«АДАЛ АЗАМАТ» – БІРТҰТАС ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМНІҢ НЕГІЗІ
Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясында жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елжанды, жауапты әрі адал азамат қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мектептегі тәрбие жұмыстары «Білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығы негізінде ұйымдастырылып, білім алушылардың бойында отансүйгіштік, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, бірлік пен өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыруға бағытталды. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінен бастап аталған бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тапты. 1 қыркүйек – Білім күніне орай мектептің барлық сыныптарында екі мезгілде алғашқы сабақтар ұйымдастырылып, оқушыларға тәрбиелік мәні зор мазмұнды жұмыстар жүргізілді.
Алғашқы сабақтың тақырыбы – «Қазақстан Республикасының Конституциясы – Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі». Сабақ барысында оқушыларға Конституцияның еліміздің қоғамдық тұрақтылығы, бірлігі мен құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, азаматтық жауапкершілік, Отанға деген сүйіспеншілік және ел болашағына деген жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды.Сабақтар барысында оқушылар өз ойларын еркін білдіріп, адалдық, әділдік, отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және білімге ұмтылу сияқты құндылықтардың адам өміріндегі маңызы жөнінде пікір алмасты. Түрлі сұрақтар мен пікірталастар арқылы оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, ел тағдырына бейжай қарамауға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру тек жекелеген іс-шаралармен шектелмей, оқу-тәрбие үдерісінің барлық бағыттарымен сабақтастықта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, сынып сағаттары, тәрбиелік іс-шаралар, ата-аналармен жұмыстар, оқушылардың өзін-өзі басқаруы, қоғамдық және әлеуметтік бастамалар арқылы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән берілуде.
Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – білімді ғана емес, ар-ұяты жоғары, елін сүйетін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, қоғамға пайдалы тұлға қалыптастыру.
Ұстаздар қауымы әр сабақ пен әр тәрбиелік шараны жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіретін маңызды мүмкіндік ретінде қарастырады. Өйткені бүгінгі оқушы – ертеңгі ел азаматы, мемлекеттің болашағын қалыптастыратын тұлға.
Адал азамат – елдің берік тірегі.
Зерделі ұлт – білім мен тәрбиені қатар ұстанған ұрпақ.
Жауапты қоғам – саналы азаматтардан құралады.
Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, білім мен тәрбиені сабақтастыра отырып, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталады.
Еспаева Жазира Мусабековна,
Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясы
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
















