Көңілі тазаның көшесі таза

Қанға сіңген қазақы қасиетімізбен сырттан келген қонақты үйімізге бастаймыз. Ал үйге апарар жол – ол біздің көшелер. «Сырт көз сыншы» дегендей, біз мән бермеген ұсақ-түйекке олардың көзі түсуі заңдылық. Үйден бұрын көше көркін тамашалайтын қонақтан ұялмас үшін әрбір көше мұнтаздай таза болуы керек. Біз бұл арқылы оған қала, ауыл, көше тазалығын емес, өз тазалығымызды көрсетеміз.
Көшенің көрікті болуы тұрғындарға тікелей байланысты. Себебі әрбір үй олардың жеке меншігі. Өз ауласына құрметпен қарап, таза ұстайтын жанның көше келбетіне де бей-жай қарамайтыны анық. Бірлігі мен берекесі жарасқан көше тұрғындарын өзгеге үлгі ету мақсатында газет бетіне жариялап отырамыз. Өз көшесіне құрметпен қарайтындардың бір легі кент орталығындағы Қармақшы көшесінде тұрақтаған.

– Қазір дамыған заман ғой. Әрбір адамда ұялы телефон бар. «WhatsApp» желісінен көше тұрғындарына арнап чат ашып қойғанмын. Бұрынғыдай емен-жарқын көрші-көлемді араламасақ та, осы топта амандық сұрасып тұрамыз. Үлкендер көтерген бастаманы ортаға салғанымда, тұрғындар бірауыздан қолдап, уақытын белгіледік. Көшемізді көріктендіруге барша тұрғын атсалысты. Қарап тұрсақ, аса ауыр жұмыс емес. Түптеп келгенде, бәрі өзіміз үшін ғой. Жұмысқа барар, келер жолда таза көшемен жүрсек жақсы емес пе? Мұндай жұмысты жастарға үлгі етіп, тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін сенбілікті жиі ұйымдастырып, әдетке айналдырған жөн деп санаймын. Қазір көшемізге сән кіріп, қараған сайын көңіліміз толуда, – дейді көше тұрғыны Ғабит Ыбыраев.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА