» » Ұлттық валюта: Өткені мен бүгіні

Ұлттық валюта: Өткені мен бүгіні

15 қараша – ұлттық валюта күні. Дәл осы күні төл теңгеміз айналымға түскен еді. Содан бері 27 жыл өтіпті. Осы аралықта теңгенің тағдыры талай қылға қыстырылып, талай төрде төрелік етіп те тұрды. Ел экономикасы дамып, алтынның құны жоғары болып тұрғанда теңгенің де бәсі биік болды. Ал қаржылық дағдарыстың желі ескенде, отандық өндірістің тынысы тарылып, ұлттық теңгенің қалбақтап қалғаны байқалды. Өткенге шолу жасап, бүгініміз бен болашағымызды сараптап көрелік.
Сәл артқа шегініс жасайық. 1993 жылдың 12 қарашасында Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Рес­публикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашада Тәуелсіз елдің төл валютасы айналымға енді. Дәл осы күні сағат таңғы 8.00-де қазақстандықтар банкке беттеді. Себебі, Кеңес одағының сомын жаңа отандық теңгеге айырбастап жатыр еді. Бұл процесс 20 қарашада кешкі сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық банк 1 теңгені – 1000 сомға бағалады. Алайда енді ғана аяққа тұрған елдің саяси, әлеуметтік мәселесі мен мемлекетаралық қатынасы ескеріліп, 1 теңге – 500 сом болып бекітілді. 1994 жылы жезден жасалған 2, 5, 10, 20, 50 номиналды монеталар шықты. Валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енді. Ал Тұңғыш Президент жарлығымен 1997 жылдан бастап 15 қараша – ұлттық валюта әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
Құнсыздану кезеңі
Еркін құбылмалы режим енгізу экономиканы дамытуға серпіліс болды. Әлемдік қаржы дағдарысының ықпалы мен сауда серіктес елдер валюталарының құнсыздануы салдарынан қазақстандық экспорт бәсекелестігін қалыпқа келтіру үшін 1999 жылы теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамы енгізілді. Ал 2014 жылы Ұлттық банк валютаның құнсыздануын тағы жариялады. Жаңа бағам 1 АҚШ доллары үшін 185 теңге болды. Мұндағы мақсат – шетелдік бәсекеге қабілеттілікті жақсарту мен қазақстандық өндірушілерді халықаралық нарықта қолдау еді. 2015 жылы 1 долларға 185-190 теңге дереу 308 теңгеге көтеріліп кетті. Себебі Ресей Федерациясының рублі құнсызданған болатын. 2016 жылы – 333,73, 2017 жылдың қазанында – 337,10 теңгені құрады. Ал қазір 13 қарашадағы жағдай бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 428,99 теңгені құрап отыр.
Теңгенің құнсыздануы ашық не жасырын болуы мүмкін. Ашық құнсыздану Ұлттық банкке тиісті құжатқа қол қою арқылы валюталық қатынастың формальды төмендеуін білдіреді. Бұл ретте реттеу әдісі өткен кезеңде айырбастау бағамы белгіленіп, алтынға байланысты болатын.
Девальвацияның негізгі тəуекелі – күтпеген кенеттен стресстік жəне басқа елдерге қатысты ұлттық валютаның айырбас бағамының айтарлықтай төмендеу қаупі, бірақ бүгінгі күні осы процесті көбінесе ақша-несие билігі – регулятор бақылайды жəне тіпті экспортты ынталандыру үшін мақсатты түрде жүзеге асырылады. Ал жасырын валюта девальвациясында басқа валюталарға қатысты ұлттық валюта құнының төмендеуі ақша-несие саясатына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерінің ресми пікірлерінсіз жүреді. Мұнда нарық пен валюта нарығындағы ойыншылар әрекет етеді.
Девальвацияның қажеттілігі неде?
