Қармақшыдан – Қытайға
Шетелде оқып жүрген әрбір студент өзінің білім деңгейін маман ретінде бағалап, басқалармен салыстырады. Ал Қазақстанның дамуына үлесін қосуы үшін білімімен қатар өмір тәжірибесін ала келеді. Қытай тілі мамандығы бойынша Қытайда білім алып жүрген Нұрасыл Маратұлының ойынша, оған бұйырған грант – болашағының шамшырағын жақты. Әрине, қазір қазақ студенттерінің көбі қытайлық оқу орнын секемсіз таңдап жатыр. Оның себебі де жоқ емес. Алдымен Қытайдың өзіндік тәжірибесі мен өркениеті бар. Ал аспан асты елінде білім алып жатқан студентің пікірі тым ерек.
"Қытайда білім жоғары бағаланады"
21 жастағы Нұрасыл Қызылтам стансасының тумасы. №79 негізгі мектебінде білім алады. Қарашаңырақты тәмамдаған соң Қызылорда облыстық М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде 1 жыл ағылшын тілі мамандығын оқыды. Қытайдан гранттар бөлінгенін естіген ол мүмкіндікті жібергісі келмеді. Себебі шетелде білім алу оның арманының бірі еді. Солай 2016 жылдың күзінде шетел асып мақсатымен тоғысады. Чунцин Өнер және Ғылым университетіне (Сhongqing University оf Arls and Sciences) оқуға түскен ол бүгінде 4 курс студенті. Қош. Облыс бойынша жалғыз барған ол өзге өңірден келгендермен тез тіл табысады. Себебі сырт елде қандасың туған бауырыңдай еді.
– Шетелде білім алу арманым болды. Сол балалық арманның шын мәнінде жүзеге асқанына әлі күнге дейін сене алмаймын. Әрине, баста жақындарым қарсы болды. Бірақ талаптанғанымды түсініп, тек батасын беріп шығарып салды. Міне Қытайда білім алып жүргеніме 4-ші жыл. Басқа ел, басқа орта өміріңе үлкен өзгеріс әкеліп, өмірге деген көзқарасыңды өзгертеді екен. Алғаш барғаннан-ақ біршама жасқа өскендеймін. Тез шыңдалдым. Шапшаң қимылдауды, ширақ ойлауды үйрендім. Тіл меңгердім. Мұнда тек білімділер «өмір» үшін күреседі. Көндіге алмағаны қайта еліне оралады. Себебі Қытайда білім жоғары бағаланады. Білім әрдайым ұлттық құндылықтармен бірге алдыңғы қатарда тұрады. Шетелдік студенттер келіп, мұнда білім алуын Қытай мемлекеті маңызды санайды. Әрине, мұндағы оқу орындары халықаралық стандарттармен санасады. Оны негізгі приоритетке қояды, – дейді ол.
Бір қызығы Қытайда бір дана шоколадтың өзі пара болып саналады екен.
– Чунцин – Қытайдағы ең ірі қала. Бұл жердегі мұғалімдер баланы оқы деп қинамайды. Оқитын балаға көмектесіп, оқығысы келмейтіндерге тиіспейді. Қатал тәрбиеші болып емес, құрдасыңдай араласа біледі. Ал білім беру деңгейі өте жоғары. Мұғалімдер жан-жақты, студенттерге адал қарайды. Мұнда тек таза білім бағаланады, – дейді қазақстандық студент.
«Стереотиптердің көбі жалған»
«Қытайлықтарға қатысты стереотиптердің көбі жалған. Олар мүлдем құрт-құмырсқа жемейді» дейді Нұрасыл. Оның айтуынша, құж-құж қайнаған базардағы жиіркенішті майда-шүйде жәндіктерді олар жемейді-мыс. Тек сырттан турист келгенде осы «асты» ұсынады. Олар мәз болып жеген соң әлгі сатушы «Біз негізі мұндай жәндікті жемейміз, ал сіз жедіңіз» деп әзілдесетін көрінеді.
– Отанда жүргенде жанымдағы адамдар «қытайлар құрт жейді» дейтін. Шынымды айтсам, бойымды үрей биледі. Бірақ барлығын өз көзіммен көргенде, оның бәрі жалған екенін түсіндім. Олар да біз секілді қарапайым тағамды тұтынады. Әсіресе күрішті көбірек пайдаланады. Ащы жасалатыны болмаса... Оған да үйреніп кетеді екенсің. Мен тұрған қала үлкен, тап-таза. Мұнда әдемі ғимараттар мен орындар көп. Көшелер көгалдандырылған, пальма, банан өсіп тұрады. Чунцинде қыс, күз болмайды екен. Ауа райы түсініксіз. Ыстық, ауасы ылғалды. Біресе жаңбыр сіркіреп жауса, ал бірде күн ысып кетеді. Ал кейде суытады. Бірақ +15, +19-ға дейін ғана. Күн жоқ болса да дала жап-жарық көрінеді, – дейді ол.
Қазақстандық студенттің айтуынша, қытайлар өте қарапайым, әрі әдепті. Жергілікті тұрғындар ашық-жарқын, әсіресе шетелдіктермен сөйлескенді жақсы көреді. Қазақтарға жақсы қарайды, бір нәрсе сұрасаң қашпайды, барынша көмектесуге тырысады. Көшеде абайсызда қағып кетсең, қабақ шытпайды. Оның орнына өздері екі-үш реттен кешірім сұрап, ұялтады екен.
