» ЖАСАРҒАН, ЖАСАНҒАН ЖАҢАЖОЛ

ЖАСАРҒАН, ЖАСАНҒАН ЖАҢАЖОЛ

Ауыл – қазақтың кіндік қаны тамған қасиетті қоныс. Еңбек пен бірліктің ұйысқан ортасы. Салт пен дәстүрдің салтанат құрған сәмбі бағы. Мұнда ерінбей еңбек етіп, білегін сыбанғанға бақ қонып, бақыт дарымақ. Ауыл – бірлік пен берекенің құтты мекені. Осындай үлгілі ісімен өзгеге өнеге болған өрелі ауыл іздесеңіз Жаңажолға қарай жол тартыңыз. Келмеске кеткен одақ ыдырап, ел қалтарыс пен бұлтарыстың ортасында  қалып қиналған шақта іргесін шайқалтпаған, бірлігіне селкеу түсірмеген бірден-бір ауыл – осы Дүр Оңғар. «Тектіден – текті туар, тектілік – тұқым қуар» деген.  Ұлының ізі үзілмеген, шаруаның құрыш қолынан өсіп-өнген елді мекенді тарқатпай, тұтас сақтап қалған атпал азамат Қылышбек Әбішев ағамыз. Үлкен жүректі азамат ауылдың түтінін түзу ұшырып, шаруашылықты рес­публика көлеміне көтерді. Ел ағасының сол бастаған орасан еңбегі әрі қарай да дамып, ырыс-несібенің құт қазаны еңбекпен қыж-қыж қайнауда.
Есімі елге мәлім Дүр Оңғар қай кезеңде де Сыр салысын өндіруде озат ауыл. Оны осындай дәрежеге жеткізіп, абырой биігінен көрсеткен – «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 400 отбасы тірлік кешіп отырған берекелі мекеннің 400 тұрғынын жұмыспен қамтыған іргелі шаруашылықтың тізгіні бүгінде білікті басшы Орынбасар Төлеповтің қолында. Біздің жол сапарымыздың аталған шаруашылықтың күріш сақтайтын қоймасынан басталуы да тегін емес еді. Қайсыбір елді мекенге маңдай тіремейік қасымызға жолсерік қосып алатын әдетіміз. Бұл жолы да шаруашылық басшысы серіктестіктің екі бірдей маманы – бас агроном, аудандық мәслихаттың депутаты Төлеу Ералиев пен бас экономист Берденбек Рахуовты қасымызға қосып, тұшымды мәлімет алуға септігін тигізді. Жұмыстың жа­йын бес саусағындай білетін мамандар бізді көп күттірмей, көлікке отырғызып ұжымдағы игі жаңалықпен таныстыруға бет алды.
ҚЫРМАН БАСЫ ҚЫЗУ ЕҢБЕК
Қазірдің өзінде қырманда қарбалас. Маманның айтуынша, ауыл еңбеккері ерте таңнан іске кіріседі. Ер кісілермен қоса, қолына шелек ұстап, біраз шаруаның басын қайырған қыз-келіншек те жүр мұнда. Қырманда өткен жылдан бері бірқатар құрылыс жұмысы қолға алынып, пайдалануға берілсе, енді бірқатарының құрылысы қыркүйек айын­да аяқтау жоспарлануда. Атап айтар болсақ, былтыр сыйымдылығы 1560 тонна болатын жаңа күріш сақтайтын қойма іске қосылса, 2500 тонна Сыр салысын сақтайтын екінші бір қойманың құрылысы бітуге жақын. Сонымен қатар, трансформатор, автобөлшек, кебек, жоңышқа тұқымын сақтайтын қойманың іргетасы қалануда. Серістестік үшін өткен жыл табысты өткен. Облыс көлемінде озаттар қатарынан ойып орын алса, келесі бір жетістігі – қырманда сағатына 5 тонна ақ күріш шығаратын күріш цехы іске қосылған. Ғимарат іші мұнтаздай таза, кірген адамның көңілі тоятын шағын өндіріс орнына Мұратбек Жұмабаев меңгерушілік етеді. Диірменде сұранысқа сай қыс бойы күріш ақталып, сатылымға шығарылған.
Жалпы «Жаңажол» шаруашы­лығы­ның техникасы егінге тыңғылықты дайындықпен келген. Оны 10 «Класс» комбайны, 5 «Магдон», 10 «Енисей» жаткасы, 22 астық таситын және жер жыртатын, 32 «МТЗ», 5 астық тиегіш, сондай-ақ тағы басқа да ұзын саны 120-ға жуық ауыл шаруашылығы көлігі қамтамасыз етуде.
Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы саласында инновациялық жаңалық жетерлік.  Соның бірі – егін шаруашы­лы­ғын әртараптандыру. Мұндай жаңа­лықтан жаңажолдықтар да шет емес. Бұл ретте үстіміздегі жылы серіктестік 20 гектарға бұрын тәжірибеде болмаған соя дақылын егіп, одан өнім алмақшы. Сабағы екі қарысқа көтерілген жаңа дақылдың жапырағы Сыр топырағын жатырқамайтындай. Желмен тербеліп, көктеп-көгеріп тұр. Мұны егінжай алқабына барған сәтімізде өз көзімізбен көрдік. Бізге соя дақылы жайында саланың білікті маманы Төлеу Ералиев баяндап берді.
– Соя – қай жағынан да тиімді дақыл. Біздің өңірге жерсініп, одан мол өнім алуға болады деген үміттеміз. Қазір қалдықсыз өнімге көңіл бөлінуде. Одан қажетті өнім алудан бөлек, малға азықтық жем дайындауға болады. Аталған дақылды 8-сәуірде 20 гектар жерге ектік. Маусымында үш мәрте суарылатын болса, енді бірер күнде соның біріншісін бастаймыз. Шығым жақсы, – дейді тәжірибелі маман.
Шаруашылық соядан өзге, 3050 гектарға күріш дәнін сепкен. Оның 2250 гектары – «Лидер» сорты болса, 800 гектары – «Янтарь». Бұған қоса, іргедегі Иіркөлдің 350 гектарын күтімге алып, инвесторлық етуде. Оған серіктестік есебінен 20 млн. теңге жұмсалып, 12 иіркөлдікті жұмыспен қамтыған. Бұл қаржыға канал қазылып, қашыртқыларға жөндеу жүргізілген.
«Жаңажол» ЖШС-да озаттар бар­шылық. Оның қатарында №3 егіс бри­гадасының бригадирі Балтабай Сәметов те  бар. Ол облыстың бір дүркін, ауданның төрт дүркін чемпионы. Өз ісінің шебері. Егінжай ері 600 гектарға күріш егіп, оны күтімге алған. 26-сәуірде суға бастырған Сыр маржаны қазірде түпке отырған. Қарамағында 42 адам  жұмыс істейтін айтулы бригада еңбеккерлері жылға азық саналатын әрбір күнді сапалы өткізіп, аянбай тер төгуде. 
– Жігіттердің көңіл-күйі жаман емес. Барлығы да өз ісін біледі. Биыл да жоғары үдеден үмітіміз бар, – дейді бригадир Балтабай Сәметов. 
Біздің назарымызды біраз нәрсе өзіне аудартты. Шыны керек, жолымызда кездескен әрбір азаматтың көкірегінен туған жерге деген жанашырлық сезіліп тұрды. Аз-кем әңгіме туғанда да сөзіміз туған жер тақырыбына ойысып, алтын бесік ауылдан алыстамады. Иә, ауылдағы ауызбірлік пен ел арасындағы ынтымақ – осындай патриоттық тәрбиені паш еткені бізге де рух сыйлады.
ӨНДІРІС ӨРІСТІ КЕҢЕЙТЕДІ
Ауылда – жағымды жаңалық көп. Маңайда бетон зауыт салынуда. 2018 жылы жұмысын бастаған шағын кәсіпорында құрылысқа керекті іргетас, төсеніс секілді бетон өнімі өндірілуде. Зауыттың жұмысы күн санап жандана түсуде. Тапсырысқа қарай, ауыл тұрғынына қызмет көрсетпек. Тіпті, тұтынушы іргетасын құйып, қалап беруге тапсырыс берсе, зауыт тарапы оған да дайын екенін айтады. Осы жылдың тағы бір өзгерісі – тәулігіне 40 м³ газоблок шығаратын цех бір ай шамасында іске қосылмақ. Шаруашылықтағы құрылыс жұмысын ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген шебер Мұрат Ешниязовтың айтуына қарағанда, зауыттың болашағы зор. Өйткені, құрылыс жұмысы тоқтамайды. Әсіресе, бәсекелестік белең алған шақта.    
