» » Ебін тапқанға еңбек көп

Ебін тапқанға еңбек көп

Қазір Қазақстанда  қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман.Осындай тыныш заманда неге аузымызды сары ауыз балапандай билікке аша түсеміз? Жұмыс керек пе? Мемлекет мүмкіндік берді, қайта даярлаудан өтіп, қоғамға қажетті маман бол. Болмаса, мемлекет берген несиеден алып, кəсіп баста. Проценті аз, ешқандай қыспағы жоқ бағдарламалар арқылы өз күніңді көруге тырыс. Одан басқа қандай мүмкіндік керек?
«Тегін ірімшік тек қақпанда болады». Ал қақпанға түскеннің күйін айтпаса да белгілі.Мемлекет мүмкіндік берді. Ендігісі тыраштану. Жанталасу. Жеміс – еңбек еткенге, маңдай терді төккенге беріледі. Нарықтың да талабы осы. Қазақстан озық 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтып отыр. Бәйгедегі ат оза шабу  үшін барын салады. Ал ел мен ел бәсекеге түскенде жанын салады. Осы жан алысып жұмыс істеуде қаншалықты табандымыз? Әрине, жұмыссыздықты жою үшін кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту маңызды. Ал екі қолға бір күрек іздеген жан «қандай кәсіп ашамын?» деп дал болатыны сөзсіз. Не істемек керек? Қармақшыда қандай кәсіп ашуға болады?
Ауылдағы нағашымның үйінде екі қораз, қырық шақты тауық жүретін. Қыдырып барған сайын жұмыртқасын алып кетеміз. Ол ол ма? Әлгі тауықтарды сойып, кәуап жасап береді. Тауықтың саны азаймайды. Жұмыртқалаған сайын бес-алтауын шөжелетеді. Қалған жұмыртқасын көрші дүкенге өткізеді. Кішігірім «бизнестен» бастаған тірлігі бүгінде ұлғайды. Сол ауылдың барлық дүкенін жұмыртқамен, тауық етімен қамтамасыз етуде. Одан қалды пеште қақталған «грильді» тұрғындарға тапсырыспен жеткізіп отыр. «Бірінші пайда болған тауық па, жұмыртқа ма?» деп ғаламторда сенделгеннен, құс алып оны баптаған әлдеқайда тиімді. Мәселен, сырттан импортталған тауық етін алайық. Дүкен сөрелерінде толып тұр. Қайдан келгенін білмейміз. Ал бағасы көңілге қонымсыз. Біреуі күнделікті ас мәзіріне жетпейді. Себебі, мұзы ерігесін көлемі де кішірейеді. Пісіргенде әлгіндегі майлы еті «піш» болып қалады. Неге? Ең алдымен салмағынан ақы жеу үшін етке ауа мен су айдайды. Солай шығынға қалай батып жатқанымызды білмей де қаламыз. Егер сол құсты өзіміз өсіріп, баптасақ ше? Бір тауықтың өзі кем дегенде күніне 1 рет жұмыртқалайды. Бұл қалтаңызда аз да болса ақша қалды деген сөз. «Ақша тиыннан құралады» демекші, ақырындап құс санын арттырса. Кәсіптің көзін шағыннан бастап, оны дөңгелетіп әкетсе, ғажап емес пе?
Қайсыбір жылдары әлемді дүр сілкіндірген кәсіпкер бүлдіршін көпке үлгі болып еді. Ол  үш жасында тауық асырап, кәсібін жұмыртқа сатудан бастаған. Ал алғашқы миллионын сегіз жасында тапқан. Басында оның иелігінде 60 тауық болды. Райан 12 жұмыртқаны үш долларға сатып, орташа есеппен күніне 15-20 доллар қаржы тапқан. Уақыт өте келе, ол жұмыртқа сатудан бөлек кәсіппен айналысуды жөн көреді. Кішкентай кәсіпкердің келесі бизнес идеясы көршілердің көгалын 25 долларға ретке келтіріп, тазалап беруге негізделді. Әрине, көгал шапқышты кішкентай бала басқара алмайды. Өз ойын жүзеге асыру мақсатында Райан 20 долларға қызметкер жалдап, 5 долларын табыс көрген.  Жас кәсіпкердің кәсібі күннен күнге көркейді. Жергілікті банк қызметкерлері оның жұмысына қолдау көрсету мақсатында оған банктен арнайы шот ашады. Төрт жасар Райан Росстың шотында 1500 доллар сақталды. Көпшілік оның үш жасында кәсіпті бастағанына сенбейді. Росстың кәсібі «ата-анасының көмегімен ғана табысқа кенелді» деп санайтындар аз емес. Алайда, ата-анасының айтуы бойынша, олар баласына тек қана рухани көмек көрсеткен. Ал Райан уақытының бір бөлігін балабақшада өткізсе, екінші бөлігін өз кәсібіне арнаған. Бүгінгі күні 13 жастағы Райан барлық ақшасын жылжымайтын мүлікке инвестициялаған. Оның иелігінде Онтариода орналасқан алты мекеме бар.
Қош. Өзімізге оралайық. «Ауданда сатылымдағы жұмыртқа Түркістан, Қызылорда секілді қалалардан келеді. Ал тұрғындар аптасына 10 мың, айына 40 мың дана жұмыртқа тұтынады екен. Бұл дегеніңіз жұмыртқаның сұранысқа ие екенін аңғартады. Бір жылға есептегенде тауық 150-280, үйрек 120-220, күркетауық 100-150, қаз 30-80, бөдене 250-300 жұмыртқа табады. Ал бұл кәсіпті дөңгелетуге көп қаражат кетпейді. Мәселен, жұмыртқа өндірудің жобалық сметалық құны 947 мың теңгені құрайды» деді жақында аудан әкімі Мұса Оспанұлы есепті кездесуінде.
Қазір ауданда жұмыссыздар саны – 5 процентті көрсетуде. Аталған кәсіп мол қаражат сұрамайды. Саусақ біріксе, ине іліккелі тұр. Жұмыртқаны жұрт жағаламай, өзімізде өндірсе, бұл да бірнеше отбасын асырайды емес пе?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек» деп еді. Біздікі тек жол көрсету. Ал қолға күрек алып, тыраштану әр адамның өз еншісінде. Нарықтың заңы – тіршіліктің ебін білу. Ойланып қарекет етсек, мұртымыз көп ұзамай майланары анық.

Айнұр ӘЛИ
05 ақпан 2020 ж. 981 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 029

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031