Қытайлықтар өте жылдам және еңбекқор халық. Олар ақшаны қалай жинауды, үнемдеуді және табуды біледі. Ал ең бастысы спортпен айналысқанды жақсы көреді. «Оқымысты халық, ондағы қай университетке кірсең де 2-3 үлкен кітапхана болады. Іші лық толы. Бос орын жоқ. Бәрі сабақ оқып отырады. Ал түскі ас ішуге кетсе, бар затын қалдырып кете береді. Олар барлық бос уақытын оқуға жұмсайды. Себебі Қытайда бәсекелестік деңгейі жоғары. Осындай атмосферада өзің де оқуға қызығып, талпынасың. Түсінгенім, қытайлықтар баласына ақша аямайды. Әсіресе кішкентай кезінен ағылшын тілін үйретеді. Қаражатқа қарамастан балабақшада америкалық, иә болмаса Англиядан келген немесе ағылшын тілін жақсы меңгерген мұғалім болғанын қамтамасыз етеді» дейді ол.
Қытайлықтар ащы тамақты жақсы көргенімен, қазақтың етті қалай көп жейтініне таң қалады екен. Әсіресе жылқы етін жейтінімізді естігенде құлай жаздапты. «Қалай жылқы етін жейсіңдер» деген мұғалімге қазақстандық студенттер «Сіздер қалай шошқаның етін жесеңіздер, біз де жылқының етін солай жейміз. Бастысы – харам емес» деп жауап беріпті. Содан кейін ғана мұндай сауалдар қойылмаған екен.
– Олардың негізгі тағамы – күріш және мантоу. Мантоу деген – бізше айтқанда, буға піскен нан. Күрішпен бірге тағы түрлі тағам жейді. Балықты, кеспені жақсы көреді. Кез келген тағамнан шошқаның етін кездестіруге болады. Сол себепті біз алдын ала оны басқа етке ауыстыруын сұраймыз немесе мұсылман асханасына барамыз. Қытайға келген барлық адам басында тамақтан қиналады. Бірақ кейін үйреніп кетеді. Мәселен біз артық шығын болмас үшін үйде тамақ әзірлейміз, – дейді Нұрасыл Мұратбек.
«Ұлттық құндылығымызды дәріптейміз»
Мұнда оқитын қазақ студенттері түрлі шара ұйымдастырып, жиналып тұрады. Қара жорға билеп, ұлттық киімнің әсемдігімен шетелдіктерді тамсандырады. Бір қызығы 22 наурыз өзіміздікіндей тойланады. Қазақ студенттері ұлттық тағам әзірлеп, бауырсақ пісіріп, дастарқан жаяды. Дәмін татқан өзге ұлт өкілдері сүйсіне жейді.
– Қытайда студенттік өмір қызық. Бұл көпұлтты университет. Соған байланысты түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, әр ұлттың киімі көрсетіліп немесе ұлттық биден жарыс болады. Халықаралық ынтымақтастық мерекесі де тойланады. Адам көп жиналатын шарамыз «Айт» мерекесінде болады. Себебі мұнда индонезиялықтар басым. Мұсылман бауырлар айтулы мерекені тойлап, жыл сайын ауыз бекітеміз. Ал мұны көрген шетелдіктер қызыға қарайды, – дейді студент.
«Коронавирус: қорқынышты кино»
Індеттің таралғанынан құлағдар болған біз, шетелдегі жерлестерімізге алаңдағанымыз рас. Әсіресе ата-анасынан жырақта жүрген жас студенттердің жай-күйі толғандырды. Бірақ шешімін тауып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ студенттерін елге қайтарды. Қазақ студентінің айтуынша, мұны қытайлықтар ерлік санап, Президентті аңыз адамға балап, аузынан тастамайды екен.
– Вирустың таралып жатқанын естігенімізде онша мән бермедік. Ал Ухань қаласын карантинге жапқанда қорқынышымыз үдей түсті. Онсыз да үйіміздің тамағын, жылы алақанын аңсап жүргенімізде бұл дерт бізге қатты соққы болды. Көшеде бір-біріне соқтығысып жүретін адам жоқ. Бәрі азық-түлігін алып, үйлерінен шықпайды. Бетпердемен жүреді. Кәнігі қорқынышты кинодағыдай. «Елге ораламыз» деген үмітіміз де үзілмеді... Пекин. Барлығы бетпердемен жүр. Мұнда тексерістен өткізетіндер оранып киініп алған. Қолында дене қызуын өлшейтін құрылғы. 37 градусты көрсетсе болды, карантинге кетесің. Кезек-кезекпен тексерістен өтіп жатырмыз. Жүрегіміз қатты дүрсілдеп барады. Себебі мұнда ауырмай, тек қатты жүріп келгеннен ысуың көтерілсе оған қарамайды... Әйтеуір, өттім. Елге оралғанда да осылай тексерді. Бұл кезде де бойымызды қорқыныш биледі. Барлығы сәтті аяқталып, ауылға аман-есен келдім. Қанатының астына алып, өзге елде жалғызсыратпай, елімізге қайта жол ашқан Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, – дейді Н.Маратұлы.
Түйін
Қыр асып, білім жолына түскен Нұрасыл секілді қазақстандық жастар үшін туған елдің көк аспанын тамашалап, таза ауасымен тыныстаудан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?! Өзіміздің ұлттық тағамдарға тең келетін ас жоқ екеніне көзі жеткен ол елге жетекенше әр минутын санапты. Анасының ыстық бауырсағын аңсаған ол қазір ауылға деген сағынышты мауқын басып та үлгермеуде. Ал Қармақшыдан Қытайға апарған арман жолы, оны алдамады. Себебі ол елге оралып, ел дамуына үлес қосу үшін тәжірибемен шыңдалуда.
Айнұр ӘЛИ