Карантиндегі мектеп немесе тәртіп төңірегіндегі сабақ (ФОТО)
Күз айы. Таңғы сегіз. Мектеп ауласы. Әдетте мұндай уақытта сабаққа ерте келген оқушылар аулада асыр салып ойнап жүретін. Бұл жолы тыныштық. Анадайда баласын жетектеген ана. Талапқа сай тұмшаланған перзентін мектеп ішіне кіргізді де, өзі кері қайтты. Бұл мектепке кіре-берістегі көрген бір ғана көрініс. Пандемия әсерінен оқушылар өзгеше талаппен оқуға мәжбүр. Олардың мектептегі өмірін көзбен көрмекке арнайы келген едік.
Бұл ұзақ жылдық тарихы бар, кентіміздегі іргелі білім ордасының бірі – №121 орта мектеп. Талай жанға құтты мекен болып, тау тұлғалар түлеп ұшқан білім ордасына білікті басшы Болат Жұмабаев басшылық етеді. Мектеп ауласына енген сәттен бастап-ақ темірдей тәртіптің сақталғанын аңғардық. Сызылған жолақ бойымен біз де ішке кірдік. Залалсыздандыратын кабинадан өтіп, қолымызды антисептикпен тазаладық. Медбике дене қызуымызды өлшеп, аты-жөнімізді дәптерге түртіп алды. Бұрын емен-жарқын кіріп кете беретін мектептің қазіргі жағдайы осындай. Мұндай тәртіпке үйреніп те қалдық. Біз түгіл кішкене бөбектер де сөмкелерін асына, бетпердесін тағынып залалсыздандырғыш тумбаның астына тұра қалады. Елді жайлаған індеттің алдын алудың жалғыз жолы сақтану екенін олар да жақсы түсінгендей.
Мектеп ішінде директордың тәрбие ісі мен бастауыш сынып жөніндегі орынбасарлары, кезекші мұғалім оқушылардың өз сыныбына дейін жетуін қадағалауда. Карантин талабын түсінген бүлдіршіндер ақырын басып,
жүруге рұқсат етілген сызық бойымен сыныбына беттеуде. Еліміздің барлық мектебінде тек бастауыш сыныптардың оқып жатқаны белгілі. Мұнда да солай. Ата-аналарының өтінішімен 1-4 сынып аралығындағы 260 оқушы білім алуда. Әр сыныптың сабақ кестесі әртүрлі. Балалар топталып қалмас үшін арнайы ұйымдастырылған. Осы орайда әрбір оқушыны жылы шыраймен қарсы алып тұрған Сымбат Ерманованы сөзге тарттық.
– Биылғы оқу жылы өзгеше. Алдыңғы оқу жылының соңғы тоқсаны індеттің кең таралуының салдарынан онлайн түрде оқытылған еді. Қазіргі жағдай тұрақты. Індеттің беті де қайтып келеді. Оқушылармен қайта қауышқанымызға қуаныштымыз. Санитарлық нормаларды қатаң сақтап, қойылған талапты орындаймыз. Себебі біз үшін ең бастысы – баланың саулығы. Сабақ кестесі, мектепке келу ережесі, карантин жағдайындағы білім беру қамқоршылық кеңестің ақылдасуымен шешіледі, – дейді директордың бастауыш сыныптар жөніндегі оқу ісі орынбасары.
«Әсіресе, 1 сынып оқушылары мектептің не екенін біліп, алғашқы ұстазбен танысуы шарт» деп сөзін жалғады ол.
– Балалардың санитарлық нормаларды орындауына ата-аналар да көмектесуде. Өздері жауапкершілікпен әкеліп, алып кетеді. Артық бетпердесінің болуын бақылайды. Ата- ана, мектеп әкімшілігі болып екі жақты тығыз байланыста жұмысты жалғастырып жатырмыз. Себебі екі тарап та оқушының уақытына сай қажетті білімді толық алуын көздейді. Балалар тәртіпке сай қолын жууды, белгіленген сызықпен жүруді үйренген. Жүруге арналған жолақпен кіріп шығады. Бастауыш сыныптар сауат ашу, математика, қазақ тілі, жаратылыстану, дүниетану секілді негізгі пәндерді ғана мектепте оқиды. Ал қалған қосымша пәндер BilimLand, Kundelik.kz, Daryn онлайн платформалары арқылы оқытылады, – дейді С.Нұрғалиқызы.
