты тануына және онымен күресуіне оң ықпал етеді. Оған қоса вакцина әйелдердің репродуктивтік қызметіне кері әсерін тигізбейді және бедеулікке әкеп соғуы мүмкін емес. Бұл әлемнің дамыған елдерінде көпжылдық клиникалық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген дүние.
– Енді осы егу іс-шаралары ауданымызда қалай жүргізіліп жатыр?
– Қазіргі кезде аудан бойынша 11-13 жас аралығындағы 1950 қыз бала егуге жоспарланған болса, оның 661-і егумен қамтылды. Тарқатып айтқанда, 11 жастағы қыз бала 279, 12 жастағы қыз бала 200, 13 жастағы қыз бала 182.
Халықаралық тәжірибеде 100-ден астам елде адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізілгендіктен, бұл мемлекеттерде жатыр мойны обыры 90 пайызға төмендеген. Яғни, бұл қауіпті дерттің алдын алатын жалғыз спецификалық шара – екпе.
Қыз баласы – болашақ ана. Ол еліміздің өркендеп, өсуіне атсалысатын болашақ ұрпақты өсіруші. Ал ертеңгі ұрпақтың сапалы да саналы болуы әйел адамның денсаулығына тікелей байланысты. Сол себепті қатерлі дерттің алдын алу үшін екпе салдырып, тиісті шараларға белсенді қатысуға шақырамын. Бұл жеткіншек қыздарымыздың денсаулығына үлкен жанашырлық танытқанымыз болады.
– Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға сәттілік болсын!
Сұхбатты жүргізген Сәрсенкүл АҚКІСІ
23 қараша 2024 ж. 289 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 777

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031