» » Бітік егін – ел ырысы

Бітік егін – ел ырысы

Тілшілердің әрбір жұмыс күні ерекше. Неге дерсіз? Сан-саланы қамтитын бұл мамандық иелері бірде мерекелік жиында болса, тағы бірде әкімдікте, енді бірде егіс басында. Яғни, тілші қауым жағымды жаңалықты оқырманға жеткізуде түрлі ортамен танысып, түрлі маман иелерімен сұқбаттасады. Әр мамандықтың өзіндік тілі мен қыр-сырын ұғынып, оқырманға ұсынады. Сіз дайын мақаланы оқығанда оның қандай еңбекпен жазылғанын білмеуіңіз мүмкін. Сол секілді күнделікті тұтынатын күріштің де біздің дастарқанымызға қалай келерін бірі – білсе, бірі – біле бермейді. Ақтөбе ауылындағы іссапарымызда әкімдік жұмысымен танысқан соң, күріш өндіруден жоғары жетістіктерге жетіп жүрген шаруашылыққа қарай аяңдадық. Аңғарып отырғаныңыздай, бүгінгі әңгімеміз «Ақтөбе и К» ЖШС жайлы болмақ.
Бір жылдары тұралап қалған шаруашылық бүгінде озаттардың біріне айналған. Егіннің ебін тапқан олар ел алғысына бөленуде. Ерте көктемнен қара күзге дейін тыным таппайтын шаруалардың еңбегі елеуге тұрарлық. Биыл шаруашылық 1741 гектар жерге күріш еккен. Алдыңғылардың қатарында болып, оны 25 мамырға дейін суға бастырып та үлгеріпті. Шаруашылықты осы өлкенің тумасы Нұрлан Іздібаев басқарады. Серіктестік директоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауы бойынша облыс жеңімпазы. Елуді еңсерген Нұрлан Тұрғанбекұлының ауылды көркейтуге қосқан үлесі көп-ақ. Қарапайым комбайншы ретінде еңбек еткен уақытында егін жинау көрсеткішімен ең үздік комбайнер атанса, кәсіппен айналысқанда ең үздік кәсіпкер атағын алған. Яғни, қандай істі де бар ынта-шынтасымен істейтін ол кез келген салада зор нәтиже көрсетуде. Кәсібімен қатар заңгерлік білімін жетілдірген Н.Іздібаев бүгінде жеке кәсіпкер.
Біз шаруашылыққа барғанда сағатымыз онға таяған еді. Ал білікті басшы бұл уақытта егіс басынан жұмыс орнына оралуда. «Ертелетіп егістің жай-күйін бақылауға егіс басына барғанмын» деп бастады әңгімесін ол.
– Біздің жұмыста таңмен таласа тұрып еңбек етуің шарт. Қазір жұмыстың қызған шағы. Әрбір істің берекелі болуы – еткен еңбекке, төккен терге байланысты. Менің өмірлік ұстанымым – ¬қай салада еңбең етсең де, өз ісіңнің маманы болу маңызды. Өз қызметкерлерімнен де осыны талап етемін. Шаруашылықта 137 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде егіс жұмыстары толығымен аяқталды. Былтырдан қалған жерді тегістеп, оларға минералды тыңайтқыштар себудеміз. Қоймада күрішті ақтау жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада толықтай аяқтап, ақталған күріштің келісі 230-240 теңгеге сату жоспарлануда, – дейді шаруашылық директоры.
Ауыл дегенде ойымызға төрт-түлікті төлдетіп, дастарқаны құрт пен майға толы жайдары тұрғындар оралса, бас сұға қалсаң айраны мен ірімшігін ұсынатын жандардың бары да рас. Өзге ауылдар секілді бұл мекен де мал ұстап, керегіне жаратады. Ал төрт түліктің негізгі қажетінің бірі – жем-шөп. Бұл ретте ақтөбеліктердің жолы болған екен. Неге десеңіз, туған жерін қадір тұтқан директор шаруашылық қызметкерлері мен ауыл тұрғындары үшін жеңілдік жасауды әдетке айналдырған. Келісі 50 теңгеден сатылатын жем ауыл тұрғындары үшін 35 теңгеге беріледі. Ал 400 теңгеден сатыладын жоңышқа бумасы шаруашылық жұмысшысына тек өзіндік құнымен есептеліп 150 теңгеден сатылады. Бұл төрт түлік өсірушілерге үлкен көмек. Сондай-ақ мұндай жеңілдік ауылда тұратын жер үлескерлеріне де қарастырылған. Оларға 150 дана жоңышқа бумасы 250 теңгеден беріледі. Мұндай қамқорлыққа ауыл тұрғындары дән риза.
