» » Қоғамда ниқаб кию міндет пе, індет пе?

Қоғамда ниқаб кию міндет пе, індет пе?

Ислам діні 14 ғасыр бұрын Аллаһтың шариғаты аясында қоғамда әйел адамға деген құрмет-қасиеттермен қатар оның құқын қорғаумен күресіп келеді. Исламның негізгі қайнарлары саналатын Құран мен хадистердің мазмұнында әйел адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуды ер адамдарға міндеттеген. Бұл дегеніміз ер адам бойындағы күш қуатымен, дене бітімімен әйелден қаншалықты басым түсседе оның адами тұрғыда, пенде ретінде Аллаһтың алдында тең дәрежеде екендігін білдіреді.
Қазіргі таңда әйел өзін кез-келген қоғамда еркін сезіне алады. Ислам әйелге жақсы қарауды бұйырудан бөлек, оған күнделікті қажетті өмірлік мұқтаждықтарымен қамтамасыз ету, әкеден қалған мирас несібесін беру, кез-келген отбасылық жағдайда ақылдасу, кеңесу секілді мәселелердің түйінін ашып берген.   Қазіргі таңда қазақ шаңырағында Исламға бет бұрған кейбір теріс ұстанымдағы жастар қоғамдағы қыз-келіншектерге деген құрмет пен ілтипат қасиеттерін жоғалтып жатқан секілді. Олар отбасын құрып болғасын әйеліне қаталдық танытып, түрлі дүниелік нәрселерден тыйып, ниқабпен бетін бүркеп, қоғамдық орындарға шығармай үйде оқшаулап ұстау әрекеттері белең алуда. Осындай мәселелер қоғамның Исламға деген көзқарасын теріс ағынға бұрып қана қоймай, қыз-келіншектердің тағдырын әбігерге салуда. Бұның барлығы Ислам дінін жеткілікті дәрежеде бойлап білмегендіктен туындайтын дүние. Ендеше тақырыпқа арқау болған «ниқаб» мәселесіне діни тұрғыда талдау жасайық. «Ниқаб» сөзі араб тіліндегі терминдік мағынада «жамылғы» дегенді білдіреді. Қазіргі таңда араб елдерінде ниқаб – барлық денені тіпті, жүз бен қолды да жабатын киім ретінде киіледі. Бұған қоса ниқабты уәжіп (міндетті) амал ретінде де дінге енгізгендер жоқ емес. Осындай көзқарастың салдарынан бүгінде қазақ қоғамында да кейбір қыз-келіншектер бет-жүздерін бүркеп, ниқабтың уәжіп амал екенін алға тартатындардың саны артуды. Әсілінде, ниқаб киімі қасиетті Құранда уәжіп амалы ретінде ескерілмеген. Бұған қоса ешбір басқа да діни деректерде оның уәжіп екені нақты айтылмаған. Олай болса оның Исламдағы үкіміне, әлемге белгілі ғалымдардың көзқарастарына тоқталып кетелік. Ол үшін алдымен мына бір аятқа зер салып көрейік: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында Аллаһтың қасында ең ардақтыларың тақуаларың»[49-13]. Аяттың мазмұнына қарар болсақ біздер әр түрлі жыныстар әрі бір бірімізді тану үшін әр түрлі ұлттардан жаратылғанымыз белгілі. Демек, адам бір-бірін тану үшін алдымен жүздеседі, сөйлеседі. Ал, егер қыз-келіншектерге ниқаб киімі міндетті болса онда олармен біз қалай танысамыз? Олардың жүздерін қалай көре аламыз?. Сондықтан аятта айтылғандай Аллаһтың алдында ең ардақты пенде ол – тақуа адам. Аллаһ біздің жүзімізге емес жүрегімізге қарайтынын естен шығармау керек. Бұл туралы ардақты пайғамбар (с.а.у.): «Аллаһ Тағала сендердің бет-әлпеттерің мен дүниелеріңе емес, жүректерің мен амалдарыңа қарайды», деген. Сонымен қатар ниқабты міндет санайтындар Аллаһтың мына аятын дәлел ретінде келтіреді: «Егер Пайғамбардың (с.а.у) жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, далданың (жабынғының) артынан сұраңдар. Бұл сендердің және олардың жүректерінің тазалығын білдіреді». Егер аятқа зер салар болсақ оның мазмұнында тек пайғамбардың (с.а.у.) әйелдеріне қатысты айтылғандығын аңғаруға болады. Ислам ғұламалары да бұл аяттың мазмұны барлық әйелдерге айтылмағанын алға тартқан. Мәселен, әлемге белгілі әл-Азхар университетінің шейхі Ахмет Тайб ниқабқа байланысты былай деген: «Қазіргі таңда Ислам әлемінде киімнің үлгісіне байланысты талас-тартыстар жиілеп кетті. Өкінішке орай, мұндай тартыстардың негізгі мақсаты шариғи дұрыс үкімді алып шығу емес, керісінше, әркім өз көзқарасын алға тартып, өзгеден басым түсу маңыздылығы рөл ойнауда. Ниқаб мәселесін шешудің жолы өте оңай және ол үшін дау-дамай туғызудың әсте қажеті жоқ. Біріншіден, ниқаб шариғи тұрғыда парыз да, сүннет те емес. Бірақ, ол макрух амалдарына да жатпайды. Ислам шариғатында мұндай мәселеде белгілі бір шарттар болады. Олар: парыз, сүннет, уәжіп және мандуб (жасауға ұсынылатын амалдар) болуы керек. Егер осы аталған шарттарға кіретін қандай да бір амал жүзеге аспаса, онда оның белгілі бір дәрежеде күнәсі, не есебі болады. Ал, ниқаб мәселесі бұл шарттарға кірмейді. Яғни, оны кию адамды ешбір сауапқа кенелдірмейді. Сондықтан ниқаб киімі ешқандай парыз, сүннет амалдарынан емес. Кімде кім ниқаб кисе ол шариғи киім үлгісін киіп жүрмін деп айтуға болмайды». Сондай-ақ, аталмыш университеттің бұрынғы шейхі Мұхаммед Сайд Тантауи (1928-2010ж.