Сүйеу болған, тіреу болған мың қазақ

Бірде әлеуметтік желіде ерікті жастар жақсы бастама көтеріп жатқанын байқадық. Уақытты кідіртпей бір емес бірнеше адам қолдау көрсетіп, қол ұшын созып жатты. Мақсат – аудандық ауруханада ем алып жатқан науқастарды оттегі, дәрі-дәрмек секілді қажет дүниемен қамтамасыз ету. Сын сағатта ел бірлігі еріктілігін көрсете білді. Қарапайым халық та, сырт жерде қызмет істейтін аудан тумалары мен жергілікті қалталы азаматтар да атсалысты. Мұндай игі істің бас-қасында жүріп, ұйымдастырып, қол ұшын созуға шарқ ұрған бастамашылар – Әсем Мерекова мен Әлия Қарабалина. Олар жан-жақты хабарлама таратып, жүрген жерінде насихаттай білді. Қолдап, қолпаштай кеткен жомарт жүректілер де бірігіп, жұмыла кірісті. Жан-жақтан жиналған қаржы «Дәметкен» қайырымдылық қорына құйылды. Солай 12 шілдеге дейін 2 258 530 теңге көлемінде қаражат жиналған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов – 300 мың теңге, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры, аудан тумасы Бағбан Тәйімбетов – 500 мың теңге, аудан тумасы Рзақұл Нұртаев – 500 мың теңге, «Достық Жер МК» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев – 100 мың теңге, «Ораз ахун ЛТД» ЖШС директоры Жомарт Жалғасбаев – 100 мың теңге, «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев аудандық ауруханаға науқастарға кислород үшін 200 мың теңге және 1 тонна күріш берген. Одан соң Раунақ Берманова – 100 мың теңге, Ерлан Бисембаев – 80 мың теңге, облыстық ветеринариялық станса – 50 мың теңге, облыстық филармония – 20 мың теңге, қалалық қолөнер орталығының директоры Айда Керімқұлова – 35 мың теңге, «Әсел» дүкені – 5 кислород баллоны мен 30 мың теңге, Рабиға Балғабаева – 50 мың теңге аударған.

Ал күн-түн демей келген оттегі баллондарын тасып, көмек көрсеткен ерікті жастарды неге атап өтпеске? Салмағы 90 келіні құрайтын баллонды әрі-бері көтеріп жүруге медбикелердің әлі жетпейтіні анық. Осындайда қол ұшын созуға ерікті жастар табандылық көрсетуде. Бұл жақсы бастама әлі де жалғасын тауып жатыр, қорға қаражат әлі де құйылуда.
Антына адал ақ халатты абзал жандарды көргенде еріксіз қуанасың. Өзі емес, өзгенің денсаулығы үшін талмай еңбек етіп, індетпен күресте алдыңғы шепте жүр. Солардың бірі – Әсем Мерекова. Ол аудан тұрғындарына күн-түн демей екпе салып, системаны тегін салып беруде. Кейіпкермен әңгімелесу тек телефонмен жүзеге асты. Шаршаңқы дауысын білдіртпесе де жұмысының ауыр екенін әр сөзінен білінеді. Бір үйден шығып екіншісіне бара жатыр екен. Сағат болса түн, басқалар шырт ұйқыда жатқан кез.

– Екі аптадай үйде ауырып жаттым. Жаным қиналғанда кірерге жер таппай қиналғаным рас. Осындайда екпе егіп, система салып кететін адам болмады. Қорықты ма білмедім, бірақ осындайда демеу болмаса алдағы уақыттан не қайыр. Ойландым. Медициналық қызметі бар мен осылай ауырып жатырмын, ал қарапайым халық не істеп жүр екен? Оларға екпесін шанышатын адам болмай қиналып жатқан жоқ па деген сауалдар санамда сайрап тұрды. Солай ерікті түрде ауырып жатқан жандарға қол ұшын созу үшін тегін қызмет көрсетуге бел будым. Әрине, бастапқыда қиын болды. Халықпен жұмыс істеу оңай емес. Түсінбей наразылығын білдіргендер болды. Бірақ қазір барлығы реттелуде. Түске дейін өз жұмысымды бітіріп болған соң ауырып жатқандарға аттанамын. Күніне 25-30 үйге барамын. Ал үй-үйді аралауда еріктілер тегін көлігін беріп, діттеген жерге апаруда. Оның ішінде кешелі бері әкімшіліктің көлігімен, одан соң Нұрбай Жанәділов, бүгін №121 мектептің мұғалімі Нұрсұлтан еріктілігін көрсетті. Халықтың рақметі мен алғысын алғанға не жетсін?! – дейді Әсем Мерекова.
Осындайда оған демеу болатын қос қанаты – қыздары бар. Екпеге шығар алдында анасынан уайымдамауын сұрап, қызметіне сәттілік тілеп, шығарып салады.
Көпшіліктің ойында жүрген тағы бір сауал бар. Ол – аудандық жастар ресурстық орталығының қандай бастамаларды жүзеге асырғандығы. Әрине, жария еткенді жаны қаламайтын жастар үйінің басшысымен біз де тілдесіп көрдік. Жарқырай тұтқаны көтерген жас сауалымызға жауап берді.
– Жастар орталығы – еріктілікпен айналыспайды. Жалпы еріктілікпен ешқандай мекеме айналыспайды. Еріктілікпен халық айналысады. Еріктілікпен айналысқан жанға ешқандай мекеме көмектеспейді, ол өзінің еркімен істейді. «Мемлекет неге еріктілікпен айналыспайды?» деген сауалдар көп қойылады. Мұндайда мемлекетке тағы да бір жүк артылады. Мұндайды игі бастама бастаған еріктілер көпшілікке қолдауы мен көмегін береді. Одан соң әр тұлға мұны азаматтық қоғам өкілі, бастамашыл топ ретінде жасауы қажет. Жалпы аудан бойынша жастар орталығы – үйлестіруші. Яки орталық үйлестіреді, ал жастар оны ұйымдастырып әрі қалай иіріп әкетеді. Мәселен оттегі баллондарын түсіруге 100-ден аса жігіт келді. Екі мыңнан аса бетперде, 20 мыңдай үнпарақ таратылды. Осындай жұмыстарды жастар орталығы үйлестірді, ал жастар оны ұйымдастырды, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әділ Ыбрахим.

