«Бір сәтке де қараусыз қалмадық»
Биыл әлем үшін өзгеше жыл. Пандемия деп жарияланған індет көпті құрсауына түсіруде. Әлем болып әлі де күресудеміз. Біздің елді де айналып өтпеген ауру біраз жақсы-жайсаңдардан айырды. Ал ауруынан айыққан жандар дәрігердің тынымсыз еңбегінің арқасында қатарға қосылды. Олардың ризашылығы мен алғысын тебіренбей оқу мүмкін емес. Қазіргі таңда дертпен дамылсыз күрескен жандарға «алғыс айтқым келеді» деп редакцияға бас сұғушылар қатары да көбейген. Біз мұнан жасалған еңбектің нәтижесіз емесін, адам бойындағы асыл қасиеттің биіктігін көреміз. Себебі алғыс айтудың өзі адам бойындағы парасаттылықтың жоғары екенін аңғартады. Ақ халаттыларға шынайы разылығын жеткізгісі келген жанның бірі – оқушыны ұзақ жылдар бойы білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтырған ардагер-ұстаз Қалдыгүл Жүнісова.
– Аты жаман індет елге келгелі бері алаң қылып, сақтық шарасын қатаң сақтадық. «Егде кісілерге қауіптірек» дегенді естігеннен кейін сыртқа мүлде шығуды да қойдық. Алайда маусым айының соңында бастың үздіксіз ауыруы, дәм, иіс сезбеумен қатар, бойымызды әлсіздік биледі. Келінім медицина саласының маманы болғандықтан 10 күндей үй жағдайында ем алдық. Бірақ, әдетте көмектесетін емнің пайдасы болмады. Одан кейін үйге аймақтық дәрігеріміз Ақтоты Ибадуллаеваны шақырдық. Ол рентгенге түсіп көруге ұсыныс айтты. Нәтижесінде менде бір жақты, ал келінімде екі жақты пневмония болып, ауруханаға түстік. 1-10 шілде аралығында аудандық провизорлық орталықта ем алдық. Бізге қажетімізді әкеліп, ас-су тасып жүрген ұлым Марат та төрт күннен кейін ыстығы көтеріліп, екі жақты пневмония анықталып, жеделжәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Осылайша бір үйден үш адам қатар емделдік, – дейді кейіпкеріміз.
Аурухана ішіндегі көрініс туралы әңгімелеп бергенде, сол жердегі дәрігерлердің еңбегіне сүйсінбеске болмайды. Мұндай сын уақыт ақ халаттылар үшін де оңай болған жоқ. Ауа өткізбейтін қорғаныш костюмімен әрлі-бері жүгіріп ем-дом жасау да жеңіл емес.
– Шырылдап жылаған бала, ыңырсыған адам. Көңілсіз көріністер. Ал бірер минутқа техникалық ақау орын алғанда өмір мен өлім арасын жалғап тұрған аппаратта жатқандар үшін қиындық тудырды. Сол екі минут екі жылға татыған болар. «Қызда-а-р» деген дауысы әзер шыққан жандарды көргенде жанымызды шүберекке түйдік. Көз алдыңда бұл өмірмен мәңгілікке қоштасып, шыбын жаны үзілгенде, үйіңе аман-есен оралғың келеді. Әсіресе, келінімнің сұлқ түсіп, көзін ашпай жатқаны мен үшін өте қиын болды. Алайда білікті мамандар біздің дертті жеңуіміз үшін қолдан келгенін аянып қалмады. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті болды. Бізден ештеңе сұратпады. Демалып немесе ұйықтап отырған ақ халаттыны көрмедік. Қашан көрсең, ем-дом жасап, хал сұрап зыр жүгіріп жүргені. Бас дәрігер Бақытжан Сағилатұлы өзі таңертең және кешкі уақытта міндетті тексеруден өткізіп, аурухана ішіндегі ахуалды бақылады. Осы ретте ел амандығы үшін бас қайғысын ұмытқан абзал жандар – бас дәрігер Бақытжан Сағилатұлы, дәрігер Әділбек Маликов, Наурыз Козанов, Әсел Хайдарова, Алтынай, Динара Жүсіповалар, аға медбике Зәуреш Қарамановаларға алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ дәрігердің берген нұсқауын тиянақты орындап жүрген Бекзат Ешниязова, Әлия Қосназарова, Нұргүл Тілеуова, Шынар Алтаева, Гүлсім Арыстанбаева, Ләззат Рысалдиеваларға да аналық ризашылығымды білдіремін. Аймақтық дәрігеріміз Ақтоты Ибадуллаева мен медбике Майра Мұнарбаеваға, сонымен қатар барша аяжандарға шексіз ризамын. Ауруханада жатқан 10 күн менің ақ халаттыларға деген құрметімді арттырды, – дейді Қ.Жүнісова.
Кейіпкеріміздің дауыс ырғағынан шынайы разылықтың желі ескендей. Ол дертті жеңіп шыққанмен, ел арасындағы келесі толқын туралы әңгімеге алаңдаулы екенін де жеткізді. Әңгіме арасында өмірден өткен жақын-жуықтың отбасына көңіл айтып бара алмай жатқанын да тілге тиек етті. «Олар бізге ренжіп жатқан болар» деп те қояды. Алайда, қазіргі уақытта сақтық шарасын сақтау аса маңызды. Көп адам жиналатын жерге бармау, ең бірінші өз саулығыңыз үшін қажет. Ақ халаттылардың ерен еңбегі еш кетпесін десек, өзіңізді сақтаңыз. Ардақты ұстаз көпке қасірет әкелген ауру енді қайталанбаса екен дейді. Ел көңілін алаңдатқан мұндай сын уақыттың тезірек аяқталуын тілейді ол.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