» » Халқымыз аман болсын деп...

Халқымыз аман болсын деп...

Әлеуметтік желі жақын досымызға айналғаны рас. Бірде сол желіні ақтарып отырып шетелдің мультфильміндегі батырлары (супергерои) дәрігерлерге басын иіп тұрған суретке көзім түсті. Суреттің астында жазылған пікірлер де бар екен. Соның ішінде бір адамның «Жұмысына лайықты ақшаларын алып отыр ғой. Оған не үшін бас иеді?» деген пікірге көзім түсті. Біз осы сағынышын шүберекке түйіп қойып, күндіз-түні індетпен арпалысқан ақ халатты абзал жандардың еңбегін қаншалықты бағалап жүрміз? Олардың біз білмейтін қандай қиыншылықтары бар? Бұл сұрақ бізді де бей-жәй қалдырмады. Осы орайда ауданда індет жұқтырғандарды емдеп жатқан дәрігердің бірі – Алтынай Жүсіповамен аз-кем әңгімелескен едік.
Оның айтуынша дәрігерлер мен емделушілердің жағдайы жақсы. Олар күніне 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ тұрмыстық жағдай да жаман емес. Бөлімшеде теледидар, автоматты кір жуу машинасы, пеш пен душ қарастырылған. Алайда, мұның барлығы дәрігерлерге өз үйіндегі жайлылықтай болмайтыны белгілі. Дәрігермен тек онлайн режимде тілдескенімізбен отбасына деген сағыныш, шаршаңқылық байқалды. Бірақ ол оны білдіргісі келмей, науқастың емделіп шығуы үшін бәріне дайын екенін айтып отырды.
– 1 сәуірден бастап аудандағы жұқпалы аурулар бөлімшесіндеміз. Бізге жүктелген міндеттің қаншалықты қиын екенін білеміз. Дегенмен біз де антымызға адал болып, вирус жұқтырған адамды емдеуге барымызды салып жатырмыз. Жұрттың ойын сан-саққа жіберіп, көптің жанын алған індетпен бетпе-бет кездесіп, оған қарсы күресу оңай емес. Біз де оны жұқтырып алуға, өзгеге таратып жіберуге қорқамыз. Дегенмен қорқыныш бізді тоқтата алмайды, – дейді аудандық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Алтынай Мырзабекқызы.
Науқастармен тікелей байланыста болып, емдеп жатқан дәрігерлердің үстемақы алып жатқаны рас. Бұл мемлекет тарапынан дәрігерлерге көрсетілген қолдау мен көмек. Бірақ денсаулығын қатерге тіккеннің қасында бұл «көк қағаз» түкке де тұрмайды. Себебі дәрігерлердің індетті жұқтырып алу қауіпі жоғары. Сондай-ақ талай жанның өмірін жалмаған індетті жұқтырған адамды емдеу де оңай емес. Іштей тізе бүккен, берілген жанға үміт отын сыйлап, өмірге деген құлшынысын арттыру да психологиялық тұрғыдан қиын. Абзал жандар қазіргі таңда ақша үшін емес, пациенттің аурудан емделіп шығуы үшін еңбектенуде.
– Мен науқастармен жұмысты өзге дәрігерлерден сәл кейін бастадым. Сол себептен де мемлекет тарапынан беріліп жатқан үстемақыны әлі алған жоқпын. Әйтсе де, мен үшін үстемақыдан гөрі артық нәрсе бар. Ол – емделушінің рақметі мен күлімдеген жүзі. Ауруынан жазылып шыққан жан шын жүректен алғысын айтып, жылы лебізін білдірген кезде марқайып қаласың. Сондай сәттерде өмір жолымды осы салаға арнағаныма қуанып, қызметіме деген сүйіспеншілігім арта түседі. Дәл осындай сәт үшін көп уақыт білім алып, тынбай еңбек етуге болады, – дейді анестезиолог-реаниматолог, педиатр А.Жүсіпова.
Расымен жанарынан дәрменсіздік көрінген жанның бірнеше уақыттан соң жадыраған жүзін көріп, үйіндегі жақындарының жанына шығарып салу – абзал жандарға ғана лайықты бақыт. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен ақ халаттыларға бұл күндері оңай тиіп жатқан жоқ. Олардың қызметі мен өмірі үшін атқарылып жатқан игі істер қатары да аз емес. Ал дәрігерлер мұның барлығының қадір-қасиетін түсінеді, бағалайды.
– Бұл бөлімшеде жұмысымыз басталғалы біздің қауіпсіздігіміз үшін барлық жағдай жасалды. Дәрігерлер мен емделушілер толықтай қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Жеке қорғаныш костюмдері, маскалар мен антисептикалық ерітінділер жеткілікті. Яғни қажетті заттың барлығы бөлімшеден табылады. Бұл үшін аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Сағилатұлына алғысымыз шексіз, – деді білікті дәрігер.
Көшеде адам болмағанымен, терезе мен қылтимадан абзал жандарға алғыс білдіріп жатқан тұрғындардың бейнероликтері әлеуметтік желіде кеңінен тарап жатыр. Біздің аудан тұрғындары да індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге шын жүректен алғыс айтқысы келері анық. Өкініштісі, дәрігерлер бұл алғысты әзірше жүзбе-жүз естімейді. Себебі олар күн мен түнге қарамастан аяқтарына тік тұрып, вируспен күресуде. Пациенттер үшін тынбай еңбек етуге мәжбүр. Барлық адам жазылып шыққанда да олардың өздері карантинде жатуы тиіс. Отбасынан жырақта жүрген дәрігердің індетті жеңіп, тезірек жақындарының жанына оралғысы келеді.
– Физикалық тұрғыдан бұл жұмыс бізге оңай тиіп жатқан жоқ. Бірнеше сағат бойы бетперде киіп жүрудің өзі қиын. Қорғаныш костюмінің пайдасы көп болғанымен, жүріп-тұру ыңғайсыз. Вирусты жұқтырып алудан да қорқамыз. Бірақ берілу бізге тән қасиет емес, біз вируспен соңына дейін күресеміз. Ал сіздер біз үшін карантин талаптарын сақтап, үйде болыңыз. Вирустың таралмауы тікелей тұрғындарға қатысты. Сақтық шараларын сақтап, отбастарыңыздың жанында болыңыздар. Сол кезде біз мына аты жаман індетті жеңеміз, – дейді ақ халатты Алтынай.

P.S.
Жұмыс оңай емес. Дәрігерлер қазір өз қара бастарын ойлап жатқан жоқ. Барлығы тек індетті жеңуді мақсат етіп, халықтың амандығы үшін бас көтермей жұмыс істеп жатыр. Ауруды жеңуге көмектесіп жатқан дәрігерлерге біз де көмектесе аламыз. Ол үшін үйде болып, сақтық шараларын қатаң сақтауымыз қажет. Сол кезде барлығы да жақындарына оралып, баяғы үрейсіз өмір жалғасын таппақ.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
25 сәуір 2020 ж. 1 603 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031