АДАЛДЫҚ ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ
Адалдық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Адал азамат өз сөзіне берік болады, еңбегін бағалайды, өзгеге құрметпен қарайды және елінің дамуына үлес қосуға ұмтылады. Біздің болашағымыз – білімді, еңбекқор, жауапты әрі адал ұрпақтың қолында.
Дәстүрлі білім күніне орай Байқоңырдағы С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінде «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында бірыңғай ісшара өткізілді. Мақсаты – білім алушыларға Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру, білімге ұмтылу, адал еңбек ету, заңды құрметтеу және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтарын қалыптастыру, жастардың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру.
Іс-шарада топ жетекшілері білім алушыларға «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Толық адам» идеологемаларының мәнін түсіндіріп, азаматтық жауапкершілік пен ел болашағына оң көзқарасты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпарат беріп, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы аясында оқу мәдениетін дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және білімді ұрпақ қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Мерекеге колледждің әлеуметтік серіктестері қатысып, білім алушыларға өздерінің кәсіби қызметі мен кәсіптері туралы таныстырылым жасады. Кәсіп өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, еңбекке жауапкершілікпен қарау, мамандық таңдаудың маңыздылығы және кәсіби даму мүмкіндіктері жөнінде пайдалы ақпарат берді.
Білім алушылар әлеуметтік серіктестермен пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Иә, әрбір жас өз ісіне жауапкершілікпен қарап, білім алып, адал еңбек етсе, қоғам да, мемлекет те өркендейді. Сондықтан адал азамат болу – тек жеке адамның емес, бүкіл елдің жарқын болашағына жасалған маңызды қадам.
Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы
