Орталық банктердің құнсыздануының негізгі себебі елдегі сауда теңгерімінің нашарлауы және импорттың шамадан тыс экспорты басым болған жоғары инфляция, девальвация нәтижелері бойынша импорт қымбатқа түседі. Ал экспорт арзанырақ болады. Бұл бірнеше функцияларды орындауға және бірнеше макроэкономикалық және сыртқы экономикалық мәселелерді шешуге көмектеседі. Ол алдымен өз ұлттық валютасын құнсыздандыратын елдің төлем балансын жақсарту. Одан соң отандық тауарлардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Әрине, Қазақстанда теңгенің девальвация­сын талқылау маңызды. Әрі қоғам назарын аудартпай қоймайды.
Ұлттық валютаның тұрақтылығын бағалау және теңге құнсыздануының орындылығын анықтау үшін оның көрсеткішіне назар аударған дұрыс. Соның бірі – ақша-несие саясаты органдарының шетел валютасындағы активтерімен ұлттық валютадағы міндеттемелерін қамтамасыз ететін жағдай. Strategy2050.kz сайтының мәліметінше, активтер шетел валютасындағы рөлінде, ең алдымен, Қазақстан Ұлттық Банкінің халықаралық резервтері болып табылады. Ал міндеттемелерге келетін болсақ, олар түрлі ақша және квазақшалық агрегаттар, ең алдымен, ақша базасы. Мәселен, Ұлттық Банктің деректері бойынша 2015 жылдың қаңтар-маусым айларында міндеттемелер көлемі 26 процентке (3,1 трлн теңгеден 4,1 трлн теңгеге дейін) өскен болса, активтер керісінше азайған (29 млрд доллардан 28,8 млрд АҚШ долларға дейін). Сол себептен Ұлтық банк 2015 жылдың тамыз айын­да девальвация жасауға мәжбүр болды. Мұнай бағасына, басқа валюталарға қатысты бағамға және нақты әсер етуі тиіс басқа да факторларға қарамастан, доллардың өсуі жалғасуда.
Төл теңге төрімізде
Елтаңбаның нышаны бейнеленген 5 теңгені көрсек, аттап өтіп кетпейміз. Рас қой? Себебі санамызда, жүрегімізде Отанға деген ыстық сезім лаулап тұрады. Мейлі қазір ол теңге бұрынғыдай емес, құнын жойған болса да оның жерде жатқанын көріп, көтеріп қоямыз. Бұл – төл теңгемізге деген ерекше ықылас, шексіз құрмет. Тұңғыш теңгенің дизайны әлі күнге дейін кім-кімнің де жадында сақталғаны рас. Ұлттың болмысы, нақышы, қазақы келбетін бейнелеген төл теңгенің жөні бөлек. Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай ханы бар ақша тарихтан сыр шертіп тұратын. Қазір теңгенің түр-түсі, келбеті өзгерді. Уақыт соны талап етті. Технология дамыды. Уақыт талабына сай дизайны әсемденіп, қорғаныштылық қабілеті жетіле түсті. Ал алғашқы дизайндағы теңгелерді қазір көрсек, құдды өткеніміз көзге еріксіз орала береді, орала береді. Мұндай сезімге қармақшылық коллекционердің үйіне барғанда куә болдық. Мейрамбек Ермұратов бала күнінен бастап түрлі тұрмыста қолданған дүниелерді жинаған. Оның ішінде өзіміз айтып отырған бұрынғы банкноттар мен тиын-тебендер бар. Оның әрқайсысын реттілікпен жинап, ұқыптылықпен жоғары сөреге қойып қойыпты.
– Жинаған коллекцияма қызығушылық танытып, тіпті ақшаға не мүлікке айырбастағысы келетіндер болды. Егер маған ақша маңызды болса бұлардың ешбірі қолда қалмас еді. Сіздер де осындай тұнған тарихтың бір бөлігін көрмес едіңіздер. Бұл теңгелер өзіндік құнын жойғанымен тарихтағы рөлін жойған жоқ. Маған оның әрбірі ыстық. Өскелең ұрпаққа да тарихымызда осындай банкноттар болған деп айтып, көрсету – үлкен мәртебе, – дейді коллекционер.

Түйін
Тәуелсіз ел экономикасының темірқазығы – ұлттық валюта. Тағдырлы кезеңде қабылданған шешімнің мәнін ұғынбаққа артқа шегініс жасап, теңге тарихын шолып көрдік. Иә, күрделі уақытта тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан өзіндік қаржылық-экономикалық саясатын қалыптастыруына тәуекел етті. Осылай дербес мемлекеттің ұлттық валютасы – қазақ теңгесі дүниеге келді.
Айнұр ӘЛИ
14 қараша 2020 ж. 3 170 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031