АГРОӨНЕРКӘСІПКЕ ТЫҢ СЕРПІН
Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты дәстүрлі Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ауданның ауылшаруашылығы саласы мамандарының үлкен қолдауына ие болды.
Жолдау сала бойынша тың жаңалықтарға толы. Мемлекет басшысы елімізде ауылшаруашылығы саласы бойынша еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру мен өңделген өнімнің экспортын нығайту туралы тапсырма бере келе шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығуды тапсырды. Бұл мәселені шешуде еліміздегі барлық аграрлық кешен түбегейлі бет бұруы керек.
Ол үшін біз не істеуге тиіспіз? Бұл ретте, Елбасы аграрлық ғылымды дамыту мәселесін басты назарда ұстау керегін айтты. Жаңа технологияларды трансферттеумен бірге оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуымыз керек. Сонда ғана біз сала бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз және әлемдік нарыққа шығамыз.
Ауылдық жерлерде жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы – тұрғындар арасында кооператив құрып, оған адамдарды мүшелікке тарту арқылы түрлі кәсіп көздерін ашу және ауыл тұрғындарын заман талабына сай өмір сүруге бейімдеу.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеулерін және оған міндетті түрде Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілу керектігін айтты. Сонымен бірге, мемлекет бизнеспен бірлесіп, өзіміз өндірген отандық өнімдерді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын табу арқылы ілгерілеуге тиіс екендігімізді жеткізді.
Елбасы қолдауына ие болған аудан жұртшылығы бүгінде бірігіп кооперативтер құруда. Өздері құрған кооперативтері арқылы өз кәсіптерін ашып, ел экономикасын дамытуға атсалысуда.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – бұл біздің жаңғыруымыздың жаңа жолы екені рас.
Сабытбек ЖОЛМАХАНОВ, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы