Топ-баннер
» » АДАЛДЫҚ – ҚОҒАМ ТІРЕГІ

АДАЛДЫҚ – ҚОҒАМ ТІРЕГІ

Жуырда аудандағы «Руханият» орталығында «Ислам және адал қоғам» тақырыбында рухани-танымдық кездесу ұйымдастырылып, тағылымы мол басқосу өтті. Ісшараға облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бірінші найб имамы Жақсыбек Әбенов арнайы қатысып, ауданның зиялы қауым өкілдерімен, ардагерлермен еркін форматта жүздесті. Кездесуді аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов жүргізді.
Жиынның басты мақсаты – ардагерлер мен дін өкілдері арасында рухани сұқбат орнатып, қоғамдағы адалдық, имандылық, әділдік секілді асыл құндылықтарды кеңінен насихаттау, ұрпаққа үлгі боларлық өмірлік тәжірибе төңірегінде ой бөлісу болды.
– Ислам діні – адамды көркем мінезге, адал еңбекке, сабыр мен жауапкершілікке үндейді. Ардагерлеріміздің ғұмыры – осы құндылықтардың іс жүзіндегі айқын көрінісі. Бүгінгі кездесудің мәні – қоғамдағы адалдық пен имандылық мәселесін ортаға салып, тағылымды әңгіме өрбіту, – деді Ә.Құлдүйсенов.
Кездесу барысында қоғамдағы адалдық, әділдік және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, ислам дінінің рухани-тәрбиелік маңызын түсіндіру мәселелері кеңінен талқыланды. Облыстық бірінші найб имам Жақсыбек Әбенов өз сөзінде имандылықтың қоғамдағы орны, отбасы тәрбиесінің рөлі, азаматтық жауапкершілік туралы жан-жақты ой қозғап, адалдық ұғымының мәніне терең тоқталды.
– Пайғамбарымыздан «дін деген не?» деп сұрағанда, ол «адалдық» деп жауап берген деген риуаят бар. Біздің ата-бабаларымыз да осы ұғымға ерекше мән берген. Адал жар, адал ас, адал еңбек, сөз адалдығы деген тіркестердің өзі халқымыздың дүниетанымынан сыр шертеді. Тіпті киіз үйдің жабдығына дейін «адал бақан» деп атауы – тазалық пен шынайылыққа деген құрметтің белгісі. Ең әуелі адам Жаратушыға адал болуы тиіс. Ал қоғамдағы түрлі келеңсіздіктер адалдықтан алшақтаудан туындайды, – деді ол.
Бүгінде көптеген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы «Ислам және адал қоғам» жылын жариялап, адалдық қағидаттарын кеңінен насихаттауды қолға алған. Бұл бастама – қоғамда әділдік пен сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам. – Ислам адамды тек Құдай алдында ғана емес, қоғам алдында да жауапты болуға тәрбиелейді. Әрбір іс-әрекет үшін есеп берілетініне сену – адалдықтың ең биік көрінісі. Мұсылман адам ешбір ісінің ескерусіз қалмайтынын біледі. Сондықтан бүгінгі таңда бүкіл адамзат алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – әділетсіздікпен күресіп, адал қоғам құру, – деді Ж.Әбенов.
Жиында адалдықтың тек жеке адамға тән қасиет емес, тұтас қоғамның тірегі екені ерекше атап өтілді. Адалдық – әрбір отбасынан басталып, қоғамдық қатынастар арқылы кеңейетін құндылық. Егер әр азамат өз ісін Жаратушы алдындағы аманат деп қабылдаса, қоғамда сенім мен береке орнап, тұрақтылық нығая түседі.
Еркін форматта өткен кездесуде аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы М.Әлиев, аудандық полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Назарқұлов және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ш.Құндақбаев өз сауалдарын қойып, пікірлерін білдірді. Олар әсіресе жастар тәрбиесі, отбасындағы құндылықтар сабақтастығы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Кездесу соңында қатысушылар рухани басқосулардың қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға, жастардың бойында имандылық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға оң ықпал ететінін айтты. Қоғамда әділдік пен сенім салтанат құрса, адалдық та өмірлік ұстанымға айналары сөзсіз.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
20 ақпан 2026 ж. 80 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (10480)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (10479)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (10479)

10 ақпан 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 471
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 305

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728