Түлектері түгел грант иегері
qarmaqshy-tany.kz Мемлекеттік грант – бұл елдің болашағына салынған ең үлкен инвес тиция. Білімді жастары бар ел ғана тұғырынан таймасы анық. Әрбір оқу жылы аяқталғанда мектеп түлектері ҰБТ тапсырып, соның негізінде мемлекеттік грант үшін конкурсқа қатысады. Атааналар мен түлектер тамыз айын ерекше үмітпен күтеді. Жақында көпті күттірген мемлекеттік конкурстың нәтижелері жарияланды. Грант иеленген талапкердің де, ата-аналарының да қуанышында шек жоқ. Басым көпшілігі жағымды жаңалықты естігендегі бейнелерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жарыса жүктеді.
Мемлекеттік гранттың қорытындысы жарияланғаннан кейін ел арасында «Биыл грант көп бөлінді», «Ата-аналарға жақсы жеңілдік», «Балалардың несібесі болар» деген сөздерді құлағымыз шалды. Мемлекет есебінен жоғары білім алу, әрі оған өз біліміңнің дәрежесімен қол жеткізу – әрбір түлектің арманы. Осы үдеден шыққан талапкерлер арасында биыл сыныбымен, мектебімен түгелдей грант иеленгендер ауданда да жетерлік. Осындай білім ордасының бірі – Төретам кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектеп. Мұнда биыл 14 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, түлектер түгел грант иегері атанған. Оның арасында 3 түлек «Алтын белгі», 3 түлек «Үздік аттестат» иеленген. Ал мұндай жетістік білім ұясы үшін таңсық емес. Себебі бұл мектеп бұған дейін де жоғары көрсеткішке ие болып келген.
Бұл жетістікті мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары тынымсыз дайындықтың және мамандық пен жоғары оқу орнын дұрыс таңдаудың нәтижесі дейді.
– Негізі жылда біздің балалар жақсы нәтиже көрсетеді. Бірақ, жылына 1-2 немесе 4 оқушы грантқа түсе алмай, ақылы негізде оқып немесе ішкі грантқа түсіп жататын еді. Шілде айында грант конкурсына құжат тапсыру үшін мектеп директорының бейінді жұмыстар жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілер, түлектер, ата-аналар аудан орталығындағы №250 мектеп-лицей базасына барлығы бірге барды. Ұстаздар қауымы мамандық, оқу орнын таңдауда ата-аналармен бірлесе отырып талапкерге бағытбағдар берді. Жалпы бірлесе, көпшілікпен келісе жасалған жұмыста береке бар ғой. Нәтижесінде биылғы түлектеріміз 100% грант иегері атанды. Мектеп мерейін асырған шәкірттеріміз болашақта елге адал қызмет ететін білікті маман болады деп сенеміз, – дейді №269 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Тәжібаев.
Грант иеленген түлектердің де өз айтары бар. Қатарластарының грант жеңіп алғанын естіген Аружан қуанышының еселенгенін жеткізді.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – оқушының 11 жыл бойы алған білімінің нәтижесі, қорытындысы. Сондықтан да әрбір бітіруші түлек үшін ҰБТ-ның маңызы зор. Маған да өзге түлектер секілді қорқынышты әрі қиын көрінді. «Алтын белгіге» үміткер болғандықтан жауапкершілік еселене түсті. Грантқа түссем деген арман кейде уайым сыйлаған кездері болды. «Орынды қарекет орынсыз уайым-қайғыны сейілтеді» деп Абай атамыз айтқандай, мен де құр уайымдағаннан гөрі әрекетке кірісейін деп дайындықты ерте бастап кеттім. Дайындықты ерте бастағанның артықшылығы өте көп. Білмей жүрген тақырыптарыңды үйренесің, тіпті таңдаған пәніңнің кіріспесінен бастап оқуға мүмкіндік бар. Дайындық арасында түрлі сайысқа қатысып үлгердім. Өйткені бас көтермей ҰБТ-ға дайындала берсең қорқыныш еселене береді. Жуырда біз асыға күткен конкурстың қорытындысы жарияланды. Тізімнен өз есіміңді іздеп отырған кездегі толқу, қобалжуды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Шүкір, тізімнен өз есімімді таптым. Мен мұны тынымсыз еңбектің нәтижесі деп білемін. Аз-аздан үздіксіз дайындалып, қарыс қадаммен үлкен мақсаттарға жол ашылды. Бір кезде сыныбымыздың барлығы да грантқа түсті деген сүйінші хабар келді. Бұл, тіпті қуанышымызды еселеп жіберді. Ата-аналарымызға, сүйікті ұстаздарымызға алғыс айтамын, – дейді «Алтын белгі» иегері Аружан Жексенбаева.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА