» » Адам папиллома вирусының алдын алайық

Адам папиллома вирусының алдын алайық

Әлем бойынша бүгінгі күні аса алаңдатып отырған мәселе – қатерлі ісік ауруларының өте көп тіркелуі. Денсаулық сақтау жүйесінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 25-44 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрлерінің ішінде бұл дерт сүт безі обырынан кейінгі 2-ші орында. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-дан астам жаңа жағдайы анықталады. Жатыр мойны обырының күнделікті 5 жаңа жағдайы тіркеледі. Жыл сайын 600-ге жуық әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Бұл көрсеткішті әр күнге шаққанда, күніне 2 әйел қатерлі дерттен қайтыс болады деген сөз. Қатерлі дертті тудырушы негізгі фактор – адам папиллома вирусы.
Адам папиллома вирусы – адамның терісін және шырышты қабаттарын зақымдайтын вирус түрі. Қазіргі таңда аталған вирустың 200-ден астам түрі белгілі. Оның 14-тен астам түрі жоғарғы онкогенді қауіп тудырады. Әсіресе тәжірибеде жиі кездесетін жатыр мойнының обырына әкеп соқтырады.

Адам папиллома вирусының алғашқы белгілері қандай?
Адам вирусты жұқтырғанда, ол оның ағзасында ешқандай ауру белгілерін тудырмай тарала береді. Науқас өзінің қатерлі дертке шалдыққанын аурудың соңғы кезеңіне дейін білмей жүруі мүмкін. Сол себепті де біз тұрғындарды жыл сайын бір тексерістен өтіп тұруға және екпе алуға шақырамыз. Вирусты жұқтыруға ең басты себеп адам иммунитетінің төмендеуі. Бұл вирус адам ағзасында көбеюге бейім. Кейбір жағдайларда ағзаға түскен вирус 12-24 айдың ішінде өзі жойылып кетуі де мүмкін. Десек те, «Сақтанғанды сақтайды» демекші, екпе салдырып, профилактикалық тексерістен өту – әр адамның өз денсаулығы үшін өте маңызды.

Адам папиллома вирусы адамға қалай жұғады?
Вирус тұрмыстық жанасу жолымен – қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар мен жыныс жолдары арқылы жұғады. Тікелей бала туу кезінде, вирус анадан сәбиге оның босану жолдарымен өту кезінде беріледі. Әсіресе, вирус ылғалды ортада тез таралуға бейім. Сондықтан қоғамдық орындарда сауна, монша, спорт зал, дәретхана, бассеиндерге барғанда өзіңізді ұқыпты ұстағаныңыз абзал.
Қатерлі дерттен сақтанудың, алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация! Елімізде адам папиллома вирусына қарсы екпе қалай жүргізілмек?
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап елімізде 11 жастағы қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады деп жоспарлануда. Бұл жас ДДҰ онкологтардың ұсыныстарына сәйкес таңдалған. Оған себеп, 11-14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді. Бұл жаста жасөспірімде тұрақты иммунитет қалыптасады. Күні бүгінге дейін аталған вирусқа қарсы екпе өзге елдердің тәжірибесінде қолданылғанымен, елімізде етек алмаған еді. Биылдан бастап бұл шара ұлттық күнтізбемізге енгізілді. Себебі, бұл екпе – онкологиямен күресудің жалғыз әдісі.

Адам папиллома вирусына қарсы егу – білім беру ұйымдарының егу кабинеттері арқылы тегін жүргізіледі. Аталған екпе ата-ананың рұқсат қағазына қол қойылғаннан кейін ғана салынады. Сонымен қатар, оқу мекемелерінен бөлек, екпе жасауға тіркелімі бар емханаларға да жүгінуге болады.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның құрамында тірі вирустар жоқ, оның құрамында ағзаға түскенде иммунитетті белсенді ететін жекелеген вирус ақуыздары бар. Өз кезегінде иммундық жүйе жасушаларымен адам папиллома вирусымен күресуге бағытталған антиденелер өндіріледі. Осыған байланысты вакцина обырды тудыруға қабілетсіз. Керісінше, ағзаны бұл вирусты тануына және онымен күресуіне оң ықпал етеді. Оған қоса, адам папиллома вирусына қарсы вакцина әйелдердің репродуктивтік қызметіне кері әсерін бермейді және бедеулікке әкеп соғуы мүмкін емес. Бұл әлемнің дамыған елдерінде көп жылдық клиникалық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген.
Халықаралық тәжірибеде жүзден астам елде адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізілгендіктен, бұл мемлекеттерде жатыр мойны обыры 90% төмендеген. Бұл қауіпті дерттің алдын алатын жалғыз спецификалық шара – екпе. Қыз баласы – болашақ ана. Ол еліміздің өркендеп өсуіне атсалысатын болашақ ұрпақты өсіруші. Ал ертеңгі ұрпақтың сапалы да саналы болуы әйел адамының денсаулығына тікелей байланысты. Сол себепті қатерлі дерттің алдын алу үшін екпе салдырып, тиісті шараларға белсенді қатысуға шақырамын. Бұл жеткіншек қыздарымыздың денсаулығына үлкен жанашырлық танытқанымыз болады.

Г.ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
07 қыркүйек 2024 ж. 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031