Күре жолдың жауынгерлері
Тоғыз жолдың торабы болған Самара-Шымкент тас жолы түрлі жазмыш оқиғаларға толы. Тақтайдай тегіс жолда жылдамдығын шамадан тыс асырғандар мен жол ережесін бұзғанның орны толмас апатты жағдайға ұшырап жатқанына талай куә болып жүрміз. «Жазым қайда демеңіз, аяқ астында» демекші, қандайда бір үлкен жағдай орын алып, осындайда ең бірінші адам өміріне араша түсіп, жедел жететіндердің бірі – апаттар медицинасы қызметкерлері. Айтып келмейтін апатты жағдайға қашан да дайын болуымыз керек. Бүгінгі мақаламызды арнайы осы саланың мамандарына арнағанды жөн көрдік.
Ауданнан шығып күре жолдың бойымен шығысқа қарай бет алсаңыз, Иіркөл ауылына жақын тұста «медициналық пункт» тақтайша белгісі осы маңда бекеттің орналасқанын көрсетіп тұр. Облыс бойынша Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай дәлізі бойына 4 құтқару пункті түссе, соның бірі – Жосалы күре жолдық медициналық құтқару бекеті ауылдың кіреберісіне орналасқан. Мұндағы екі ауысымдық жұмыс он бес күннен тұрады. Әр ауысымда бес адам жұмыс істейді. Олар аға дәрігер, фельдшер, фельдшер-диспетчер, құтқарушы және жүргізуші құтқарушыдан тұратын құрамнан құрылған. Біз барғанда мұнда оқу-жаттығу жұмысына дайындық жүріп жатыр екен. Алаңда көк түсті форма киген құтқарушы жігіттердің жылдамдық шеберлігінде мін жоқ. Қимыл шапшаңдығына қарап-ақ нағыз өз ісінің мамандары екені көрініп тұр. Жайдары көңілмен алдымыздан қарсы алған жедел топтың жетекшісі аз-маз әңгімеден кейін өз жұмыстарымен таныстыра кетті.
– Азанғы сағат 8-де тұрғаннан ертеңгілік жаттығудан бастаймыз. Сосын күнделікті әр сағатқа бөлінген іс-шаралар бойынша жұмыстарға кірісеміз. Жоғары жаққа мәлімет беріп, нұсқаулық өткіземіз. Кез келген тосын жағдайға дайын болу үшін медициналық құралжабдықтармен дәрі-дәрмектің қоры, апатты орынға жеткізуші реанимобиль автокөлігінің жүріс-тұрысы пысықталады, – дейді аға дәрігер Қайрат Бекішев.
Шағын аумақта орналасқан бекет құдды әскери аймақ секілді. Тікұшақ қонатын алаңына дейін бар. Айналасы тап-таза, көзге түрпідей тиер бір зат жоқ. Ұядай ғана ғимараттың ішінде барлық жағдай жасалған. Көлікке қыста жылы тұрақ, құтқарушыларға жайлы орын, тіпті жан-жақпен тікелей хабар алысатын байланыс бөлмесіне дейін бар.Күре жолдағы құтқару пункті құтқарушылары өзі орналасқан нүктеден елу шақырым қашықтықтағы оқиғаларға барады. Нақтырақ айтсақ шығыс беттегі Таң кеңшарынан, батыстағы Диірментөбеге дейінгі аралықты қамтиды. Егер аса жоғары құтқару көмегі қажет жол апаты болып жатса, әрі қарай жиырма шақырымға дейін барамыз дейді бүгінгі күннің батырлары. Шақырту түскеннен мұндағы жедел топтың әр уақыты есептеулі. Мәселен, дабыл келіп түсісімен дәрігерлер өздері тұрған орыннан үш минуттың ішінде арнайы көлікпен жолға шығып кетуге міндетті. Талап бойынша құтқарушылар оқиға орнына ең кем дегенде жиырма екі минутта жетуі керек. Бұл уақыт «Алтын сағат» деп аталады. Ал кедергілерге байланысты арада алпыс минут өтіп кетсе, онда көмек «орташа» деңгейде болады деп бағаланады. Мұндайда көлік басқарушының шеберлік рөлі бірінші орынға қойылады.– Жалпы дабылды шақырту түскен кезінде жүргізушіге жүктелер міндет көп. Ең бірінші көлікті оталдырып дайын тұруың керек. Оқиға орнына тез жету үшін мұндайда жүргізушінің қырағылығы қатты қажет. Себебі өлім аузында жатқандарға медициналық көмекті жеткізу маған жүктелген. Сол үшін тезірек жетуге асығамын. Жол апаты болған жерге көлікті ыңғайлап қойып, қосымша құтқару қызметіме кірісемін. Көлікте қысылып қалған адам болса, соны аман алып шығуға жігіттерге жәрдемдесемін. Мұнда үлкен магистральді күре жол болғаннан кейін үлкенді-кішілі оқиғалар болып тұрады. Қан қысымы көтеріліп, жол көтере алмай ауырып келе жатқан жолаушылар болса, бізге тоқтайды. Кейде ауруханада босануға үлгермейтін шұғыл жағдайлар болған кезде алдынан шығып, медициналық жәрдем көрсетеміз, – дейді жүргізуші-құтқарушы Болатбек Табынбаев.Кешегі карантин уақытында да жедел топ адам өміріне араша түскен. ІІІ Интернационал ауылының тұсында көлігін жөндеуге кіріскен жүргізуші сол орнында жүрегі ұстап, талып қалады. Дабыл бойынша оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар әлгі науқасты аман алып қалып, аудандық ауруханаға жеткізген. «Сәл кешіккенде айырылып қалар едік» дейді олар.
Құтқарушы құрам білімді де білікті дәрігерлерден құралған. Жалпақ тілмен әспеттесек бесаспап мамандар. Қимылдары ширақ, физикалық тұрғыда шыңдалған жігіттер. Өз біліктерін арттыру мақсатында республикалық оқу-жаттығуларға қатысып тұрады.
Бүгінгінің батырларын қай жағынан мақтасақ та марапатқа әбден лайық. Себебі олар күре жолдың бойында адам өміріне араша болар бірден-бір себепкер жандар.
Ерсін СӘДУҰЛЫ