» » Жерлестер дертті жеңіп шықты

Жерлестер дертті жеңіп шықты

Жұмылған жұмыс нәтижесін берді. Осыған дейін аудандық ауруханада ем қабылдаған төрт науқастың үшеуінің дертінен тазарып, үйіне шығарылғанын жазған болатынбыз. Енді міне, "көптің тілегі қабыл" демекші, төртіншісі, яғни ауруханаға жатқызылған соңғы науқас та ауруынан айығып, отбасына қайтарылды.
Айтар ауызға жеңіл болғанымен, қауіпті дертпен күресу оңай шаруа емес. Өңірде инфекция дерегі пайда болысымен жұмысшы тобы құрылып, жүйелі жұмыс істеді. Құзырлы орындар насихат жүргізіп, түсіндірмелер жасады. Аудан әкімі Мұса Қалдарбеков фейсбук желісі арқылы тұрғындарға үндеу тастап, өзінің жүрекжарды сөзін білдірді. Онда: "...Дана халқымыз ежелден "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деп денсаулыққа ерекше мән берген еді. Қазіргідей қиын жағдайда баршамыз жұқпалы дертке шалдықпас үшін жауапкершілікті күшейтуіміз керек! Көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азамат ел ішінде алып-қашпа сөздің өршіуіне емес, көңілде сенім орнауына күш жұмсау қажет. Сақтық шаралары басты назарда болуы тиіс! Әрбір адам жеке бас саулығына жауапты" деп атап көрсетіп, жұртшылықты төтенше жағдайдың талап-шартын орындауға шақырды.
Игі жетістікте жетекші мамандардың орны бөлек. Адам өміріне арашашы болған ақ халатты абзал жандардың жанқиярлық еңбегі мен санитариялық дәрігерлердің батырлыққа бергісіз іс-әрекетін қалай айтсақ та жарасады.
– 1 сәуір – аурушаңдықтың басталған күні. Сол күні 2 адам тіркелді. Олардың қасында бірнеше адамның потенциалды немесе тікелей қарым-қатынаста болғанын анықтап, соның негізінде үшінші, төртінші ауруларды өзіміз таптық десек болады. Әлі аурудың белгілері анықталмай тұрғанда олармен байланыста болғандарды зерттеу арқылы анықтадық. Аудан бойынша 4 адам болса соның екеуін біздің мамандар тапты. Бұл ретте сақтық шаралары жалғасады, қажет болса өмір бойы жасап өтсе де ешбір артық емес. Жеке бастың тазалығын сақтағанда бұл аурудан түбегейлі құтыла аламыз. Айтып қояйын, карантиндік ережелер бірден алынбайды. Аурудың инкубациялық аралығы 6 күннен бастап 30 күнге дейін жүретіндіктен 14 күнге емдік және 14 күнге карантин қойылады. Соңғы ауру жазылып шыққан соң тағы да 14 күндік карантиннен кейін барып (егер басқа да науқастар тіркелмеген жағдайда) өңірді таза деп есептеуге болады, – дейді ауданның бас санитариялық дәрігері Гүлнар Төлепбергенова.
Сонымен қатар, оның айтуынша қазіргі ахуал бір қалыпты. Карантиндік ереже сақталуда. Дерттің әрі қарай көбеймеуіне жол берілмеуі де осы карантин талабының қатаң сақталуы сеп.
– Аталған жұмыстарда тауарлармен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін қорғау басқармасының эпидбөлім басшысы Ақбота Әбжаппарованың еңбегін атап айтқым келеді. Жас маман өзінің білімі мен біліктілігімен көзге көрінуде. Екінші санитарлық бөлімнің басшысы Гүлназ Медеуованың да еңбегі елеулі. Күндізгі, түнгі рейдтер ұйымдастырылды. Соның бәріне біздің мамандар атсалысты. Бір күннің өзінде бір маман 40-45 обьектіге дейін барып, жұмыстар жүргізді, – дейді Гүлнар Мәлікқызы.
Карантин талаптарын орындау мен тәртіп сақтауда ішкі істер органының да үлесі қомақты. Көшеге себепсіз шықпау, санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындар мен блокбекеттердегі бақылау шаралары – осы саланың қызметкерлеріне жүктелген ауыр міндет.
– Еліміз бойынша жүріп жатқан төтенше жағдай аудандық полиция бөліміне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Соған сәйкес 18 наурыздан бастап нақты жоспар құрылып, бөлімнің жеке құрамы күшейтілген жұмыс түріне көшірілді. 15 постбекетке кезекшілік қойылып, полицейлер күні-түні бақылауына алған. Карантин кезінде полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Бағдат Ақтаев, учаскелік полиция инспекторлары, полиция майоры Гарифулла Әбдуалиев, полиция капитаны Нұрлыжан Байшемиров, жеке құраммен №1 постбекеттің ұйымдастырушы басшысы, полиция капитаны Ғалымжан Оспанов, №2 постбекет бойынша полиция капитаны Асыл Әлиевтер ұйымшылдық танытып, ұтқыр жұмыс істеуде, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, подполковник Дархан Әбдібеков.
Сақшылар төтеншенің тәртібімен шұғылданып жатқанда, дәрігерлеріміз білекті түріп, науқастардың жылдам ауруынан жазылып шығуына кәсіби біліктерін салды. Төртінші науқастың сынамасы теріс нәтиже көрсетті деген хабарды естігенде бөркімізді аспанға аттық. Мұндай қуаныштан соң бір орында тұру мүмкін бе?! Жерлестеріміздің дертті жеңіп шығуына медицина қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз.
Амбулаториялық-емханалық қызметі бар орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Алтынай Мырзабекқызының сөзінше, жұқпалы аурулар бөлімінде 15 медицина қызметкері бар. Олардың 3-еуі дәрігер, 6-ауы медбике болса, 6-ауы кіші аяжан.
– Мұндай жауапты кезеңде барлық қызметкерлеріміз аянып жатқан жоқ. Жоғары деңгейде жұмыс сапасын көрсетуде. Атап айтар болсақ, орта буын медицина қызметкерлерінің аға медбикесі Зәуреш Қарамановаға құрметіміз ерекше. Аталған індетке орай бөлімшеде қосымша 5, стационарлық 18 төсек орны ашылған. Оған қоса, аудандық аграрлы-техникалық колледжінің жатақханасында 50 төсектік карантинді орын жабдықталған. Біздің де тілегіміз сол, ешкім ауырмасын. Індет жұқтырмасын. Тұрғындар карантинге жеңіл қарамай, сақтық шарасын әлі де ұстауға мүдделі болсын. Өйткені, айналамызда аурудың ошағы сейілген жоқ, – дейді Алтынай Жүсіпова.
Қауіп-қатер бұлты сейілді деуге ерте. Жаһан жаман індетпен күресіп бағуда. Сақтыққа салақ қарағандар сан соғып қалуда. Олардың бұл ақуалы талайға сабақ. Десе де қазақ атамыз не нәрседен де сабақ алып үйренген. Қиын күнде де жақсылыққа иек артудан үмітін үзбеген. Өмірдің өткелегін өтпелі кезеңге балап, одан аман-есен өтеріне сенген. Себебі ата-бабамыз бір қиындықтың артынан бір жақсылықтың келерін білген. Міне, біз осындай атаның ұрпағымыз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

25 сәуір 2020 ж. 984 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 094

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031