Тағылымы мол білім ордасы
Дүниеде қанша мамандық болса, соның ішіндегі төресі де киесі – ұстаздық . Ұстаз десе әр адам ерекше күйге енеді. Себебі, ұстаз ұғымы – балалықтан бозбала шаққа дейін жаныңнан бір елі қалмаған, жатсаң да, тұрсаң да бейнесі жанарыңнан кетпейтін, көзіңді жұмып тұрып оны дауысынан танитын киелі күштің иесі. «Ұстаздан білім алған, ұстаздың жолын қуған» сөздері қазағымызда «ана көрген, әке көрген, қариялар баққан» дегенмен пара-пар. Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мектептің жүрегіне айналған ізденімпаз ұстаздардың бір бөлігі Ақай ауылындағы №279 мектепте. Мұнда 85 мұғалім бар. Қарашаңыраққа – Әсемкүл Есіркепова басшылық етеді. Еңбектен туындаған жұмыс та берекелі екенін білетін ұстаздар қауымы ұдайы білімін жетілдіріп, аудандық, облыстық, тіпті Республика асып байқауларға қатысып жүр.
Әр байқаудан құр алақан қайтпайтын мектеп ұжымының шығармашылық, танымдық, білім беру бағытында жетістіктері көп. Оқушылар мен ұстаздар қауымы оқу жылына ене салысымен кең көлемде ұйымдастырылатын пәндік олимпиада, жобалау-зерттеу жұмыстары, шығармашылық сала сындағы көрмелер, онлайн-конференция, дәстүрлі Республикалық «Зерде» конкурсына қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүр.
Инновация мен технология заманында алпауыт елдермен тең тұру үшін ұрпақты сауаттандыру әр ұстаздың мақсаты. Мақсаты айқынның – жұмысы жарқын. Көзге отша басылатын жұмыстардың мазмұны мол. Мектеп ұйымындағы бір жылдық жетістіктің өзі талайдың таңдайын қақтырады. Әсіресе, өзге аймақтағы әріптестерінің назарын аудартып VІ Республикалық «Үздік инноватор педагог» байқауына қатысқан бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Дәуіржанова «Ең үздік инноватор педагог» төсбелгісін кеудесіне тақты. Ал сол жылы республикалық «Үздік педагог-психолог – 2019» байқауында 65 қатысушы арасынан оза шапқан педагог-психолог Эльмира Медеуованың жетістігі мақтарлық.
Осындай жетістіктің шыңында тұрып, биікке қанаттанған мұғалімдер ҰБТ-ға тас түйін болып, сынақтан сүрінбей өту үшін дайындығын үзген емес.
– 11 сынып оқушылары мен пән мұғалімдері үшін ҰБТ-ның орны бөлек. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі де сынақта көрінеді. Ұдайы ізденіс пен еңбектің арқасында шәкірттеріміз сенімді ақтады. Балалардың қабілетіне қарай бағыт беру мен әрі қарай мұғалім мен оқушы арасындағы тынымсыз тірлік, төгілген тер де үмітті ақтамасқа қоймады. Мектепті 33 оқушы бітірді. ҰБТ-ға 29 оқушы қатысты. Оның 28-і грант иегері. Жалпы ҰБТ қорытындысы 83,5 процентті құрады, – дейді директордың бағдарлы оқу жөніндегі орынбасары Гүлмира Қожабаева.
Жаңа оқу жылы да мазмұнды жоспармен басталып, берекелі нәтижеге жету үшін бір мүддені көздеп отырған сыңайлы. Олай ойлаудың себебі – ұстаздардың «түзу жүрсең, қисық болмайсың, бүгінгі жүгіріс – ертеңгі жеміс» деп бір-біріне қолдау білдіріп отыратын ұранға айналған ақылдары.
– Мектебімнің ұстаздары өте білімді, өздерінің ізденімпаздықтарына сай оқушыларды да солай тәрбиелейді. Мұғалімдер байқауларға қатыспай қалған емес. 5 жылдық тарихы бар мектептің шыққан шыңы, әрине, мені қатты қуантады. Алда әлі талай жоспар бар. Ойға алған жұмыстарды өзімнің айналаммен ақылдаса отырып, нәтиже шығаруға әрекет жасаймыз. Ұжымда арқа сүйейтін өнегелі ұстаздардың да бары көңіл қуантады. Аға буын ұстаздарымыз Ғазиза Құлмырзаева, Зинеш Нұрмаханова апайлардың да өздерінен кейінгі толқынға айтары көп. Олар жастарға жол сілтеп, әрдайым қолдау білдіреді. Мектебімізден зейнетке шыққан Рахима Жандыбаева және Алтынай Жұбаева сынды ардагер апайлардың басқан ізімен келе жатырмыз, – дейді мектеп директоры Әсемкүл Кәжденбекқызы.
Қара шаңырақтың тыныс-тір ші лігіне, жұмысына ата-аналар қауы мы да, ауыл ақсақалдары да разы. Бұл Ақай ауылы мәуелі жұмыстарымен әрдайым биіктен көрініп жүр дегенді ұғындырады. Мемлекет басшысы сенім артқан ұстаздар қауымының мәртебесі қашанда биік. Себебі, ұстаздық жол – ұлы жол.
Гүлжан САРТАЙҚЫЗЫ,
Ақай ауылы
Ақай ауылы