ЖАНЫМЫЗДЫ ДА, ЖАДЫМЫЗДЫ ДА ЖАҢҒЫРТУ КЕЗЕҢІ
Қоғам өмірі жыл санап емес, күн санап инновацияланып, техникалық прогресс алға қарыштап келеді. Міне, дәл осы тұста Елбасының төртінші өнеркәсіптік революция бағытында, яғни, жаңа әлемге бейімделу, жетістікке жету жолында не істеу керектігін көрсетіп беріп отырған Жолдауы сіз бен біздің өміріміздегі тағы бір жаңашыл қадамымыз.
Жолдауда кәсіпорындарды жаңартуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажеттігі айтылды. Осы айтылған дәрежеге жеткен кезде біздің өмір сүру, жұмыс істеу, тұтыну деңгейіміздің жоғары болатыны түсінікті.
«Ақылды технологияларды» қолдану арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамыта түсу мүмкіндігі жоғары. Бұл үшін аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.
Жолдаудағы айтылған бұл мәселелер бізге шикізатты қайта өңдеп, әлемдік нарыққа жоғары сапалы өнім шығаруға жол көрсетеді. Әрине, бұл түйінді шешудің бір жолы аграрлық ғылымды дамыту екені даусыз.
Жалпы, ғылым демекші, Жолдауда білім берудің жаңа сапасы жайында тереңірек сөз болды. Әсіресе, Жолдаудағы «баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет» деген бағыты өте орынды.
Мен алғаш рет ағаш өңдеу кәсібін қолға алған кезеңде бұл жұмысты қолының ебі бар, жұмысқа ықыласты адамдардың атқара алатынын көрдім. Ал, қазір ағаш ұстасы, темір ұстасы, электрмен дәнекерлеуші деген қарапайым мамандық иелерінің өзі атқаратын жұмысының компьютерлік бағдарлама арқылы іске асатынын білгені абзал. Сондықтан жастар қолымнан іс келеді дегеннен бұрын осы қажетті мамандықтарды оқу арқылы игеруге ұмтылса ғана заман көшіне ілеседі.
Дәл осыған қатысты жастарға алғашқы мамандықты беру, оны Үкіметтің орындауы тиіс екендігі туралы Жолдауда айтылған Елбасы сөзі жастар болашағына алаңдайтын баршамыздың ойымызды дөп басты.
Біз бүгінде ғасырлар қойнауынан жарқырай көрінетін ұлы сана – ұлттық сананы жаңарту үдерісі үстіндеміз. Халыққа арналған жаңа Жолдау жанымызды да, жадымызды да жаңғыртып, өркениет өрінің тағы бір белесіне алып шығар баспалдақ болмақ!
Нұрмұрат ЕРМАНОВ,
Қызылорда облысының
Құрметті азаматы.