» » Адалдық – ар-намыстың сәулесіндей

Адалдық – ар-намыстың сәулесіндей

Жаңажол ауылы – тоқсан жылдық тарихы бар шағын ауылдық округ. Бұл ауыл қашаннан да дана мен талантты жандармен қатар, еңбек майталмандарынан кенде емес. Осы өңірде тек туған өлкесіне ғана емес, бүкіл елімізге танымалысы қаншама. Ойы озық, өресі биік, еңбегімен елге танылып, ел мақтанышына айналған тұлғаның бірі – «Жаңажол» ЖШС-нің бас агрономы, аудандық мәслихат депутаты Төлеу Ералиев.
«Ердің атын еңбек шығарар» демекші, елі үшін аянбай еңбек етіп жүрген Төлеу Айманұлының өмірі көпке үлгі. Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң Қызылорда политехникумында «гидротехник» мамандығын игерді. Одан кейін Отан алдындағы борышын өтеді. Әскерден келгесін, яғни 1986 жылы еңбек жолын туған өлкеде бригадир есепшісі қызметінен бастады. Аталған қызметте сегіз жылдай еңбек етті. Онан соң өзінің ұқыптылығы мен тиянақтылығы, жұмысқа деген адалдығының арқасында «Жаңажол» серіктестігінің №5 егіс бригадасының бригадиріне лайықты» деп танылып, көпшілік қолдауымен бригадирлікке ұсынылды. Еңбекті жаны сүйетін ол бұл жұмысты да абыроймен алып жүрді.
Тынымсыз еңбекқорлығы иен тындырымды тірлігінің нәтижесінде бригадир кезінде 3 рет ауданның жеңімпазы атанды. Елін сүйген ел ағасының еңбегі еленіп, 2013 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2015 жылдың қорытындысы бойынша облыста «Озат агроном» атағын иеленді. Еңбекпен шыныққан Төлеу Ералиевтің марапаттары мұнымен шектелмек емес. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл, «Қызылорда қаласына – 200 жыл», «Ерназар Сексенбаевтың туғанына – 100 жыл» атты мерекелік медальдармен, Қылышбек Әбішев атындағы төсбелгімен мадақталған. Ал былтыр ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Д.Назарбаеваның алғысымен қатар, ауданның жыл қорытындысында «Жылдың үздік ауыл шаруашылығы саласы қызметкері» номинациясын жеңіп алды.
Төлеу Айманұлы өскен өңірінде білікті маман ғана емес, сонымен қатар халық қалаулысы.  Аудандық мәслихат депутаты ретінде  келелі істердің басы-қасында жүрген азамат. Ол туған өлкенің дамуы және экономика саласымен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған игі бастамаларға өзіндік үлесін қосуда. Тұрғындардың мұқтажын анықтап, оларды қанағаттандыруда еселі еңбектер атқаруда. Аудан көлеміндегі шешімін таппай жүрген мәселерге баса көңіл бөліп, оң нәтиже шығаруға атсалысуда. Ауыл тұрғындары арасында жұмыссыздықты азайту, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру, шағын кәсіп иелерін қолдау, жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстың жүргізілуін әрдайым назарда ұстайды.
– Халық сенімін арқалаған тұлға ретінде ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесі мен ұсынысын аудандық мәслихат сессияларында көтеріп, өзге де құзырлы мекемелерге ұсынып, қабылданған шешімді халыққа жеткізуді басты мақсатым деп білемін. Еңбекшінің, соның ішінде ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеймін. Елімнің маған артқан сенімін ақтау үшін еңбектенуге қашан да дайынмын, – дейді кейіпкеріміз.
1989 жылы отанасы Зада Ғалымжанқызымен бас қосып, отау құрған. Өзі тәрбиелі отбасынан түлеп ұшқан ару, еңбек озатының түтінін түзу ұшырып, жары ғана емес, ең жақын серігі де бола білуде. Ол балалардың бал мекені №11 балабақшада әдіскер атқарады. Екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бүгінде елге сыйлы, қадірлі Ералиевтер отбасының перзенттері жоғары білімді мамандар. Екі қызы медицина саласында еңбек етсе, ұлы мен келіні ұстаздық жолда. Ал екінші ұлы кәсібінің нәсібін көруде.
Төлеу Айманұлы ­–­ балаларына сүйікті, мейірімді әке, ағайын-туысқа бауырмал, қолынан келген көмегін аямайтын қамқор жан. Тек еңбексүйгіштігімен ғана емес, тұлғалық қырынан да үлгі алуға тұрарлық тұлға. Отанасының айтуы бойынша, адамгершілік қағидатынан аттамайтын ардақты ағамыз салауатты өмір салтын да берік ұстанады. Күнделікті таңғы уақытта спортпен айналысып, денесін шынықтырады. Оған қоса, жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, кітап оқуды әдетке айналдырған. 
Бірнеше жылдан бері бас агроном қызметін атқаратын Төлеу Айманұлының әріптестер арасында орны бөлек. Ұжымы оны еңбекке адалдығы, турашылдығы мен жанашырлығы үшін құрметтейді. Ал«Жаңажол» ЖШС-нің төрағасы Орынбасар Төлепов ел алғысын арқалаған қызметкерді мақтан тұтатынын айтады.
– Төлеу өзіне тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарап, тиянақты орындайды. Бас агроном қызметін атқарып, шаруашылықтың дамуына үлесін қосуда. Мінезі салмақты, ұжым арасында сыйлы. Жанұясы да үлгілі отбасы қатарында. Халық қалаулысының елі үшін еткен еңбегі бір төбе. Мұндай азаматтар әрбір ұжымға керек-ақ, ­– дейді білікті төраға.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
        
­
10 ақпан 2020 ж. 586 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031