» » Агросалада алға жылжу бар

Агросалада алға жылжу бар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының үшінші тармағында ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін айқындап, оларды шешудің тиімді бағыт-бағдарын нақтылап, аграрлық ғылымды дамытуды басты назарда ұстау қажеттілігін айрықша еске салды. Сондай-ақ Жолдауда агроөнеркәсіп кешенінде заманауи технологияларды пайдалану арқылы адами фактордың қатысу үлесін анағұрлым азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын едәуір төмендету мүмкіншілігі нақты көрсетілді. 
Бұл орайда Елбасы «аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға ба­ғытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақыл­дарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды. Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен, жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет», – деп атап көрсетті.
Бұл ретте Елбасы аграрлық университет­тердің рөлін қайта қарау керектігін, олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруа­шылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс екендігіне баса назар ау­дарды. «Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі. Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оң­тайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады. Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егін­шіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмен­детуге мүмкіндік береді. Жаңа техноло­гиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агро­өнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Елбасы ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керектігін тағы да ескертті. Ең бастысы, «мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халық­аралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс. Ауыл шаруа­шылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүм­кіндік береді. Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек. Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашы­лығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет. Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруа­шылығы өнімінің экспортын тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев осы Жолдауда.
Жалпы отандық өнімді өндіруде оның экологиялық тазалығын сақтау мен эконо­микалық тиімділігін арттыру мақсатындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары және шетелдік жаңа технологияларды трансферттеу, оларды жергілікті жағдайға бейімдеу – біздің инс­титуттың басым бағыты. Атап айтқанда, инс­титут ғалымдары халықаралық ғылыми ор­та­лықтармен бірлесіп, жүгері, қант қызылшасы, көпжылдық мал азығы мен майлы дақыл­дардың жоғары өнімді әрі бәсекеге қабілетті әлемдік сорттары мен будандарын транс­ферттеу және оларды отандық жағдайға бейімдеу бағытында бірқатар жұмыс жүр­гізуде. Егіс дақылдарын жалдап-тарақтап себу, тамшылатып суару, дәлдік егіншілік жүйесінде өсімдікке минералды тыңайтқышты енгізу тәрізді дүниежүзілік озық технологиялар мен әдіс-тәсілдер шетелдерден елімізге жеткізіп, жергілікті жағдайға бейімдеудеміз.
Бұған қоса, біздің ғылыми-зерттеу инс­титут ғалымдары ауыл шаруашылығы дақыл­дарын өсірумен айналысатын әлемге әйгілі CIMMYT, ICARDA орталықтарымен бірлесіп, күздік бидайдың «Егемен», «Тұңғыш», но­қаттың «ИКАРДА 1», Али-Бар, Сербияның іргелі ғылыми мекемелерімен жүгерінің КазЗП-125, КазЗП-678, КазЗП-589, КазЗП будандарын бірлесіп шығарып, өндіріске енгізді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төр­тінші революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын­да белгіленген өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жетуде агро­өнер­кәсіп кешенін «ақылды техноло­гия­лар» арқылы дамыту бағытындағы тапсыр­ма­ларды орындау мақсатында институт ғалым­дары алдағы уақытта да биік белестен көрінеді деген сенімдемін.
Серік КЕНЕНБАЕВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының бас дирек­торы, ауыл шаруашылығы ғылымда рының докторы
19 қаңтар 2018 ж. 1 644 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031