ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН БІЛІМ БӘЙГЕСІ
Ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Үсен Қошалақов атындағы математика пәнінен дәстүрлі «Ұстаз – ұлағаттың шайыры» тақырыбында ХІХ аудандық олимпиадасы өтті.
Жыл сайын ұйымдастырылатын білім бәсекесінің басты мақсаты – ардагер-ұстаздың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, есімін ұлықтау және оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар дарынды жастардың қабілетін шыңдап, білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған.
Дәстүрлі олимпиада ұлағатты ұстаздың ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Ә.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шарада Ұлмекен Ақшолақова, Гүлжауһар Раева, Алпысбай Серкешбаев, Көптілеу Қазақбаева сөз сөйлеп, естеліктер айтты.
Олимпиадада аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықов шәкірттерді құттықтап, марапаттау рәсімін жасады.
Білім додасында 8-11 сынып оқушылары өзара бақ сынап, математика пәнінен білім деңгейі мен логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Жеке есеп бойынша 8-сыныптар арасында №279 мектеп оқушысы Күлаш Жаңабай, 9-сыныптар арасында Медина Утемисова, 10-сыныптар арасында №275 мектеп оқушысы Маржан Қауышқан, 11-сыныптар арасында №109 мектеп оқушысы Кәусар Әмірбекова І орын иеленді.
Ал командалық есеп бойынша І орынды Е.Көшербаев атындағы №279 мектеп-лицейі иеленді. ІІ орын Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясына бұйырса, ІІІ орынды Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі қанжығасына байлады.
Олимпиада барысында қатысушылар «Руханият» орталығына барып, ондағы музей мен көрмені тамашалады. Танымдық экскурсияда оқушылар ауданның тарихи-мәдени мұрасымен танысып, тағылымды мәліметтер алды.
Ұстаз есімін ұлықтаған дәстүрлі олимпиада білім мен тәрбиені ұштастырған іс-шараға айналды. Осындай сайыстар жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегелі жолын насихаттауға да мүмкіндік береді.
Алан ЕРЕН















