Бірлік бар жерде, тірлік бар
Әлемде болып жатқан пандемия баршамызды алаңдатуда. Сақтық шараларын жасап жатқанымызбен, елімізде аты жаман індетпен тіркелушілердің саны күн санап арта түсуде. Елбасының бүгінгі үндеуі ел көңіліндегі алаңды басуға кішкене болса да сеп болды. Тура жолды нұсқаған көшбасшы сөз басында елге алғыс білдірсе, онан соң біріге көтерген жүктің жеңіл боларын тілге тиек етті.
Ең үлкен байлық - адам өмірі. Дүниені шарлаған дерт бізге осыны ұқтырғандай. Әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жауапкершілікпен қарауы керек. Сонымен қатар, қолдан келгенше көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созсақ. Себебі төтенше жағдайға сай, көптеген отбасы табыссыз қалды. Мемлекет тарапынан да көмек қарастырылуда, дегенмен адамгершілігімізден аттамаған халық ретінде көмек беру ¬– бізге парыз.
Облыс бойынша бұл дертті жұқтырушылардың саны да көбеюде. Осыған орай Елбасының «Бүгінгі күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл пандемияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтай алды» деген сөзін басшылыққа алғанымыз абзал.
Ұлттығымыз сыналар сәт келгенде, жұдырықтай жұмыла, қойылған тәртіпке бас иіп, барынша сақтық шараларын жасау өзіміз үшін тиімді. Елбасы салған сара жолдың, қазіргі буынның қолдауының арқасында дара жолға айналарына сенім мол. Ынтымақ пен бірліктің арқасында бұл кезеңнен де аман өтерімізге сенейік және зор жауапкершілік танытып көмек берейік.
Айткүл ӘБЖАЛИЕВА,
№3 «Ертөстік» балабақшасының меңгерушісі