Жалпы шаруашылықта 4 бригада егіннің бітік шығуы үшін еңбек етеді. Бұл еңбек топтарына өз ісінің нағыз мамандары – Бақытбек Мұнарбаев, Болат Мәкенов, Бақытжан Әбілқайыров, Мейірбек Аманбалаевтар бригадирлік етеді. Жұмыстың дұрыс жүргізілуіне бұл жандардан қосар үлесі көп. Сондай-ақ шаруашылық жұмысын дөңгелетіп, көктемгі егіс уақытында еселі еңбек атқарған Бақытжан Жұмабаев, Қайыржан Ілиясов, Қайрат Байбосынов, Серік Абуов секілді механизаторлардың орны бөлек. Ал қазіргі күнде күнделікті күрішті бақылап, күтіп-баптайтын күрішшілер Басқынбай Қайырқұлов, Сьезбек Аяпов, Болатбек Сағындықов, Баубек Кетебаев уақытпен санаспай еңбектенуде. Сондай-ақ егіннің бітік шығып, жақсы өнім алуына агроном Үсенбек Сәденовтің еңбегі зор. Қарап отырсақ, атқарар қызметі әртүрлі болғанымен, барлығы да өнімнің мол шығуына атсалысуда. Басшының біліктілігі сол – қарамағындағы қызметкерлердің аты-жөнін, атқарған қызметін еш мүдірместен айтуы. Сондай-ақ ол әрбір қызметкердің еңбегін бағалап жыл сайын қамба азыққа толатын «Алтын дән» мерекесінде арнайы сыйлық дайындалатынын да жеткізді. Өнімнің өнуіне үлес қосып жүргендер қатарына гидротехник Мырзабек Смағұлов, механик-инженер Тасмахан Наурызов, көктемгі науқанда күн-түн ұйықтамай демалыссыз еңбек еткен қойма меңгерушісі Бауыржан Әлжановты да атап өтті. Сонымен қатар, шаруашылық директоры бригадир көмекшілері Дархан Нұржанов, Тоқтар Исабеков, Алмат Жұмабаев, Гиззат Ботабаевтардың тынымсыз тірліктеріне риза екенін тілге тиек етті. Еткен еңбекті бағалап, оларға құрмет білдіруі – басшының әділдігін аңғартады.
«Ақтөбе» бастауыш партия ұйымының мүшесі, «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаевты ауыл тұрғындары тек шаруашылық басшысы ғана емес, жомарт жүректі тұлға деп де таниды. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауында аудандық «Туған өлке» номинациясымен марапатталған ол қашанда қолдан келген көмегін аяған емес. Дерті дендеп, көптен көмек сұраған бейтаныс жанның еміне, кешегі төтенше жағдай кезінде аз қамтылған отбасылар мен шаруашылық қызметкерлеріне қайырымдылық көрсетті. Нақтырақ тоқталсақ, қызметкерлерге 3000 кг қант, 3225 келі ақ күріш, 2000 келі орамжапырақ тегін берілді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтың бұл ісі үлкен қолдау, әрі өнеге боларлық іс.
«Егіншінің бір күні – жылға азық» дегендей, олар үшін қазір жұмыстың қызған шағы. Ерте көктемнен басталған егіннің бітік шығып, күзде қырманның астыққа толуы үшін білікті басшы Нұрлан Іздібаев бүгінде өз ұжымымен жұмыла жұмыс істеуде. Оның шаруашылықтағы біліктілігі де, ел алдындағы игі істері де көпке үлгі. Шаруашылықтың да, басшының да марапаты мен жеткен жетістігі жетерлік. Биыл да өнімнің мол болып, егіннің бітік шығуы – жаз бойғы төккен тердің ақталғаны болмақ.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ










27 маусым 2020 ж. 1 519 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031