» » «Ливандағы соғыс сейілгенмен, жүректегі жан-жара жазылмақ емес»

«Ливандағы соғыс сейілгенмен, жүректегі жан-жара жазылмақ емес»

Тынышсыз күндер, жасырынған тағдырлар, өршіген соғыс өрті... Олар бейбітшіліктің не екенін білмейді, көрген емес. Олар түгел отбасында ас ішіп, тыныш мектеп партасында отырмады. Жылы жер, жайлы төсек, шат күлкі мұнда жоқ. Әр жерден дүрсілдеген бомба, тақылдай атқан суық оқ. Бұл – Таяу Шығыс елдеріндегі үйреншікті жағдай. Мұнда бірі – жұмақ іздеп аңдамай адасса, енді бірі – берілген миссиясын орындауға барды. Қандай миссия деймісіз? Былтыр қазақ сарбаздарының легі бітімгерлік миссиясымен Ливанға аттанған болатын. Оның ішінде жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі, медицина ғылымының магистрі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сәулет Қалдашов болды. Офицердің Ливандағы бітімгершілік миссиядан оралғанына да көп болған жоқ.
Әңгіменің әлқиссасынбітімгерлік миссиясынан бастасақ. Ливанға барып, Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясын орындауға аттанғысы келетіндер көп. Бірақ ол жаққа кез келген сарбаз бара алмайды. Себебі, жауынгерге қойылатын талап қатал. Сарбаздың психологиясы төзімді, физикалық дайындығы мықты, денсаулығы  жақсы, ағылшын тілінен «судай» болуы шарт.  Сақа сарбаз кез келген жайтқа дайын болу керек.
Ливан – қарулы қақтығыстан көз ашпаған мемлекеттің бірі. Сол үшін 1978 жылдан бастап бұл елге Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша күш құрылымдары жіберілді. Уақытша күш деп отырғанымыз, 40-тан астам мемлекеттен келген 10 мыңнан аса бітімгер. Ливан соғыс болып жатқан Сирия мен Израильдің ортасындағы республика. Сондықтан мұндағы тұрғындар толық бейбіт өмір сүріп жатыр деуге келмейді. 
БҰҰ миссиясына еліміздің тарихында алғашқы болып қатысушы әскери дәрігермін. Біз сержанттар мен офицерлерден, әскери дәрігерлерден құралғанқазақ ротасы Ливандағы бітімгершілік миссиядан сәтті оралдық. Миссия басшылығы тарапынан қызметіміздің нәтижесінде жоғарғы нәтижедегі шебер және басқаларға үлгі тұтарлық қазақ жауынгері деген ілтипатқа ие болдық, дейді офицер.
Бала Сәулеттің балалық шағы
Сәулет киелі Қармақшы топырағынан. 1978 жылдың 15 тамызында Дүр Оңғар ауылында қызметші отбасында дүниеге келген.   Бала күнінен зерек өскен ол армандай білді. Жанына жақын жыр  сазымен болашаққа көз тастайтын күндері көп болды. Суретші, заңгер, мүмкін архитектор. Бұл бала фантазиясының ең мықты мамандықтары еді.
Балалық шағымда әкем дәрігер-ветеринар ретінде ауылдық жерде төрт түліктің ем-домын жасап, тән ауруына араша болып жүргенін көп көрдім. Үй жақта балалармен ойнап жүріп, балалық ой-қиял қайда қалықтамады десеңізші. Бір кездері архитектор, суретші, ал, ойын балаларымен шекесіп қалған уақытта ортаға араша түсіп, пайда болған даудың шешімін айтқанымда ата-бабаларым сияқты би, болыс боламын. Сол үшін заң саласын оқимын деген ойлар болды. Бірақ, басымдық мені медицина саласына әкелді, дейді Сәулет Қалдашов. 
Ол алға мақсат қоя білді. Талпынды. 1984 жылы Қармақшы ауылындағы №113 орта білім беру мектебіне қадам басып, әкесінің қызмет бабына байланысты аудан орталығындағы Ә.Егізбаев атындағы  №121 орта мектепте  жалғастырады. 1993 жылы конкурстан өтіп, Алматы қаласындағы химия және биология пәндерін тереңдетіп оқытатын №1 қазақ-түрік лицейіне оқуға ауысты. Осы сәт оның болашағын айқындады. Лицейді бітіріп С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түсті. Үздік студент ретінде әскери кафедраға қабылдан­ды.
