» » Тәртіпке бағынған құл болмайды

Тәртіпке бағынған құл болмайды

– Қайда барасың? – деді анасы Қайратқа.
– Досымның үйіне, келеміз ғой...
– Айналайын-ау, түн жарымда көше кезгенің не? Жүруге болмайды ғой...
– О-ой, басталды. Неден, кімнен қорқам? Келем дедім, келемін, – деген бейқам жас есікті енді келместей тарс жауып кетті. Түнімен көз ілмеген анасы болса уайымның қара жүгін арқалаулы еді. Түсінетін бала, естір құлақ жоқ...


Өміріміз күрт өзгерді. Ұйқыдан тұра сала коронавирус жұқтырғандардың санын қараймыз. Іштей бәрімізде бір тілек: «Адам саны көбеймесе екен». Дегенмен, бұл індетке шалдыққандар саны өсуде. Дертке қарсы күресер шамасы болмай, көз жұмғандар да бар. Шүкір! Айығып шыққан жандардың саны көбірек. Бірақ, індет халық арасында әлі күнге дейін тарап жатыр. Сайтты ашсаң тізім саны сағат санап өзгеруде. Ал далада бей-жай жүргендер әлі бар. Біз осы бұл індеттен қорықпаймыз ба?

Қорқамыз. Қорыққанда қандай? Шыбын жанымызды шүберекке түйіп алғанбыз. Бір жеріміз шаншыса бірден дәрі іздейміз. Көшеге шыққанда бетімізді тұмшалап, кездескен жаннан қашқақтап өтеміз. Кірген-шыққан сайын қолымызды сабынмен жуып әлекпіз. Қысқасы, бұл індет бізді тазалық пен сақтыққа нықтап үйретті. Бір таң қалдырары біреулер үшін бұл – «саясат». Олар әлі індеттің күштілігіне сенбей жүр. Міне, осындай адамдардың кесірінен індетті ауыздықтау қиындауда.


Бұл күндері карантиннің күшейтілген режимі енгізілді. Себепсіз көше кезе алмаймыз. Үкімет кәмелеттік жасқа толмағандар мен егде жастағыларға көшеге шығуға тыйым салды. Азаматтар азық-түлік немесе дәрі-дәрмек алуға, қоқыс тастау мақсатында ғана далаға шыға алады. Алайда, бұл дегеніміз дүкеннің сылтауымен ауылдың бір шетінен екінші шетіне бару емес. Үйіңізге ең жақын жердегі дүкен мен дәріханаға баруға рұқсат және 1 адамнан артық шығуға болмайды. Жұмысқа баратын жандардың да тізімі жергілікті атқарушы органның бекітілген тізбесіне енгізілген. Облыстың Бас мемлекеттің санитарының қаулысымен облыс көлемінде ағымдағы жылдың 22 сәуіріне дейін барлық құрылыс жұмыстарына шектеу қойылды. Азық-түлік дүкендері де 10.00-18.00 аралығында қызмет көрсетеді. Сондай-ақ көшеде арнайы бетпердесіз жүруге қатаң тыйым салынады. Тұрғындардың жеке автокөлігімен де себепсіз көшеде жүруіне рұқсат жоқ. Арнайы тізімге енбегендердің кент пен ауылдардан шығуына тіптен болмайды.

Бұл шектеулермен біздің тұрғындар жақсы таныс екені сөзсіз. Бірақ неге заңға бағынғымыз келмейді? Көшеде себепсіз жүрген жандар көп. Жауапты мекеме қызметкерлері оларды жазалап та жатыр. Алайда, карантиндік режимді толық сақтап жүрген жоқпыз. Ауданда үздіксіз қызмет етіп жүрген жұмысшы топ арнайы рейд кезінде бірнеше ескертпе жасады. Көшеде бей-берекет жүрген автокөлік иелерінің түсініктері тыңдалып, карантин режимін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476 бабы бойынша тиісті шара көрілді. Еске сала кетсек, заңды бұзған азаматтарға 10 АЕК немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Біраз тұрғынның осы уақытта жұмысы тоқтап тұрғаны рас. Бірақ олар мемлекетке 27 780 теңге көлемінде айыппұл төлеуден қорықпайды. Ал бұл шаралар мемлекет тарапынан тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін атқарылуда.


Блок-бекеттің ауыр да қызу тіршілігі әлі де жалғасуда. Шектеуге қарамастан тұрғындардың өңірге кіріп немесе шыққысы келеді. Арасында қазақылыққа салып «бауырым, өтіп кетейін» дегендер мен ашу-ызаға булығып жүргендер де бар. Құдды бір әдейі кіргізбей тұрғандай. Бекеттегі қызметкерлер де жағдайды түсіндіріп әлек. Күніне кем дегенде 100-ден аса автокөлік ауылдан негізсіз шыққысы келеді. Бірақ, бұл шектеу біздің денсаулығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін екенін ұмытпаған жөн. Коронавирус «барамын да келемін», «мына тұрған жер» дегенге жұқпайды деген қауесет жоқ. Індет адам талғамайды. Алдына келгеннің барлығын жайпап жатыр. Ал біздің мақсат сол індетпен күресу, таралуына жол бермеу.


Тәртіпті сақтау арқылы ешкім кішірейіп қалған жоқ. Дәл осы сәтте заң мен шектеуге бағынуымыз қажет-ақ. Қанша адамның жанын алған бұл індеттің бір емі бар – ол тәртіп пен тазалықты сақтау. Баяғы күйбең тіршілікті барлығы да сағынды. Сол күнге аман-есен жетуіміз үшін үйде болып, өзіміз бен өзгенің өмірін сақтауымыз керек.


... Сағат түнгі 03.00 көрсетіп тұрған шақ еді. Үйіне сүйретіле кірген Қайрат келгенін білдірместен аяғының ұшымен бөлмесіне қарай беттеді. Бұл жолы ол енді тысқа шықпастай болғандай. Себебі көше кезіп жүргенде тәртіп сақшылары кездесіп, кең көлемде айыппұл арқалады. Ал бұл қаражатты өтеуге оның отбасының жағдайы көтермейді...
Қарама-қарсы бөлмеде жатқан анасы әлденені сезгендей әлі де көз ілер емес.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
14 сәуір 2020 ж. 1 361 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031