» » Құрылыста қыздар жүр

Құрылыста қыздар жүр

Құрылыс – жұмысы ауыр, жауапкершілігі жоғары, тек ер азаматтарға арналған мамандық сынды. Алайда, бұл салада нәзік жандардың тиянақтылығы мен ұқыптылығын қажет ететін жұмыс өте көп. Кент орталығында қазіргі таңда бір топ келіншек бірлесіп, сылау, сырлау, әрлеу секілді қызметті сапалы орындап жүр. Күн сайын жаңа сән, жаңа интерьер қосылар салада тұрғынның ойындағыдай дүниені жасап шығару оңай емес. Ол үшін бір орында тоқтап қалу тоқыраумен тең. Үйімізге соңғы үлгідегі күрделі жөндеуді қайсысымыз жүргізгіміз келмейді. Одан бөлек көштен қалмау деген бар. Не керек, көп ойланбай жаз шықса жоспарға кірісеміз. Әуелі сіздің талғамдағыны ойдағыдай орындай алатын маман іздейсіз. Оның жасаған жұмысын көрмей тағы сене алмайсыз. Тәжірибелілерінің тапсырысы көп. Ең тиімдісі – әлемжеліге жүгіну. Әлгі мен айтқан келіншектер «Instagram» желісінде арнайы парақша ашқан. Онда күнделікті қызметтерін, жетістіктері мен тұрғындардың алғысын жүктеп отырады. Кәсіби мереке қарсаңында ең көп сұранысқа ие құрылыста жүрген осы қыздармен тілдеспек болдық.
Бригаданы құрған апалы-сіңлілі Динара мен Индира Қарашолақова. Жосалы кентінің тумалары. Әкелері Руслан алтын қолды болса керек. Азаматтың іске бейімі қандай жақсы. Жоқтан бар жасап, ағаштан бұйым, темірден түйін түйеді. Ал түрлі құрылыс нысандарын салу оған таңсық дүние емес. Жасынан бүгінге дейін біраз құрылыста қолтаңбасы бар. Анасы Қалдыгүл де еңбекқор. Зейнетке шықса да бір тынбайды. Осыны көріп өскен бір үйдің 4 баласы ата-анаға ауырлық салмай, өз бейімдерімен еңбек етуді мақсат тұтты. Динара мұғалімдік мамандықты меңгерген. Дипломын алып мектепке емес, құрылысқа бетбұрыс жасапты. Өйткені жүрек қалауы осы еді. Бала кезден сурет салу, кесте, тоқыма тоқып, тігін тігуге құмар. Қазір бәрі де отбасын құрған ағасы Мадияр, сіңлілері Индира, Айдана төртеуі бірігіп, қабырғаның түскен жерін сылау, әктеу сынды жұмыстарды 7-8 сыныпта ақ таласып істейтін көрінеді. Жоғары оқу орнын бітірген жылы құрбысымен Алматыға аттанған. Сонда білікті құрылыс мамандарының жанында көмекші бола жүріп көп нәрсе үйреніпті. Кейін Астана, Қызылорда қалаларында осы салада жұмыс істеген. Сылақшы қыз үй ішін әрлегеп, өзгеше қалыпқа келтіруден рахат табады. Әр тапсырысты өз үйінің жұмысындай жауапкершілікпен қабылдап, тыңғылықты орындайды. Түсқағаз, жиектеме жабыстыру, сылау, есік пен терезенің қырын шығару, соңғы үлгідегі сұранысқа сынды сұранысқа ие қызметтердің кәнігі шебері.
– Әйелдің үйдегі жұмысы аз емес. Бала тәрбиесі бар. 5 жылдан бері осы салада жүрсем де қиындық көрмедім. Себебі анам (енесі) үнемі қолдау білдіріп, балаларға бас-көз болып, алаңсыз жұмыс істеуіме жол ашты. Өмірлік серігім Ғани №183 мектепте мұғалім. Ол да сүйіп атқарар қызметіме қарсы емес. 3 баламыз бар. Ағам Мадияр отбасын осы кәсіппен асырап отыр. Қолынан келмейтіні жоқ. Іргетасын қалаудан бастап, үй тұрғызу, шатыр ауыстыру, есік пен терезе салудың маманы. Тапсырымыздың ішінде ауырлық тиетін жұмыс болса ағамызға айтамыз. Кеңесін айтып, көмектесіп жібереді. Сіңілім Индира – 4 баланың анасы. Жолдасы Жандос – тас қалаушы. Бірер жылдан бері Индира екеуміз жанымызға Айым, Бибігүл, Ұлдана, Күнсұлу есімді еңбекке епті қыз-келіншектерді жинап, топ құрдық. Обектіні қабылдап, еңбекақымен өзім келісемін. Қыздарға бейіміне қарай жұмысты бөліп беремін. Бастысы – уақытты ұтымды пайдалану. Себебі біздің қызметімізге кезекте тұрған қаншама тұрғын бар. Ерте көктемнен тапсырыс аламыз. Желтоқсанға жетпей аяқтаймыз. Бір жылда бірнеше үйдің иесіне қуаныш сыйлаймыз. Қыс айларында тапсырыс бола бермейді. Сонда сылағымыздың иісін сағынамыз, – дейді жымиып дипломсыз мамандығын жақсы көретін жан.
Мақалаға тұздық болсын деп құрылысшы қыздардың қызметіне жүгінген кент тұрғындарын іздедік. Көп екен. Білім саласының ардагері Дина Әміралиева алғысын жаудыра жөнелді. «Ақпанда күрделі жөндеу жүргізбек болып құрылысшы қыздардың көмегіне жүгіндім. Бәрі де ойымыздағыдай шықты. Таза әрі жылдам істейді. «Сізге ұнамады ма, енді қандай болғанын қалайсыз?» деп жиі-жиі кеңесіп, жеті рет өлшеп, бір рет пішті. Шыны керек Қармақшыда мұндай қолы алтын құрылысшы қыздар барын бұрын-соңды білмеппіз. Өзім әдемілікті, ұқыптылықты ұнатамын. Көп нәрсе көңілімнен шыға бермейтін. Бірақ Динара мен Индираның жұмысына шын разы болдым. Алғандары тек абырой мен бата, кәсіптері берекелі болғай. Мерекелері құтты болсын» деп тілек айтты қуанып.
Қазір халықтың тұрмысы едәуір түзелді. Барлығы демесек те көп бөлігі отырған үйін күрделі жөндеуден өткізеді болмаса жаңа үй салады. Бастысы – заман ағымына ілесіп отыр. Динараның арман-мақсаты көп. Болашақта кент орталығынан түсқағаз сататын дүкен ашсам дейді. Талап таудай. Осылайша бар үйдің барлық баласы мемлекетке мойын созбай, өз маңдай терімен еңбек етіп жүр.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

08 тамыз 2020 ж. 928 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 387

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930