Ойланбаған жерден, жазда мектеп каникулы кезінде мектеп басшысы үйге телефон соғып,  Алматыдағы қазақ-түрік лицейі Қызылорда облысы бойынша әр ауданнан үздік оқитын екі оқушыдан таңдап, конкурс жариялап жатыр, соған балаңызды талапкер ретінде жіберсек деп өтініш білдіріпті. Ата-анам келісім беріп, бағымды сынап, осы мектепке келіп түстім, дейді ол өткеніне көз жүгіртіп.
 Сол кездері Кеңес Одағында қызмет еткен әскери-дәрігерлерден тәлім алып, салаға деген қызығушылығы арта түсті. Арада аттай уақыт өтіп талапты жас қара шаңырақтан түлеп ұшты. Әкесі Мукараптың кеңесімен Сәулет Қарулы Күштер қатарына қосылды. Отардағы Гвардейский әскери гарнизонында мотоатқыштар полкінің дәрігері ретінде қызмет атқарды. Кейін әскери медицина басқармасында, санитарлық-эпидемиялық, әскери медициналық білім беру жүйесінде жұмыс істеді. Сатымен алға жылжыған сайын шені де өсе түсті. Тәжірибесі толықты. Осылай ол былтыр алты ай уақытын Ливанда өткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясымен «Үнді-Қазақ» батальонының сапында Таяу Шығыстағы Ливан Республикасының таулы аймақтарында бітімгершілік қызмет атқарды.
Әңгімені әрі қарай кейіпкердің нұсқасымен жалғастырмақпыз.
«Ливанда көрдім, талай тағдырды»
Әскери адам ретінде бір қолыма қару асынып, әскери-дәрігер ретінде екінші қолыма медициналық сөмке ұстап сарбаздардың жанында жүрдім. Ливан халқына, шетелдік әскерилерге алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Медициналық эвакуацияны ұйымдастырдық. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті халықтың жедел жәрдемі бола білдік. Мен көрген Ливан жетпісінші жылдардың аяғына дейін гүлденген ел болса, қазір діндер мен конфессиялардың араздығынан халқы жік-жікке бөлініп, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасын орната алмай, берекесі қашқан ел. Дәрігер ретінде білетінім, соғыс зардабынан алған психологиялық жарақат халықтың санасынан кетпейді. Талай тағдырдың куәсі болдым. Еңбектеген баладан еңкейген қарт та соғыстан зәбір көріп, азаппен өмір сүріп келеді. Олардың көз жанарынан-ақ мұң байқалатын-ды. Осының бәрін көріп, бір ой түйдім. Отанымыз Қазақстанның байлығы – бейбітшілік пен татулық екен. Тәуелсіз елде шат-шадыман күлкімен, қуанышта, тыныштықта өмір сүргенге не жетсін?
Біз әлемнің 42 мемлекетінен келген тәжірибелі әскери қызметкерлермен бірігіп жұмыс атқардық. Міндет – Израиль мен Ливан арасындағы уақытша «көгілдір сызық» деп аталатын шекараның бұзылмауын қамтамасыз ету. Атыстың, заңсыз іс-әрекеттер мен қимыл-қозғалыстың болмауын қадағалау. Әрі Ливан Үкіметі мен Қарулы Күштеріне жан-жақты көмек көрсету арқылы елдің қайта аяққа тұруына ықпал жасау. Біздің офицерлер мен сарбаздар Израиль мен Сирия жақтағы 24 сағаттық бақылау бекеттері мен сол елдерден келетін жолдардағы көлік қозғалысын бақылап-тексеретін блокпосттарда қызмет атқаруда. Өзге елде «24 сағат – 7 күн» тәртібімен миссия мандаттары талаптарының толық орындалуына атсалыстық. Қызмет барысында ешқандай құқықбұзушылық, кемшілікке жол бермей, миссия басшылығының ілтипатына ие болдық.