Қойма, зауыт, цехты аралаған кездегі әсеріміз бір бөлек болса, ауылдан 4 шақырым жерде жатқан 4 гектар алма баққа келгендегі әсеріміз тым басқа. Сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Бақты 3 жылдан бері бағбан Сәттар Ерманов баптайды.
– Бақта алманың 5 түрі егілген. 2500 түп алма бар. Бақ баптауды 2017 жылы бастағанбыз. Қазірдің өзінде кейбірі түйнек салып, жеміс бергелі тұр. Келесі жылы жаппай жеміс беруі керек, – дейді бағбан.   
Расында да көкпеңбек болып жай­­қалған бақтан көз алмай қарап қал­ғанымыз рас. Кісі бойынан асар-аспас алма ағаштары тереңнен тамыр жайып, Жер-Ананы жасандыруда. Агросаладағы әртараптандыру саясатының тағы бір әсем көрінісі  осылайша көзіміздің алдынан көлбей өтіп жатты. 
Бақта бағбан мен ауылдың бақша бригадирі Әсет Мансуровты да бірге кездестірдік. Қарамағына 4 звеновод кіретін бақша бригадирі атқарылып жатқан шаруадан хабар етті. Осыған дейін көп болып 5 гектар картоп, 30 сотық қызанақ пен қырыққабат, 70 сотық қияр мен сәбіз егіп, бірқатар жұмысты еңсеріп тастаған. Енді уақытында отағын жұлу мен суару жұмысы дұрыс істелсе – көкөністен де  пайдаға кенелуге болады. Керегіңді қажетіңше жарат та артығын сат.
Адам бойындағы ең қастерлі қасиет – бұл үлкен адамгершілік. Адами келбет. Һакім Абай айтқандай, жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат. Бұл тұрғыда да шаруашылық қайырымды істер атқарып, елдің алғысына бөленуде. Аталарымыз ертеде: «Істің біткеніне емес, басталғанына сүйін» деген. Сол секілді шаруашылық басшылығы ауылдың 2 тұрғыны – Күләш Молдабаева мен Шарапбай Бәйімбетовке тұрғын үй салуды қолға алыпты. Шаруаның бастан асатын шешуші кезінде де ретін келтіріп, уақыт тапқан серіктестік азаматтары тұрғын жайдың құрылысын бастап кеткен. Жолсеріктермен иін тіресе жүріп, бірқатар шаруамен  таныстық. Күн ысып, түс болғанын шаруашылықтың қоғамдық тамақтандыру орталығына жеткенде бір-ақ байқадық. Мұнда орталық меңгерушісі Пернайым Көшербаеваның жайған дас­тарқанынан дәм ауыз тиіп, сапарымызды сабақтадық.  
СЫР ШЕРТКЕН МҰРАЖАЙ
Сырттан конақ келсе, қанша сыпайы болса да сынамай кетпейді. Ауылына қарап азаматын таниды. Елді мекеннің орталығындағы Бексаба көшесі бойында орналасқан «Тағзым» алаңы кім келсе де ұялмай көрсетуге болатын мәдени ошақ. 2010-жылдары елімізге танымал тұлға, ауылдың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан Қылышбек Әбішев ағамыз алаңды жөндеуден өткізіп, жарықтандырған. Мұнда 1937 жылғы сталиндік репрессия құрбандары мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ескерткіш тақта қойылған. Алаңға көркейту-көгалдану жұмысы жүргізіліп, түрлі гүл егілген. Көшенің келесі бетінде ауылдық мәдениет үйінің 2 қабатты ғимараты менмұндалайды. Алаңнан аяңдай басып,  осындағы тарихи-өлкетану мұражайына бас сұға кетуді де жөн санадық. Қос қабатты ғимараттың бірінші қабатында мәдениет үйі орналасса, жоғары қабатында мұражай орын тепкен. Мұражайдың ашылғанына көп болмаса да ауылға қатысты біршама мәлімет жинақталған. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында лентасын қиған мұражай ауыл тұрғынының рухани қажетіне жарап тұр. Мұнда ХІХ ғасырға тиесілі дүниелер де бар. Экскурсовод Айбол Байменовтің сөзіне қарағанда, ағаш ұстасы Елубай Мырзахметовтің ағаш көрігі, темір ұс­тасы Мақан Байнияздың жезден со­ғылған бұйымдары, зергер Алдажар Ера­лыұлының зергерлік заттары мен шебер Ерман Шегебайұлының қолынан шыққан басқа да мұралар – мұражайдың құнды жәдігері саналады. Мұнан соң көзімізге түскені – «Жаңажол» ЖШС-ін 24 жыл басқарған Қ.Әбішевтің алған марапаты мен ауылдың түлеуіне зор еңбек сіңірген  азаматтардың суреті. Сондай-ақ №107 мектеп оқушыларының қолөнер бұйымы да мұражай төрінен орын алыпты.
КӘСІПТЕ ДЕ ЖАСТАРДЫҢ БАР ТАЛАСЫ
Әрі қарайғы жолымыз ауыл әкімі аппаратының әдіскер маманы Әзімхан Өтегеновпен түйісті. Алтын ұя ­а­у­ылда 83 кәсіпкерлік нысан кірістер басқармасына тіркелген. Кәсіпкерлік саласында жастардың да үлесі бар. 22-23 жастағы жастардың кәсіпке деген жігерін естігенімізде, алақайлап бөркімізді аспанға аттық. 2018 жылы 20, үстіміздегі жылы 2 адам «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығы» мен «Даму» аймақтық бағдарламасы аясында айналым қаражатын толықтыру мақсатында 83 млн. 600 мың теңге несие 6 процентпен алған. Кәсіп ашушының дені – мал шаруашылығын дамыту, жеңіл өнеркәсіп, тігін шеберханасы мен сұлулық салоны бағытында. Олардың ішінде, тігін цехы мен сұлулық салоны – қайтарымсыз несие грантын ұтушылармен ашылған. Сүт, ет бағытында жұмыстар істелуде. Жастардың кәсіпке қызығушылығы жоғары деңгейде. Мысалы, ата кәсіпті дамытып, мал бордақылауға 2 млн. теңге көлемінде несие алған Нұрдәулет Әбутәліпов пен 3 млн. теңге несиеге қол жеткізген Дархан Айманов, сондай-ақ 2 млн. 500 мың теңге несиеге ие болған Нұрсұлтан Назыбековтер 22 жаста болса, жылқы басын көбейту мақсатында 2 млн. теңге несие алған Қалдан Кенішбеков небәрі 21 жаста. Жеңіл өнеркәсіпті жетілдіруді мұрат еткен Ерсін Өтепов те сондай жастың бірі. 5 млн. теңге жеңілдетілген несиеге қолы жеткен жас кәсіпкер тыңнан түрен салып, ауылдан тікенсым, шеге шығаратын цех ашпаққа бел буыпты. Кәсіптің кілтін тапқан Думан Жаппаров та жылыжаймен 2017 жылдан бері айналысады. Ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» жеңілдетілген несиемен 2 млн. теңге қаражат алса, «Бизнестің жол картасы» бойынша да 1 млн. теңге қайтарымсыз грант жеңімпазы. Жылыжайда қызанақ, қияр, тағы басқа өнім түрі егіледі. Кәсіпкер 3 адамға жұмыс берген. Ұсталық өнер – қашан да ел ішінен сұраныс тудырады. Ауыл халқы осыған дейін қала барып, жиһаз сатып алатын болса, 2016 жылдан бастап ағаш ұстасы Тұрсын Төлепов осы мәселені шешу мақсатында жиһаз цехын іске қосқан. «Ақниет» бағдарламасы арқылы жоба жеңімпазы атанған ол 700 мың теңгемен кәсіп бастаған. Кейін келе тағы да кәсібін сүйемелдеуге 4 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, жаңа бетбұрыстар жасаған. Ол бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен. Бұл тізімді тағы да жалғастыруға болар еді. Дегенмен, біз бұл жерде кәсібін дөңгелетіп, оны заман талабы деп білетін жастардың бір парасының ғана аты-жөнін көрсетіп отырмыз. Ал ауылда әлі де кәсіп ашуға ниеттенген қаншама адам бар. Мұнан түйгеніміз – пендеде шынайы ынта мен ықылас болса, екі қолға бір күректің қашанда  табылатыны.
Түйін:
Ауылдың бірлігі мен ынтымағында ақсақалдар мен аузы дуалы қарттың да үлесі   бар. Олар әркез жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырады. Ауылдың ауа-жайын бағамдайды. Мұнда болған сүт пісірім уақыт бізге көп нәрседен хабар бергендей. Олар үшін бәрінен қымбаты – ауылға, еңбекке һәм бірлікке деген айнымас адалдық. Ал адалдық жүрген жерге жамандықтың шаң-тозаңы ешқашан қонбақ емес.
      
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».      
---
13 маусым 2019 ж. 1 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 158

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930