Бір болсақ, бәрін жеңеміз

ҚАЗІР ЕЛ КӨРІНБЕЙТІН ЖАУМЕН СОҒЫСЫП ЖАТЫР. ПНЕВМОНИЯНЫҢ ЖАҢА ТҮРІ – КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСУ ЖАЛҒАСУДА. МАЙДАННЫҢ АЛДЫҢҒЫ ШЕБІНДЕ – ДӘРІГЕР, ПОЛИЦИЯ ЖӘНЕ СЭС МАМАНДАРЫ ЖҮР. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ ОЛАРҒА АРТЫЛҒАН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЕСЕЛЕНЕ ТҮСТІ. ЕЛДІҢ ІРГЕСІНЕ ІРКІЛІС ТУДЫРҒАН ІНДЕТТІҢ БЕТІ ҚАЙТПАЙ, КҮННЕН-КҮНГЕ КӨБЕЮДЕ. ҚАЗІР ВИРУСҚА ҚАРСЫ БҮКІЛ ЖЕРДЕ САҚТЫҚ ШАРАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ. ӨЙТКЕНІ ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ БІРІНШІ ОРЫНДА. АУДАНДА КАРАНТИН ЖАРИЯЛАНҒАЛЫ БЕРІ ЭПИДАХУАЛ ТҰРАҚТАДЫ. ЕНДІГІДЕ ХАЛЫҚТЫҢ ҚҰТЫН ҚАШЫРҒАН ПАНДЕМИЯДАН АУЛАҚ ҚЫЛСЫН ДЕП ТІЛЕЙІК. БҮГІНГІ ӘҢГІМЕМІЗ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗДЕ ӨМІРЛЕРІН ҚАТЕРГЕ ТІГІП ЖҮРГЕН ДӘРІГЕР, ПОЛИЦЕЙ ТУРАЛЫ.

Қазір төтенше жағдай уақытында дәрігерлердің жұмысы тым қауырт. Ауданда індет жұқтырғандар тіркелгеннен кейін олармен тілдесу қиындап кетті. Жағдайды білу мақсатында жұқпалы аурулар бөлімшесінің аға медбикесі Зәуреш Қарамановамен ұялы телефон арқылы байланысқан едік.
– Мұнда коронавирус инфекциясымен тіркелген 4 науқас ем алып жатыр. Бастапқы кезде жағдайлары орташа деңгейде болды. Қазір арнайы ем қабылдау мен бақылаудың нәтижесінде денсаулықтары жақсы. Әр науқас бөлек палатаға жатқызылған. Дәрігерлер арнайы бір реттік қорғаныш киімдермен жарақталған. Инфекциялық бөлімде 15 қызметкер жұмыс істейді. Әр маман науқас қашан айығып кеткенше үйіне жіберілмейді. Тіпті бізге ғимарат ішінен шығуға да рұқсат жоқ. Отбасымызбен телефон арқылы сөйлесеміз. Балаларымыз сағынғанын айтып тауыса алмауда. Десе де мұндай жағдайға мойымай науқастың жағдайын әуелгі кезекке қоямыз. Олар дертінен айығып үйлеріне оралғанға дейінгі барлық жауапкершілік мойнымызда, – дейді ол.

Қармақшы ауданының уақытша ұстау изоляторының бастығы, полиция капитаны Асылбек Әлиев кіреберіс жолға блок-бекет қойылған күннен бастап осында тәртіпті қадағалайды. Сырттан кіріп шыққан көліктерді тіркеп, рұқсат қағазын тексереді.
– Карантиннің алғашқы күнінде мұнда түсінбеушілік көп орын алды. Сырттан келгендер «азық-түлік алуға келдік немесе жұмысқа ауылдан қатынап жүрмін» дегендер көп еді. Мұның барлығын рұқсат қағазбен ғана реттеп отырмыз. Кім біледі сау адам дегеннің өзінде біреуі инфекция тасып жүруі мүмкін ғой. Сол үшін эпидемиолог мамандармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Көліктерді «сергек базаға» тіркеп тексереміз. Егер рұқсат берілген болса көк жанады, ал рұқсатсызға қызыл көрсетеді. Постта полиция қызметкерлері үш ауысым бойынша 12 сағаттан кезектесіп тұрады. Қазір бастапқыдай ағылған көлік жоқ, халық та түсінді, – дейді полиция капитаны.

– Халықтың қарасы бұрынғыдай сабылып бетперде іздеуден бәсеңдеді. Соның өзінде іздеп келушілер әлі де бар. Бір сатып алғанда көптеп алып кетеді. Көбіне ауылдан келгендер сұрайды. Антисептик жеткілікті. Ал бір реттік резеңке қолғаптар тез өтіп кетеді. Баға бастапқыдан төмен. Қазір қалада жол жабылғалы бетперденің жеткізілуінде іркіліс бар. Сәл шыдасақ жақын арада жеткізіледі, – дейді №5 дәріхана фармацевті Айнұр Палуаниязова.
Ерсін СӘДУҰЛЫ