Құрылтай
» » 137 БАЛЛ – ТАБАНДЫЛЫҚТЫҢ ЖЕМІСІ

137 БАЛЛ – ТАБАНДЫЛЫҚТЫҢ ЖЕМІСІ

Ұлттық бірыңғай тестілеу – әрбір мектеп түлегі үшін жауапты кезең. Бұл – тек білімді саралайтын емтихан ғана емес, жас талапкердің болашақ мамандығына бастар маңызды белес. Жоғары нәтиже бір күнде келмейді. Оның артында үздіксіз еңбек, жүйелі дайындық, ата-ананың қолдауы мен ұстаздың бағытбағдары тұрады. Биыл осындай жетістікке қол жеткізген талапкерлердің бірі – Байқоңыр қаласындағы №274 орта мектептің түлегі Ақбота Алпысбаева. Ол ҰБТ-дан 137 балл жинап, аудан абыройын асқақтатты.
Ақбота ҰБТ-да бейіндік пән ретінде математика мен географияны таңдап, болашақ мамандығын менеджмент және басқару саласымен байланыстырған. Оның айтуынша, бұл жоғары нәтиже ұзақ уақыт бойы жүргізілген жүйелі дайындықтың жемісі.
– ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптан бастадым. Алғашқыда Juz40 білім беру курсында негізгі білім қорымды қалыптастырдым. Ал 11-сыныпта дайындықты бұрынғыдан да күшейтіп, әр күнімді жоспар бойынша өткіздім. Жоғары нәтиже дәл осы тұрақты еңбектің арқасында келді, – дейді ол.
Кез келген жетістік жолында қиындықтар кездесетіні белгілі. Ақботаның да дайындық кезінде өзіне деген сенімі төмендеп, еңбегінің нәтижесін көрмей қиналған сәттері болған. ҰБТ күні де толқу болғанын жасырмайды. Дегенмен, алғашқы қобалжу сұрақтарды көргеннен кейін басылған. 137 балл алғанын көргендегі әсері Ақботаның есінде ерекше сақталды.
– Кейде қанша оқысам да, алға жылжу байқалмайтын кездер болды. Сондай уақытта бәрін тастағым келетін. Бірақ ең бастысы – өзіңді қолға алып, тоқтамау. Аз болса да күн сайын еңбек ету керек. Өз-өзіңе сену – табысқа жетелейтін басты күш. Нәтиже қандай болады екен деген ой болды. Бірақ дайындыққа сеніп, бар күшімді салдым. Сұрақтардың өзіме таныс екенін көргенде сенімім артып, сабыр сақтай алдым. Ең маңыздысы – уақытты дұрыс пайдалану. ҰБТ кезінде әр минуттың бағасы жоғары. Нәтижені көргенде қатты қуандым. Себебі ұзақ уақыт бойы жасаған еңбегімнің ақталғанын сезіндім. Бұл – ұмытылмас сәт болды. Ең алдымен анама алғыс айтамын. Дайындық барысында үнемі қолдап, жанымнан табылды. Сонымен қатар мектептегі ұстаздарыма, Juz40 курсының мұғалімдері мен кураторларына ризашылығым шексіз. Олардың еңбегі мен қолдауы осы нәтижеге жетуіме үлкен ықпал етті. Алдағы уақытта М.Нәрікбаев атындағы университетте менеджмент және басқару мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отырмын. Бұл салаға қызығушылығым мектеп қабырғасынан қалыптасты.
Түлектерге айтарым, дайындықты мүмкіндігінше ертерек бастаңыздар. Күн сайын аз болса да тұрақты дайындалу өте маңызды. Өздеріңізге ыңғайлы оқу жүйесін қалыптастырып, демалысқа да уақыт бөліңіздер. Ең бастысы – тоқтап қалмау. Аз-аздан болса да үздіксіз еңбек үлкен нәтижеге жеткізеді, – дейді жас түлек.
№274 орта мектептің директоры Өркен Камаладинұлы бұл жетістікке жоғары баға берді.
– Ақботаның ҰБТ-дан 137 балл жинауы – оның жеке еңбегімен қатар, ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен атаанасының қолдауының нәтижесі. Әрбір оқушының қабілетін дер кезінде байқап, дұрыс бағыт беру – ұстаз еңбегінің басты көрсеткіші. Сондықтан бұл жетістік – мектеп ұжымының, ұстаздарының және ата-анасының ортақ жеңісі. Осындай білімді жастар еліміздің болашағын жарқын етеді деп сенемін. Ақботаны, оның ата-анасын және ұстаздарын шын жүректен құттықтаймын, – деді мектеп басшысы.
Үздік оқушының сынып жетекшісі Алтынкүл Нұралиеваның айтуынша, шәкірті мектептегі ең еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары оқушылардың бірінен саналады.
– Шәкіртім ҰБТ-ға 10-сыныптан бастап дайындалды. Мектептегі бос кабинеттерге арнайы кесте түзіп, төрт оқушының бірге дайындалуына жағдай жасадық. Сол төрт оқушының барлығы ҰБТ-дан 100 балдан жоғары нәтиже көрсетті. Бұл – олардың бір жылдық емес, екі жыл бойы жүйелі еңбектенгенінің нәтижесі, – дейді сынып жетекшісі.
Ұстазының айтуынша, Ақбота сабақтан тыс уақытта да белсенділігімен ерекшеленген. Ол бірнеше жыл бойы би үйірмесіне қатысып, шығармашылық қабілетін дамытқан. Сонымен қатар биыл Байқоңыр қаласындағы дарынды жастарды қолдауға арналған «Будущее Байконура – 2026» стипендиясының иегері атанған.
Ақботаның жетістігі – тек жоғары балдың көрсеткіші емес. Бұл – мақсатқа адалдықтың, үздіксіз еңбектің, ұстаз бен атаана қолдауының және өз күшіне деген сенімнің нақты дәлелі. Осындай білімді, ізденімпаз жастардың қатары көбейген сайын еліміздің де болашағы нұрлы бола бермек.
Бауыржан ҒАЛЫМҰЛЫ
10 шілде 2026 ж. 103 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (10519)

09 шілде 2026 ж.

№50 (10518)

04 шілде 2026 ж.

№49 (10517)

30 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 445
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

21 маусым 2026 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 949

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031