Киберспорт ермек пе?
Бала күнімізде «Тетрис» ойнайтынымыз есіңізде ме? Сол бір құрылғы құдды ғажайыптай еді. Одан соң «Денди», «Сега» дегендер шықты. Көрші балалармен жиналып алып «Мортал Комбаттың» қыр-сырын талқылайтынбыз. Айтпақшы, бергі жылдары «Сounter Strike 1.6», «Дота» деген ойындар хит болды. Хит болғанда да әр аймақтан жиналған жасөспірімдер серверге кіріп, түрлі сайыс ұйымдастыратын. Қазір бәрі қалды ғой дейміз. Бірақ, олай емес.
Сол кездегі жастардың ермегі болған бұл ойын түрі бүгінде үлкен сұранысқа ие. Қалай деймісіз? Киберспорт деген шықты. Атауы қатігездікті сезіндіргенімен мәнісі тым бөлек. Ал мұның – елдегі спорт қатарына енген жайы бар. Жалпы, киберспорт дегеніміз не? Ол қандай ойын?
Бұл – компьютер ойындары арқылы өткізілетін топтық жарыс түрі. Оның тарихы сонау 1997 жылы CPL-ның (The Cyberathlete Professional League) құрылуынан және Quake атты компьютер ойынынан турнир өткізуінен бастау алды. Жастар арасында кеңінен танылған «Dota 2», «Counter Strike GO», «Star Craft», «FIFA», «Mortal Kombat X», «Warface» секілді ойындар бүгінде киберспортта ойнатылады. Түсінікті болуы үшін, қазір не көп? Әр бұрышта орналасқан PS4 орталығы, новигаторлар көп. Мұндай жерде жастар бас қосып, уақытын ойын ойнаумен өткізеді. Ал киберспортта дәл осы ойын түрлерін шынайы спорт түріне айналдырады. Командалық жарыс ұйымдастырып, жеңгені мол қаражатқа ие болады. Ол осынысымен дүниежүзінде қарқынды дамып келе жатқан спорт түріне жатады. Тіпті Ресей, Корея, Қытай секілді мемлекеттерде киберспортсмендерді оқытып шығаратын кафедралар ашылған. Мұнда студенттерді қабылдап, тәжірибеден өткізіп, ойынға машықтандырады. Ал бізде ше? Қазақстан да озық технологиядан қалыс қалмауда. Киберспорт жанашырларының құрған «Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан қолдау мен ықыласқа бөленген болатын. Қазақстанда бұл спорт түрі ресмиленіп, талай жас компьютер додасында топ жарып жүр. Мәселен, тарихта алғаш рет қазақ командасы жаһандық киберспорт ойындарында жеңіске жетті. Қазақ еліне жеңіс әкелген ақырғы жекпе-жектің трансляциясын ғаламтор бойынша бүкіл әлемнің әр атырабынан бір мезгілде 1 миллион 864 мың 604 көрермен тамашалаған.
Тағы айта кетерлігі, қазақстандық Counter Strike ойыншылары тұңғыш рет әлемдегі беделді әрі «ежелгі» турнир «PGL Major Krakow» чемпионатының жеңімпаздары атанған болатын. Әрине, бұл өз кезегінде қуанарлық дүние. Сондай-ақ, Отандық Gambit Esports командасы финалда бразилиялық жаһанға танымал Immortals («өлмейтіндер») ұжымын 2:1 есебімен ұтып, 500 мың доллар көлеміндегі бас жүлдені қанжығалады. Сондай-ақ, Халықаралық олимпиада комитеті киберспортты олимпиадалық спорт түрі ретінде тану мәселесін қарауға алған. Сарапшылардың мәліметі бойынша, 2017 жылы киберспорт нарығының айналымы 655 миллион доллар болған, ал 2021 жылы оның айналымы 1,6 миллиард доллардан асады деген болжам бар.
Айтып айтпай не керек, таяқтың екі ұшы бар екенін ескергеніміз жөн. Анау бір жылдары компьютерден бас алмай, тұрмастан отырған бала ажалдың тырнағына ілігіп еді. Одан соң әке-шешесіне құлақ аспай, тіпті оларға өршеленгенін көріп, естігенде жағамызды ұстап едік. «Бұл оқиғалар шетелде болды» деп арқаны кеңге жаюға да болмайды. Бір орында отырғанымен, саусақ арқылы жаттығу жасай алатын бұл спорт түрі көбінің қызығушылығына айналып үлгерді. Ендігісі қалауын тауып, киберспортты кәсіпке, бизнес көзіне айналдыруға болады. Тек айналамызға, өзімізге зиянымызды тигізіп алмасақ болғаны да.
Айнұр ӘЛИ