Бастауыш сынып оқушылары 24 топқа бөлінген. Сабақ кестесі әртүрлі болғандықтан қоңырау да соғылмайды. Үзіліс уақытында сыртқа шыққан оқушы тек кезекшімен бірге дәретханаға бара алады. Мектеп ішіне және ауласына кезекші бекітілген.
Білім ордасында арнайы ақпарат тақтасы дайындалған. Онда оқушылардың сабақ кестесі, коронавирус туралы ақпарат, мектеп ережесі мен жадынама ілінген. Антисептиктің жанында да пайдалану нұсқаулығы көрсетілген. Сызықтың бойымен жанамалай жүрген оқушымен ілесе біз де сыныпқа ендік. Сынып іші де толықтай талапқа сай жабдықталған. Жүруге арналған арнайы сызықтар бар. Оқушы да, ұстаз да бетперде тағынған. Әр партада бір ғана оқушы. Парта үстінде жадынама. Сынып бұрышы тақтайшасында да қажетті ақпараттар топтасқан.
Әрбір оқу кабинетінде кварц лампалары орнатылған. Терезенің барлығы ашылады. Екі сабақтан кейін ылғалды тазарту жұмыстары жүргізіліп, сынып желдетіледі. Әр сабақтан соң кварц қосылып, уақыты кітапшаға тіркеліп отырады. Оны қосудың өзіндік тәртібі, ережесі бар. Ол мектеп медбикесіне жүктелген. Ескерте кеткен жөн, пандемия барлық медицина саласының жұмысын екі есеге арттырды. Оның ішінде мектеп медбикелері де бар. Біз мектепке енгелі медбике Ләззат Ермаханованың демалып отырғанын байқамадық.
– Бұрын балаларды қабылдап алған соң, өз кабинетімізде отыратын едік. Қазір жағдай өзгерді. Оқушылардың сабаққа келу уақыты әртүрлі болғандықтан үнемі осы жерден табылуға тиіспіз. Олардың дене қызуын өлшеп, дәптерге тіркеп отыру тікелей менің жұмысым. Дене қызуы жоғары балаларды мектепке кіргізбей, ата-анасына беріп жібереміз. Алайда әлі мұндай оқиға орын алмады. Лайым болмай-ақ қойсын. Қазіргі жағдай тұрақты. Оқушылар мектепке ерекше көңіл-күймен келуде. Жұмысымыз көбейді демейміз. Себебі, баланың мектепке келіп білім алғаны жақсы ғой, – дейді мектеп медбикесі.
Иә, білімді – құтты мекеннен, ұстаз алдынан үйренгенге не жетсін?! Аты жаман індеттің таралуын болдырмай, халық саулығы үшін жасалған карантиннің талабы – осы. Осылай ғана дертті ауыздықтай аламыз. Десе де оқушылар қайта ұстаз алдына келгеніне қуанышты.
– Мен төртінші сыныпта оқимын. Сыныбымда 22 оқушы бар. Қазір екі топқа бөлініп оқып жүрміз. Барлық талапты сақтап, мұғалімнің айтқанын орындаймыз. Біз өзіміздің ұстаздарымызды сағындық. Үнемі бетпердемен отырсақ та, мектепке келіп білім алып жүргеніміз жақсы. Апайларыма бәрі үшін алғыс айтқым келеді, – дейді Аяулым Талғатова.
Мектептегі бірнеше сағатта білімге құштар ынталы оқушыны, қандай жағдай болса да оқытуға даяр, мамандығын сүйетін ұстазды көрдік. Елді алаңдатқан індет жойылып, құтты білім ордасы баяғыдай құшағын кеңірек ашатын күннің келеріне сенім мол. Сыңғырлаған күміс қоңырау үні де бір күндері қайта естілер.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (суреттер)