6 миллионнан әрең асатын халқы бар ел қақтығыстан көз ашпай келді.  Бірақ бұған дейін елдегі ахуал мүлдем бөлек болған. Ливан өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін «Таяу Шығыстағы Париж!» немесе «Таяу Шығыстың Швейцариясы!» деген атауы бар, гулденген, экономикасы өрлеген көпұлтты және көпконфессиялы ел болған. Бірақ діндер мен конфессиялар араздығынан бүлік шығып, оған сыртқы күштер араласып, азамат соғысы белең алды. 70-ші жыл соңында халқы жік-жікке бөлініп, ауызбіршілігі кетті. Ал жеріне көрші мемлекет басып кіріп, жер дауы халықаралық жанжалға ұласты. 2000 жылдың басында Ливанға Біріккен Ұлттар Ұйымы көмекке келді. Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт өзгеруі, Сирия мен Палестинадан келген миллионға жуық босқынның осы елді паналауы жергілікті халықпен арада кикілжіңнің пайда болуына әкеп соқты. Бұл күйзелісте тұрған ел экономикасына ауыртпалық салды.
Дегенмен қазір онда өршіп тұрған соғыс жоқ. Бірақ тыныштығы кез келген уақытта бұзылып, соғыс өрті өршуі мүмкін. Жоғарыда аталған жағдайлар өндіріс пен инфрақұрылымның кенжелеуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына, сыртқы донорларға экономикалық тұрғыдан тәуелді болуға, тұтыну тауары мен қызмет түрлерінің күрт қымбаттауына, жұмыссыздыққа, артынша жастардың көп бөлігінің нәпақа табу үшін шет ел асып кетуіне, елде саяси тұрақсыздықтың пайда болуына әкеп соқты. Соның нәтижесінде былтыр қазан айында халық үкіметке қарсы шықты. Ол үлкен қақтығыстарға ұласып, саяси және әлеуметтік ахуал құлдырады. Дәрігер ретінде бір білерім, Ливандағы тұрғындар, оның ішінде балалардың жан жарасы әб сәтте жазылмайды. Мен көрдім, талай жанды. Оларды бейбітшілік күнге бейімдеу қиын дүние. Олардың тынышсыз өткерген әр күні санасында сайрап тұр. Кеуде мен көңілдегі соғыс жарасы уақыт өте, ұрпақ жаңара келе ғана жазылатын шығар. Тек оған дейін қақтығыс түбегейлі тыйылса ғана.
«Біз жүрген жол өртке оранды»
Бұл елде ойыңда кассета сияқты айналып тұратын бір ғана сөз бар. «Еліме аман-есен оралсам» деген. Ұйқы алдында бір сәтке ой жүгіртіп, елдегі тыныш күндерді ойлайсың. Себебі бүгін-ертең не болары Жаратқанға ғана аян. Тыныш өткен бір күннің аяқ асты астан-кестеңі шығуы да мүмкін.  Қалың ұйқы таңмен таласа ерте тұрудан басталады. Сағат 6-да дене шынықтырумен айналысамын. Астан нәр татқан соң штабта үнді әріптестеріммен тылдық қамтамасыз ету жөніндегі өзекті сұрақтар мен мәселелерді талқылаймыз. Басшылықтан азық-түлік, киім-кешек және медициналық қажеттілікпен қамтамасыз ету бойынша құжаттарға жауап дайындаймын. Штабтағы жұмыстан соң қазақстандық бітімгершілік ротасы орналасқан базаға, бітімгершілік нысандарына барамын. Ондағы әскери қызметшілердің денсаулығын тексеріп, көңіл-күйін сұрап, жатын орындары мен тұрмыс жағдайын қараймын. Жұмыс барысында пайда болған кездейсоқ мәселелердің шешімін тауып, сұранысты қанағаттандыру да міндетіме кіреді. Денсаулығына шағымданғандар мен аяқасты ауырғанғандарға орта буын медицина қызметкерлерімен бірге медициналық көмек көрсетіп, оларды госпитальға эвакуациялауды ұйымдастырамын.
Содан соң батальонға қарасты бірінші деңгейлі госпитальдағы шетелдік дәрігерлермен бірге медициналық сұрақтарды талқылап, науқастардың жай-күйімен танысамын. Аптасына 5 күн жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырып, науқастарға ем-дом жасауға тікелей қатысамын. Бұл дегеніңіз әскеріміздің беделін арттырып, халықпен достық қарым-қатынас орнатуға септігін тигізеді деген сөз. Жоспар бойынша жеңіл көлікпен патруль бастығы ретінде 2-4 сағат уақытты шекараны шолумен өткіземін. Мақсат – Ливанның Израильмен шекарасындағы «көгілдір сызық» бойымен жүріп өтіп, күнделікті миссия мандатының сақталуын бақылау.
Әдеттегіше шолу жасауға шықтық. Маршрутымыз Ливанның Израиль мемлекетімен шекарасындағы БҰҰ-ның уақытша белгілеген «көгілдір сызығы» бойымен жүріп өту. Кезекті маршрутымды алып, дайындығымды жасап, бағынысыма берілген әскер тобыммен нұсқау жүргізіп, патрульге енді шығуға айналғанымызда белгілі бір себептермен басшылық мені басқа офицермен ауыстырып, келесі күнге тағайындады. Сол-ақ екен, шекарадан хабар жетті. Осы патрульдеу тобы шекараға барған мезетте Израильдің Сирияға атқылаған снарядтары жақын маңға түсе бастап, топ дереу бағытын өзгерте отырып, жақын маңдағы қауіпсіз базаға жетіп амалдапты. Ертесіне патрульге шыққанымда өз көзіммен біз жүретін жолдардың және айналамыздың өртке оранғанын көрдім. Міне, осындай жағдай жиі қайталанып жүрді.
Тыл офицері ретінде ротаның материалдық-техникалық сұрақтары бойынша Нью-Йорк пен Ливанда миссия штабы орналасқан Накура қаласынан келген тексерудің өтуін ұйымдастырдым. Оның қорытындысы бойынша ротамыз шетелдік әскери контингенттерге қарағанда жоғары рейтингтен көрінді. Бұдан басқа, Ливан елі және әскерімен қарым-қатынасты нығайту мақсатында миссиядағы көпұлтты әскери контингенттер арасында өтетін мәдени-спорттық шараларға белсене араластым.
Әр елдің салты басқа...
Мұнда келмес бұрын әрине, жан-жақты зерделеп, зерттеп көрдік. Тарихқа көз жүгіртсек бұл жерге Александр Македонский мен Сұлтан Бейбарыстың аяғы тиген екен. VІІ ғасырда Ливан аумағына арабтар келген. Одан кейін Осман империясы жаулаған, соңынан барып француз елінің басшылығында болған. Халқы негізінен араб, көпшілігі француз және ағылшын тілінде сөйлейді. Ал дініне келсек, таңғаларлық бір мәлімет бар. Бұл халық – алуан дінді және көпконфессиялы. Арабтар келгенге дейін Византия билігінде болған жергілікті халық христиандықты мойындады. Арабтар келген соң ислам діні тарады. Сондықтан халқының 54 проценті – мұсылман, оның жартысы – суннит, жартысы – шиит. Қалғаны – христиан, басқа да дін өкілдері. Христиандардың өзі бірнешеге бөлінеді. Оған қоса, халқының 4 проценті – друздықтар, бұлар мұсылмандарға жақын. Бірақ ғасырлар бойы бөлектеніп, өз алдына басқа тармаққа айналған сияқты. Мұсылман бөлігі ислам діні талаптарын қатаң ұстанады. Оны киім үлгілері мен күнделікті қарым-қатынасынан байқайсыз.
Әр ұлттың өзіне тән ұлттық тағамдары болады. Ливанның да тағамдары әралуандығымен ерекше. Мұнда түрік, араб, француз тағам үлгілерінің араласуын көресіз. Көбіне вегетариандық тағамдардың басым екені байқалады. Асханада бұршақ, жаңа піскен жеміс, көкөніс, ет тағамдарынан балық, құс, қой еті, дәмдеуіш кеңінен пайдаланылады. Қазақ ағарған тұтынса, мұнда да бізге ұқсас сүт сусындары бар. Ливандықтар – қызыл шарап дайындаудың шебері. Салт-дәстүрінде біздің халыққа ұқсас тұстары бар, ол – қонақжайлылығы мен үлкенді сыйлай білуі. Сыпайылыққа мән береді. Қонағына ерекше құрмет көрсетіп, дастарқанын кеңге жаяды.
