» » Тазалық – табалдырықтан басталады

Тазалық – табалдырықтан басталады


ЖОСАЛЫ, 1 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Қай жерде, қай кезде болмасын тазалықтың орны ерек. Қоршаған орта, жан, тән тазалығы адам үшін қашанда бірінші орында. Айналамызға көз салсақ, тоқтаусыз ағылған көлік, жөнсіз тасталған қоқыс. Арнайы «қоқыс жәшігі» болса да, кей жерден шашылып жатқан қоқысты көзіміз шалып қалатыны жасырын емес.
   Аудан үшін тазалық мәселесі әрдайым басты назарда. Кенттің көркеюі мен санитарлық тазалығы бойынша жыл сайын түрлі жоба қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта бүгінде кентте 21 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Ол азаматтардың қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық қалдықты белгіленбеген орынға тастау, көшедегі жаяу жүргіншінің қоқысты бей-берекет тастамауын қадағалау мақсатында іске қосылған. Бейнебақылау камерасын арнайы монитор арқылы тиісті мамандар күнделікті бақылауда ұстайды. Қоғамдық орынды ластап, қоршаған ортаға зиян келтірген азаматтардың аты-жөні анықталып, олар белгіленген мөлшерде айыппұл төлеуде. Бейнебақылаудың нәтижелілігіне көз жеткен соң, биыл қосымша 40 бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда.
   Ал қоқыс контейнеріне келетін болсақ, былтыр қосымша 40 дана күл-қоқыс салатын контейнер жасалған. Еске сала кетсек, оны жалға алған тұрғын айына 360 теңге, жылына 4320 теңге төлеу жөнінде келісім-шартқа отырады. Оған сәйкес, әр айдың 25-іне дейін «Қазпошта» мекемесі арқылы кент әкімі аппаратының есепшотына ақы төлеуге міндеттеледі. Сондай-ақ, жалға алушы оны бүлдірмей, жақсы сақталуын қадағалап, ұрланып кетпеуін жауапкершілігіне алады. Олай болмаған жағдайда, шарт бойынша 37827 теңге төлеуі қажет. Ал контейнерге күл-қоқыс толған жағдайда қосымша «Қармақшы тазалығы» ЖШС мекемесімен келісім-шарт жасап, арнайы техника арқылы белгіленген полигонға шығаруға болады. Ескерте кеткен жөн, егер тұрғын темір жәшіктің төлем ақысын төлей алмаған жағдайда кез келген уақытта келісім-шарттан бас тартуға құқылы. Қоқысты қайда тастарыңызды білмей жүрсеңіз, бұл ақпарат пайдаңызға жарары анық.
   Қыс кетіп, көктем мезгілі таяды. Қысқы қалдықты жинап, айналаны гүлдендірер уақыт та келді. Осы ретте жыраулар үйінде аудан әкімі Мұса Қалдарбековтың төрағалығымен ауданды көркейту-көгалдандыру жұмысына байланысты дайындық барысын талқылауға арналған жиын өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы, ардагерлер, кент, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары мен көше комитетінің жетекшілері қатысты. Күн тәртібіне сай алғашқы хабарламаны аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Байсынов жасады. Одан кейін кент әкімі Шыңғыс Сыдықовтың баяндамасы тыңдалды. Хабарламашылар тазалықты сақтауға мекеме басшылары мен жалпы тұрғындардың және көше комитеті төрағаларының белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Тазалық жүйелі жүргізілгенімен артынша-ақ қайта қоқыстар шашылып, істелген еңбек жоққа шығатынын айтып қынжылды. Яғни, тұрғындар арасында ескерту беріліп, түсіндірме жүргізілгеніне қарамастан көшені ластау, есіктің алдын таза ұстамау, елді мекен тұрғындарының заңсыз күл-қоқыс тастауы, төрт түлік малды қараусыз жіберуі әлі тыйылмай тұр.
   Тазалық сақтауға тұрғын құлықсыз болса, кентіміз қалай көркеймек? Тазалық мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Ол ең алдымен тұрғынның өзі үшін керек. Себебі күл-қоқыс ауаны ластайды. Лас ауамен демалатын да өзіміз. Әрбір тұрғын өз ауласы мен үй-жайының айналасын таза ұстаса, кент көркіне өз үлесін қосқан болар еді.

Сондай-ақ аталған жиында аудан басшысы көркейту-көгалдандыру бағытында жүргізілетін жұмыстардың тізбесі дайындалғанын жеткізді.
   – Биыл жоспарға сай Жосалы кенті бойынша жаңадан 15,3 шақырым аяқ су жеткізетін арық қазу, 3 шақырым арықты тазалау, көше қиылыстарына 55 жол белгісі және 24 метр жасанды кедергі орнату, кенттегі 34 көшеге, барлығы 454 метрді құрайтын жаяу жүргіншілерге арналған өткел сызығын сызу жұмыстары жүргізіледі. Оған қоса, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында қосымша 40 бейнекамера, 6 жерге автокөлік реттілігімен жүретін және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көше қиылыстарына бағдаршам орнату белгіленді, – деді өңір басшысы.
   Одан бөлек, кенттегі саябақтарды қалпына келтіріп, оларды абаттандыру, көркейту бағытында нақты тапсырмалар берді. Әрбір саябаққа жүргізілетін қажетті жөндеу жұмыстары мен отырғызылатын көшеттердің тізімі нақтыланғанын айтты. Ендігі кезек – жұмысты өз деңгейінде атқару.
   Жиында аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы, көше комитетінің төрағалары Берікбай Әбдірахманов, Бостан Жалғасбаев, №183 мектеп директоры Алтынша Кенжеева, аграрлы-техникалық колледждің директоры Исламбек Айекенов ұсыныс-пікірін білдіріп, қойған сұрақтарына жауабын алды.

   Жоспар бар, нақты тапсырма берілді. Санитарлық тазалық науқанында біраз шаруа ширап, кенттің келбеті көркейе түсер. Әйтсе де, іс мұнымен бітпек емес. Оны ластамау, өзгенің еңбегін бағалау – елі мен жерін сүйетін тұрғынның жауапкершілігінде. Сөздің тоқетері, кенттің көркі – көше тәртібінен көрінетінін ұмытпасақ игі.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 наурыз 2020 ж. 1 773 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930