БІЛІМ БӘЙГЕСІНДЕГІ ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІК
Әр оқу жылының соңы – мектеп түлектері үшін маңызды сәт. Алтын ұясындағы білім жолын аяқтап, соңғы қоңыраудың сыңғырын естіген оқушыларды ҰБТ күтеді. ҚР білім жүйесіне 2004 жылдан бастап енгізілген бұл тестілеу – ЖОО-на түсуге ниеттенген әрбір бала бағындыруға тиісті белес.
Оқушының он бір жыл бойы жинаған білімі сынға түсетін сынақтан сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсеткен оқушылардың бірі – Байқоңыр қаласындағы №275 орта мектептің оқушысы Айым Айдосова.
Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз дайындықты әдет еткен ол Ұлттық Бірыңғай тестілеуде 134 ұпай иеленді.
Бұл жетістік – оқушының табанды еңбегі мен ізденісінің, сондай-ақ ұстаздары мен атаанасының қолдауының нәтижесі. Жас түлек өз жетістігіне қатысты ойымен бөлісіп, дайындық барысында тәртіп пен тұрақтылықтың маңызды рөл атқарғанын айтты.
– ҰБТ-ға дайындықты ерте бастадым. Алдыма нақты мақсат қойып, күн сайын өзіммен жұмыс істеуге тырыстым. Жоғары нәтиже көрсету үшін тек білім ғана емес, сабыр мен жауапкершілік те қажет. Бұл жетістік – менің ғана емес, маған әрдайым қолдау көрсеткен ата-анам мен ұстаздарымның еңбегінің жемісі. Барлық мұғалімдеріме шексіз алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта заң саласы бойынша білім алып, елімнің дамуына өз үлесімді қосуды қалаймын, – дейді Айым.
Айта кету керек, Айым бұған дейін де білім бәйгелерінде топ жарып жүрген үздік оқушылардың қатарынан көрінген. Ол жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың республикалық кезеңінде құқық негіздері пәні бойынша ІІ орын алып, күміс медальға қол жеткізген. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі дебат ойындарының аудандық, облыстық кезеңдерінде тапқырлық танытып, жүлделі орындарды иеленген.
Үздіксіз дамуды талап тұтқан жалынды жас бұл жетістікпен тоқтап қалмай, алдағы өзге де білім бәсекелерінде бағын сынап көруді мақсат еткен. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білетін ол IELTS (ағылшын тілінің халықаралық тестілеу жүйесі) тестілеуін тапсыруды жоспарлап отыр.
Дамудың даңғыл жолын таба білген дарынды жастың зияткерлік сайыстардағы жетістіктері мен жеңістері көз қуантады. Айымдай озат оқушының жұлдызы жоғары, жолы жарық болып, әрдайым айы оңынан туғай!
Ердәулет ОРЫНБАСАР

