«Ливан сапары: Мен не түйдім?»
Мұндағы тұрғындармен диалог құру үшін тіл білу маңызды. Барған жерде ненің не екенін білмей жүру тіпті ұят. Сол ортаның мәдениетіне сіңісіп, араласып, жан-жақты оқиғаның жай-жапсарын зерделей білу керек. Ливанда жұмыс істеу жеңілірек болды. Себебі жергілікті халық көбіне ағылшын, француз тілінде сөйлейді. Мұнда орыс тілінде сөйлейтін егде жастағы кісілер де кездесті. Олар бұрын дәрігер, инженер, педагог болып, зейнет жасына шыққан әскери адамдар екен. Кеңес одағы кезінде Алматы, Мәскеу, Харьков қалаларында білім алған. Көрдіңіз бе? Бір адам – бір тағдыр. Оның тереңіне үңілсек талай тарих түбіне сүңгисің.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясындағы жұмыс бізге тәжірибе жинауға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Одан бұрын, соғыс пен қақтығыстың ауыртпалығын көріп, әлемге басқаша жағынан қарайсың. Барлық күш-жігерді бейбітшілікті қорғауға бағыттау керегін түсінесің. Ливандағы оқиғадан мысал келтірсең, елдің күші – халықтың бірлігінде екенін түйесің. Себебі ауызбіршілік пен ынтымақ болмай мемлекет түзелмейді. Бірлік пен келісім орнаған жерде ғана бейбітшілік болады. Бейбіт өмірдің болу-болмауы өз қолымызда. Оны біреу әкеп бермейді.
«Сенімді тылың – жұбайың»
Бір қаладан екінші қалаға көшіп жүруге әскерилердің еті әбден үйренген. Тиісінше отбасы қасында болып, жауапты қызметтің ыстығы мен суығына бірге көніп, ауыртпалығын бірге бөлісіп отыратын да осы – отбасың. Әскери ортада «Сенімді тылың – жұбайың» деген тәмсіл бар. Ал менің қолдаушыларым – әрдайым ақылын айтып дем берген анам. Демеуім болған әйелім мен балаларым. Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясына әскери бақылаушы ретінде мені таңдады. Әуелі бірнеше жыл бойы еліміз бен шет елдердегі әртүрлі оқу-жаттығу, семинар-конференцияларға үйренуші ретінде қатыстым. Кейінгі 5-6 жылда Біріккен Ұлттар, Шанхай ынтымақтастық, Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымдары өткізген шараларға дәріс беруші, нұсқаушы ретінде шақырылып, тәжірибе жинадым. Одан алған әсерімді үнемі үйдегілерге айтып отырғандықтан олар бітімгершілік миссиясының маңызын жақсы түсінді. 2018 жылы, сөйтіп, Ливанға барған қазақ бітімгершілік ротасына қосылдым. Сын сағаттар өзімді сынауға, білім-тәжірибемді көрсетуге мүмкіндік берді.
Егер ізбасарым әскери саланы таңдаса қарсы болмаймын. Себебі ел қорғаны болу – әрбір ер жігіттің азаматтық борышы. Ұлым Мұхаммедәли әскери ортада өскен соң әскери өмірдің ерекшелігі оған таңсық емес. Биыл мектеп бітіруші ретінде дәрігер болуды мақсат етіп отыр. Келешекте әскери салада қызмет атқарады деп ойлаймын.
Түйін
Қауіпті әрі қауырт міндетті адал атқарған қазақ сарбаздарының сапындағы Сәулет Қалдашов шетелге Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясымен барған алғашқы әскери-дәрігер. Бөтен елдегі бітімгершілік қызметі үшін миссия басшылығы бірнеше мәрте марапаттап, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Бейбітшілікке қызметі үшін» медалі табыс етілді. Көпке үлгі болар жанның біздің жерлес екені әрқайсымызға мақтаныш сезімін ұялатуы керек. Себебі ол – туған жердің перзенті.

Айнұр ӘЛИ
 
02 маусым 2020 ж. 867 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031