«Мен сіз үшін жұмыста қалдым»
Өмірді әдетте көп нәрсеге теңестіреміз. Бірде – көшкен керуенге, енді бірде – жүйткіп бара жатқан жолаушылар пойызына. Соған сай әрбір жанның өмірі түрлі құбылыс пен бұрылыстан тұрады. Өмірдің осындай бұралаң жолында сан сыналатынымыз тағы бар. Қызық пен шыжыққа толы пенде ғұмыры ақ халатты абзал жандармен тығыз байланысты. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Ауру жанымызға батқанда ең жақын адамға емес, ақ халаттылардың көмегіне жүгінеміз. Дәрігерлер қауымына үлкен сенім артамыз. Себебі олар – адам жанының арашасы.

– Қазіргі уақытта өз жауапкершілігін толық түсіну дәрігерлер үшін маңызды. Үкімет төтенше жағдай жариялап, карантин енгізді. Ауданымызда коронавируспен 4 науқас тіркелді. Жағдайлары орташа деңгейде, тиісті емін алып жатыр. Олармен байланыста болғандар арнайы карантин бөлімінде және үй карантинінде. Олар да ұдайы бақылауда. Жұқпалы аурулар бөлімінде бүгінде 3 дәрігер, 6 медбике, 5 санитарлық қызметкер, 1 дезинфекция жасаушы маман, 2 сараптама алып, облысқа жіберуші медбике талмай еңбек етуде. Біз үшін бастысы – науқастардың тезірек айығып, аудан көлемінде дерттің үдемеуі. Сол үшін де барынша сақтық шараларын қолданудамыз. Жұқпалы аурулар бөлімі қызметкерлерінің барлығы ауданда алғашқы науқас тіркелгелі бері осында. Отбасымыздан жырақтап, ел үшін қызметтеміз. Соңғы науқас үйіне айығып шыққан күннің өзінде, біз 14 күндік карантинге жабыламыз. Індетке сынама тапсырып, ол теріс нәтиже бергенде ғана отбасымызға бара аламыз. Әрбір тұлға қойылған талапты толық орындап, дәрігердің жағдайына түсінушілікпен қараса, дәрігерлер үшін де жеңіл болмақ. Мен сіз үшін жұмыста қалдым, ал сіз мен үшін үйде қалыңыз! – дейді инфекционист дәрігер Ұлықбек Асқарұлы.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА