» » Үйде отырған үйдей пәледен құтылады

Үйде отырған үйдей пәледен құтылады

   Үйіне қарай аяңдаған Арманның ойы сан-саққа жүгірді. Соншалықты маңызды болмаса да, дүкенге деген сылтаумен сыртқа шыққан еді. Теледидар «үйде бол» десе, ұялы телефондағы әлем де үйде болуын ескерткен-ді. Көше жым-жырт. Арнайы дауыс зорайтқышпен инфекцияның таралмауы үшін тұрғындардың үйде қалу қажеттігін хабарлаған мамандар көше-көшені аралауда. Жағдайдың бұл ойлағаннан да күрделі екенін енді ұққандай. Жан-жағына қараса бетперде мен қолғап киген адамдар қажетті затын алып, тездетіп жүріп барады. Өзінің бейқамдығын енді түсінді. Бірнеше адаммен қол алысып амандасқаны есіне түсіп, бойын үрей биледі. «Мен вирус жұқтырған болсам» деп ойлай бергені сол еді, үйіндегі жасы келген ата-анасы мен бесіктегі сәбиі үшін алаңдай бастады. Теледидардан 18-ге дейінгі бала мен 55-тен асқан егде кісілердің ағзасы бұл індетті көтере алмайды деп сарнап жатқан жоқ па еді? Қап, әттеген-ай! Қалай құлақ түрмедім деген сансыз сауалмен үйіне келді. Үйіне кірген бетте қолын жақсылап жуып, киімін ауыстырды. Барлық қызықтың сыртта емес, отбасы ішінде, жылы жанұясында екенін түсінді.

   Иә, бүгінгі елдегі ахуал үйде болу – қиындықтан шығар төте жол екенін ұғындыруда. Жас пен кәріні, бай мен кедейді, атақты мен қарапайымды талғамай, тура келгеніне тұсау салған бұл індет алдында дәрменсіз екеніміз рас. Өзіміз және жақындарымыз үшін ең қауіпсізі, әрі қолдан келері – үйде отыру. Ал үйде қалу бізге не береді? Саралап көрсек.
   Ең алғашқысы, жеке қауіпсіздігіміз үшін өте қажет. Сіз үйде қалу арқылы бір отбасы, бір аудан, тіпті бір ұлтты құтқаруыңыз мүмкін. Қалай деймісіз? Бұл індет ауа арқылы таралатындықтан жұғу қаупі өте жоғары. Инфекцияны өзіңіз ғана жұқтырып қоймай, дем арасында сіз жүздеген, ал олар мыңдаған адамға таратып үлгереді. Сондықтан жалған ақпаратты желеу етіп, сенімсіздік танытқанша, зор жауапкершілікпен қараған абзал. Ал сіз үйде қалсаңыз, қоғам үшін жасалған игі істің бірі осы болмақ.
   Екіншіден, үйде қалу – отбасы құндылығын ұрпақ бойына сіңіруге берілген үлкен мүмкіндік. Күйбең тіршіліктің қамытын көтеріп, жан бағу үшін жанталасып жүрген біздер, материалдық құндылыққа баса мән беріп, отбасылық құндылықты екінші орынға қалдырдық. Бұл соның орнын толтыруға таптырмас уақыт. Отбасылық ойындар ойнап, ескі альбомдағы суретті саралап, үлкендер жастық шақтағы қызықтарын әңгімелесе жанұя мүшелері арасындағы байланыс одан әрі нығая түспек. Әдетте бұлар үшін де уақыт тапшылық еткен-ді.
Үшіншіден, бүгінде қалыс қалып келе жатқан бала тәрбиесіне көңіл бөлуге, баламен тығыз байланыс орнатуға, оның жанын түсінісуге үйде отырудың пайдасы мол. Таңнан кешке дейін жұмыста болып, ұл-қызының қыңыр мінезін көрмеген ата-аналар осы уақытты пайдаланып тентегін тезге салуда. Бұл төтенше жағдайдың оң әсер еткен тұсы да осы болса керек. Қоғамда ұстазға кінә артатын топ өкілдері қашықтан перзентін оқытуда мұғалім қадірін түсінді. Ақ халаттыларға сенім арта алмайтын жандар, қазір солардан демеу күтуде.
   Сондай-ақ әлеуметтік желіде қазіргі ахуалға орай отбасы арасындағы кикілжіңнің көбейгені туралы ақпарат желдей есуде. Бұрын көп уақытын бірге өткізбеген ерлі-зайыпты бірбірінің мінезін көтере алмауда. Бұл керісінше қиындықты бірге еңсеруге арналған сынақ деп қабылдап, оң шешім қабылдауға, бір-бірін толықтай түсінуге арналған жақсы мүмкіндік. Мұны да ескерген жөн. Көп жағдайда түзде болатын отағасының әкелік рөлін қалыптастыруға бұл кезеңнің берері бар. Баламен үй жағдайында жаттығу жасап, спорттық ойындар ойнау – әке мен бала арасын жақындатары сөзсіз.
   Бұрын «мүлде бос уақытым жоқ» деген сылтаумен кітап оқи алмай жүрген жандар үшін тіпті керемет. Қалаған шығармаңызды еш қиындықсыз оқи аласыз. Кітапханаға бара алмаймын десеңіз, ғаламторда электронды кітаптың түр-түрі тұр. Сондай-ақ, тіл үйренгіңіз келіп жүрген болса, бұл мүмкіндікті құр жібермеңіз. Өз бетінше тіл үйренуге арналған түрлі бағдарламаны қалтафоныңызға жүктесеңіз болғаны.
Ал психологтар пандемия деп үрейге салынғанша, позитивті ойлап, адам өзін-өзі дамытқаны дұрыс деп санайды. Әдеттен тыс өмір салтына көшу кезкелген адамға қиындық тудырады және оның адам психологиясына әсер етіп, агрессия беруі де заңдылық дейді мамандар.
   – Пандемия басталғалы бері барлық адамзаттың өмірі өзгерді, бұрынғы қалыпта емес. Біз оны саналы түрде қабылдап, карантин кезіндегі артықшылықты іздеуіміз қажет. Көптен бері ойға алып, орындауға уақыт таппай жүрген істердің тізімін жасап, күн тәртібіне енгізген жөн. Сонда сізде орынсыз агрессияға түсуге уақыт болмайды. Жұптардың бір-бірін жаңадан танып, баламен тығыз байланыс орнатып, қазіргі жағдайға орай кешірімшіл болғаны абзал. Ең бастысы – өзгенің мазасын алмай, өзіңізді рухани тұрғыдан дамытуға күш салсаңыз болғаны, – дейді педагог-психолог Гүлназ Бердібекқызы.
   Үйде отырудың пайдалы жағын тізе беруге болады. Ең бастысы, сабырлық танытып, сын уақытта сыр бермеу. Үйде болу арқылы ғана дерттің дендемеуіне өзіндік үлес қоса аламыз. Үйде отырып, ондағы отбасы жылылығы мен бақыт құшағын сезінуге тырысайық. Мүмкін, бұл сіз үшін көптеген жақсылықтың бастауы болар.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 мамыр 2020 ж. 1 023 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 318

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 414

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930