ж.) 2009 жылы әл-Азхар ұйымдастыруымен өткен форумда былай деген: «Ислам ғұламалары қыз-келіншектердің жүзін әурет емес деп бір ауыздан келіскен. Бұған қоса әйел адам жүзі мен қолын ашып жүруге болатындығы жайлы беделді 13 тәпсірші ғалымдар үкім шығарған. Сондықтан ниқаб кию ол асырасілтеушілік көрінісінен ал, хижаб байсалдылық көрінісінен болып табылады». Осы форумнан кейін Шейх Сайд Тантауи университеттің тәртіп жүйесін қайта қарап, университет қабырғасында әсіресе, емтихан уақыттарында ер кісілер жоқ жерлерде әйелдерге ниқаб киюге тыйым салған екен. Сонымен қатар Мысырдың экс-мүфтиі Шейх Али Жұма: «Ниқаб шариғи тұрғыда уәжіп амалдардан емес. Мұсылман қыз-келіншектер беттері мен қолдарын ашып жүруге толықтай болады. Бұл жайында Ханафи, Малики және Шафии мәзхабтары рұқсат берген», деген. Бұған қоса Мысырдың Уақф министрі Махмуд Хамди өз сөзінде: «Ниқаб – құлшылық емес, әдет-ғұрып болып саналады. Бұл жайында министрлік тарапынан ондаған еңбектер жазғанбыз», деген. Ниқаб киімі пайғамбар (с.а.у.) заманында болмағандығына мына хадис дәлел бола алады. Жабир ибн Абдулладан келген риуаят бойынша ардақты пайғамбар (с.а.у.) әйелдерге қарап: «Көп садақа беріңдер, себебі, мен сендерді тозақта көрдім», деді. Сонда әйелдер қауымынан бір қара жүзді әйел тұрып оның себебін сұраған екен. Хадистің мазмүнында белгілі болғандай егер пайғамбар (с.а.у.) заманында әйелден ниқаб киген болса, сахабалар әлгі сұраушы әйелдің қара түсті екенін қайдан білген? Демек, ол уақытта ешкім қарамен бүркенбеген болуы әбден мүмкін. Бұған қоса сәләфизм бағытының көрнекті өкілі Наср ад-Дин Әлбани өзінің «Жилбаб марат ул муслима» (جلباب المرأة المسلمة) атты еңбегінің 6-шы бетінде ниқабты кию міндетті еместігін алға тартқан. Мәселен, аталмыш кітаптың мазмұнында: «Ниқаб киімін асырасілтеуші мұсылмандар міндетті деп алға тартуда. (Қасиетті Құранда келген) «Химар» сөзі бетті емес шашты жабуды айтады. Сондықтан әйелдің бетін әурет қатарына қосқан ғалымдардың көзқарасы дұрыс емес. Бұл жайында Ибн Хубайра әл-Ханбали өзінің «Ифсах» кітабында жазып кеткен» делінген. Сайып келе, қыз-келіншектер өмірде келгеннен кейін оларды қоғамнан оқшаулап, бүркеп, қоғамдық орындарға шығудан тыйып, ешкіммен араластырмай, үйде қамап ұстау – адами тұрғыдан қарағанда, теріс құбылыс. Егер қыз-келіншектер Аллаһқа жақындауды қаласа одан бетті бүркеуден гөрі барынша игі істермен айналысып, сыпайы болуы талап етіледі. Сондықтан Аллаһтың алдында тазалық бетті жабумен есептелмейді. Аллаһ Тағала келесі бір аятында: «Әй адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік-бұйым түсірдік. Негізінде осылардың ішінде тақуалық киімі абзал болады. Әрине түсінерсіңдер, бұлар — Аллаһтың белгілері» делінген. Аятқа байланысты Ибн Жарир ат-Табаридың тәпсірінде былай делінген: «Аяттағы «тақуалық киімі» дегенімізге мұсылманның  бойындағы иманы, Аллаһтан қорқуы, ізгі амалдары жатады». Сол үшін қазақ қоғамына, дүниетанымына жат, одан қалса Исламда міндеттелмеген киім үлгілерін дәріптеп, онымен қоғамда теріс көзқарастың қалыптасуына себепкер болып, ондай жансақ пікірдің ортаға түсуінен барынша сақ болған жөн. Себебі, мұсылман Ислам үлгі етіп көрсеткен жолмен жүріп, барынша бүліктің алдын алуға тырысуы керек. Бұл жайында ардақты пайғамбар (с.а.у.): «Шынайы мұсылман ол біреуге қолымен де тілімен де зияны тимеген», деген хадисті естен шығармаған жөн ағайын.

12 желтоқсан 2019 ж. 1 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031