– Қолда тұрған дайын қаржым жоқ. Бірақ көмектесуге деген адал ниетім бар. Себебі он екі мүшем сау, тепсе темір үзетін жігіттер қатарынанмын. Айналада мынадай жағдай орын алып жатқанда неге бос жатуым керек? Қазір құрылғыларды біреуден жалға алып, қарызға қаражат жинап, орнатуын қолдан жасаудамын. Құдай қаласа бір аптадан соң іске қосылмақ. Жұдырықтай жұмылыңыздар, елім деп еміреніңіздер. Бастысы үміт пен ниет бар. Оны халыққа қалтқысыз қызмет етіп дәлелдеуіміз қажет, – дейді талапты жас.
Сын сағатта демеу болған еріктілерге халық та, аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев та алғысын білдіруде.
– Бізде 104 науқас правизорлық бөлімде ем қабылдаса, 14 науқас бокс палатасында емделуде. Мұнда сала мамандары тиісті көмегін беріп, уақытылы ем-шаралар жасауда. Дегенмен бастапқыда оттегі мәселесі болғаны рас. Қазір біз күніне 80-90-ға дейін оттегі баллонын алдырып, науқастарға көмектесудеміз. Ауырған науқастың денесінде оттегі жетіспеушілігі болады. Соған кислородты қосу арқылы ауа берсек, антибиотиктер беру мен қанды ұйытпайтын дәрілерді қосу арқылы ем-домдар жасаудамыз. Осы өңірдегі атқамінер азаматтар мен еріктілер, сыртта жүрген ел ағалары көптеп көмегін беруде. Олар өздерінің қаражатымен оттегі баллонын, оттегі шығаратын аппаратын алып берді. Барша жомарт жандарға, ерікті жастарға алғаусыз алғысымды білдіремін, – дейді ол.

Айта кеткен жөн болар, аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен Жосалы кентінің көшелері мен халық көп шоғырланатын орындарына екі мәрте залалсыздандыру жұмысы жүргізілді. Жалпы қаржысы – 1 млн теңгені құрайды. Ауылшаруашылық құрылым басшылары да жергілікті ауылына демеу болды. Мәселен «Тұрмағамбет» ЖШС-нің төрағасы Нұржан Пірмантаев 1 мүйізді ірі қара және 1500 дана бетперде таратса, «Ораз ахун ЛТД» ЖШС төрағасы Жомарт Жалғасбаев 100 мың теңге бөлді. «Ақтөбе и К» ЖШС төрағасы Нұрлан Іздібаев ауыл тұрғындарына 2 тонна орамжапырақ пен 3,5 тонна Сыр маржанын таратқан. Ал «Достық Жер МК» ЖШС басшысы Мұрат Сәрсенбаев ауылдық округтегі амбулаториялық ауруханаға 100 мың теңге қаржы аударып, ауыл тұрғындары тәттінің дәмін алсын деп тегін қауын-қарбыз таратуда. Сосын «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов 1 млн теңге қаржы аударды.
Түйін
...Сүйеу болсын, тіреу болсын,
Мың қазақ
Сүрінгенде, бүлінгенде бір қазақ...
Иә, еріктілердің ерен еңбегін көргенде осыбір өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Әлгінде біз айтқан ата-бабадан қалған асыл қасиет ұрпақтарының қанына дарыған. Біз мұнымен мақтанамыз. Ал «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей қамқорлық көрсету, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске әрбір адамның араласуы – азаматтық парыз. Жақсылық жасауға асығайық!
Айнұр ӘЛИ