» » Көрсет күшті, Қазақстан барысы!

Көрсет күшті, Қазақстан барысы!


Жерлесіміз, ел жеңімпазы еламан ерғалиев жайлы ой-толғаныс

Иә, бұл шындық. «Әр елдің бар жақсысы» деп Тұрмағамбет шайыр жырлағандай, қасиетті Қармақшы топырағынан сонау жаугершілік қиын замандарда қоңыраулы көк найзаның ұшымен, қара білектің күшімен елді, жерді сырт жаулардың қанды құрсауынан ерлікпен қорғап қалған небір баһадүр, батырлардың шыққаны, сондай қиын кезеңде сол елге от ауыз, орақ тілімен қорған бола білген небір би-шешендердің және де толағай домбырасымен елдік пен ерліктің рухын аспандатқан небір ақын-жыраулардың күндей күркіреп өткені тарихтың өзіндей, уақыттың сөзіндей болып жатталып, ел жүрегінде мәңгі сақталып қалғандығы айдай ақиқат. Бұл және де Сыр елінің болмыс-бітімін, қадір-қасиетін дәл айқындайтын факторлар болып табылады.
Қазақ халқында «Елді ер қорғайды, Ерді ел қолдайды» деген де түйіп айтқан нақыл сөз бар. «Батырлар мен билердің алтын бесігі», «Жүз шайырдың отаны» деген қанатты сөздермен қанаттанып, жүрегі абаттанып өскен қасиетті Қармақшы топырағынан нәр алып, сұлу Сырдың бойында таралып өскен жас буындардың да арасында осы өлкенің даңғайыр даңқы мен сарабдал салтын әлем жұртына мәшһүр етіп жүрген өрен жүйріктеріміз бен ерен ұл-қыздарымыз бар екендігін, олардың қатары күн санап, жыл аралап көбейіп, қара үздіріп бара жатқандығы көңілді қуантып, жан жүректі тым жадыратып тастайды.
Соның бір айғағы, осыдан тура үш жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанның алтын төрі – Астана қаласында қазақ күресінен өткен Халықаралық турнирде жерлесіміз, қармақшылық жас балуан Еламан Ерғалиев «Қаратамыр» деген лақап атпен боз кілемге шығып, өзімен белдескен қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, «Қазақстан Барысы – 2017» турнирінің жеңімпазы атанды. Осылайша, ол еліміздің және алысжақын шетел жанкүйерлерін таңдай қақтырған еді. Сол бір қуанышты сәттер күні кешегідей көз алдымызда тұр. Сонда Еламан бауырымыз боз кілемге бұрынғы өткен ата-бабаларының әруақтарына, әсіресе, өз тегі – Қаратамыр бабасына сыйынып шыққанын, соның өзі бойына үлкен күш-қуат бергендігін журналистерге ақтарыла айтқанын бүгінде өзі де елжірей еске алатын шығар.
Қазіргі кезең бізге жан-жақты өсіптолу, рухани жағынан мейлінше кемелдену және діттеген міндет, мақсатқа жету үшін білімді де парасатты азамат, неғұрлым елге пайда келтіретін білікті мамандар шоғырын көбейтуді діттеп те міндеттеп отырғаны белгілі. Спорт, дене шынықтыру саласын дамытуда Еламан сияқты саңлақтарға да артылып отырған жүк өте салмақты.
Еламанның балалық және жастық шағы туған жердің төсінде өтті. Қармақшының ыстық топырағы, сұлу Сырдың сабатты жағасы есті баланы ерте есейтті. Өздеріндей ойын балаларымен дариядан балық аулап, енді бірде көз ұшындағы «Көкиықтың» белінде яғни, «Қарадүзгенқабақтың» төменгі жазықтарында қызғалдақ гүлін теріп өскен балалық шағын кейде сағынып еске алатыны да бар. Сөйткен Нұрым баласы Еламан жас кезінен күрес өнеріне машықтанып, өзі қатарлы балалармен ақшағылды құмның етегінде күш сынасып, талай күрескенін кейде елжірей еске алады. Әдетте, ол кездің балалары қазақша күрестің айла-тәсілдерін тез меңгеріп алуға ерекше құлшынып тұрушы еді-ау. Балалардың осындай өнерлерін қызықтаған үлкендер жағы да мұндайда арқалары қозып «Іштен шал!», «Жамбасқа ал!» деп айқай салушы еді ғой, шіркін! Асылы, қазақтың баласының бәрі де осындай кейіпті бастан кешірген ғой. Өйткені, елде күреспейтін бала болмайтын.
Еламан Ерғалиев 2005 жылы, яғни 10 жасқа толған шағында Жосалы кентіндегі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо секциясына қабылданады. Әрине, бұл мектепке күреске жаны құмар, белдесуден хабары бар шымыр балалар ғана тәлім алатын. Еламан мұнда келгеннен кейін жаттықтырушы ағайларының көңілдерінен тез шыға білді. Оның күрес өнеріне деген ынтасы мен бейімділігі, бәрінен де бұрын жүректілігі жаттықтырушыларын ерекше сүйсіндіретін. Сондықтан, олар болатын баланың бағын байламай, талантын неғұрлым ашуға қолдан келген көмектерін аямады. Жігерлі баланы күрес өнеріне барынша баули түседі.
Еламан Нұрымұлы спорт мектебінде оқып жүріп, аудандық, облыстық жарыстарда талай рет жоғары жетістікке қол жеткізеді. 2009-2013 жылдары ол Алматы қаласындағы К.Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған мектепинтернатта білім алады. Мектеп-интернат қабырғасында Еламан дзюдодан жасөспірімдер арасындағы біріншіліктері мен Халықаралық жарыстарға қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанды.
2013 жылы мектеп-интернатты бітірісімен Республикалық спорт колледжіне оқуға түсіп, жастар арасындағы Еуропаның ашық кубогында ІІІ орын (Германия), Халықаралық турнирде ІІ орын (Қарағанды қаласы), ҚР жастар спорт ойындарында ІІ орын (Тараз қаласы) және жылда 16-18 желтоқсан аралығында жастар арасында өтетін Азия чемпионатында ІІ орынды (Қытай) жеңіп алған болатын. Ал Нұрсұлтан қаласында қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы – 2017» турнирінің жеңімпаз атануы оның атақ-даңқын мүлдем аспандатып жіберді.
Спорт әлемінде, оның ішінде қазақша және дзюдо күрестерінен аты әлемнің көп жеріне «Қаратамыр» атағымен әйгілі болған қазақ балуаны, қасиетті Қармақшының перзенті Еламан Ерғалиев туралы кезінде аз жазылған жоқ. Әрине, ол туралы дзюдо күресінің жаттықтырушысы, ҚР спорт шебері Дархан Алмахановтың өзгелерден гөрі айтар ойы, ізгі тілегі көп болғаны рас. Белгілі жаттықтырушы, спорт бапкерінің лебізінен Еламанның үлкен спорттағы көтерілетін жеңіс тұғыры әлі алда деген сенімділіктің ұшқынын байқауға болады. Ал жерлестері қармақшылық Қазақстан барысының әлі талай белесті бағындыратынына сенеді. Осындай ұлдарын дүниеге әкелген қасиетті Қармақшының топырағына не жетсін!
                   Спорт деген үлкен дода – нар ісі,
                   Бүгін міне, көкке жеткен дабысы.
                   Қасиетті Қармақшы елі өсірген,
                   Көрсет күшті, Қазақстан барысы!
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі,
ҚР Ақпарат саласының үздігі
08 қыркүйек 2020 ж. 634 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 359

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 440

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930