АҒА АЛАҚАНЫН САҒЫНУ
Қылышбек ағамыздың қайтыс болғаны жайлы суық хабарды естігенімде төбеме жай түскендей болды. Сол күні ағамыздың Қызылордадағы үйіне барып, жеңгемізге, туған-туысқанына көңіл айтып, көпшілікпен бірге болдық. Қалада осы күндермен қабат келген Тынышкүл Дәлиева апамыздың 70-жылдық мерейтойына қатысып, қонақтармен бірге апамыздың көңілі үшін күліп жүргендей көрінгеніммен көкірегімдегі қайғының ауыр салмағы менің еңсемді езіп тұрғанын қалай жасырайын. Ертеңіне жұмыс күні еді. Сол себептен ауылға қайтып ағамыздың намазына қатысудың реті келмеді. Сол үшін өзімді кінәлі адамдай сезініп, ағамның соңғы сапарына қатысты шарасына қатыса алмағаныма, отбасы мүшелерінің қайғысына ортақтасып, туыстарына демеу бола алмағаныма өкінгендей едім. Тек осы жылдың 7-наурызында Шәкизада Әбдікәрімов ағаммен бірге қасыма туған інімді алып, сәлем беріп әрі жеңгемді мейрамымен құттықтап шығайық деген мақсатпен Қылшекеңнің отбасында болдық. Жеңгеміз қайындарының келгеніне қуанып, дастарқан жайды. Кезінде атақты күріш бригадирі болған Серік Айманов ағамыз да ауылдан келіп отыр екен. отбасымен бірге бізді қарсы алды. Ас ішілді, жағдай сұрасып бірсыпыра әнгіме айтылды, өткен-кеткен жәйттар еске түсті. Бәрі жақсы, көңіл дұрыс, бірақ гүрілдеген үй иесінің дауысы, айналасындағыларды еріксіз баурап алатын ашық-жарқын күлкісі, «пошамать» деп інілеріне айтатын өзіне ғана тән әзілі, ағалық қамқор сезімі, әттең-ай, жетіспей тұрды-ау!
Ағамыздың Елбасымен, облыс басшылары, Парламент депутаттарымен және отбасы ортасында түскен қабырғадағы фото бейнесі ғана біздің сыртымыздан қарап тұрғандай. Иә, Қылшекеңнің орны тек үйінде ғана емес ауылдасы, әріптесі, досы мен туыстарының арасында да ойсырап тұрғаны уақыт өткен сайын айқын сезілетіндей. Жұмыс барысында, одан тыс уақытта да қимас ағамен кездесіп бірге болған кездерді көз алдыма елестетсем, оның дара тұлғасы бұрынғыдан да биіктей түскендей. Пендешілікпен көзі тірісінде қасымызда жүрген ерекше жандардың қадірін білмей, тек оны жоғалтып, одан мәңгі айрылған уақытта ғана қандай асылдан көз жазып қалғанымызды түсініп сан соғатынымыз қандай өкінішті. Мүмкін бұл барымызды кезінде бағаламайтын адам деген жаратылыс иесіне тән қасиет болар. Қайсыбір іс-әрекеті мен керекті жерінде айтқан сөзін есіме алсам, ол кісінің қандай ортада да көзі жеткен шындықтан айналып өткен кезін жолықтырмаппын. Біреуге ұнайтынына, ұнамасына қарамастан, сөз атасын өлтірмей, айтатын жерде ойын ашық та айқын айта білетін. Мына бір жай еске еріксіз түсіп отыр.
2005 жылдың мамыр айының 2-3 күндері ауданға жұмыс сапармен сол кездегі облыс басшысы Икрам Адырбеков келген-ді. Аудан орталығындағы «Қармақшы» мейрамханасында түстік асты ішіп болғаннан кейін сол кездегі аудан әкімі Рзақұл Нұртаевпен бірге жаяу аудан активінің жоспарлаған бір шарасына жиналып тұрған жерінде – орталық алаңға жақындап қалған облыс әкімі: «Қылшеке қалай жағдайларыңыз?» – деп сұраған еді. Сол заматта Қылшекең өзіне тән жуан дауысымен: «Нашар!» – деп жауап бергенде алаңда жаңғырық болып естілді. Аудан әкімшілігінің аппаратында құқық бөлімінің басшысы болып қызмет ететін маған да Қылшекеңнің жауабы ерсі болып көрінді.
Әрине, қандай жағдай болмасын облыс әкімінің ауданға келген сапарында барлық жоспарланған шаралар абыроймен өткенін тілейсің. Алайда, ауданда күріш егу науқаны жүріп жатқан осынау қарбалас шақта себілген күрішті суға бастыру кезінде орын алған су тапшылығы ойына алған жұмысты аяқтатпай жанына тыныштық бермеуі шаруашылық басшысының жанына маза бермеген еді. Сондықтан біздің қысылып-қымтырылып жатқанымызға қарамай мәселені бүйірден қойған екен-ау, – деп осы күні ойлаймыз ғой. Аймақ басшысы көтерілген мәселеге түсіністікпен қарап, оны дереу шешу үшін облыстағы жауапты азаматтарға сол уақытында тапсырма беріп жатқаны есімде.
Жалпы өмірлік тәжірибемнен байқағаным адал еңбекпен абыройға жеткен кісілер жалқауды, арамтамақты, өтірікшіні жек көреді. Олардың ішінде Қылышбек ағамыз әсіресе болмаған нәрсені болды қылып көрсететінді (олардың ішінде БАҚ өкілдері де бар), жұмысын сапасыз орындайтынды немесе белгілеген уақыттан тым кеш келетіндерді жақтырмайтын. Ағамыз аудан әкімімен кездескен шақта, бір-екі рет байқағаным, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмайтынын ашық білдіріп отыратын. Ондайда ойын-шыны аралас: «Сізге мемлекет берген құқығыңыздың бірсыпырасын маған бір күнге берсеңіз біраз адам жұмыстан босап кетер еді» – деген сөзімен жеңіл қағытатын кездері болған.
Ол кісінің шындықты айтқанының пайдасы айтылған сынға мән беріп, өзіміздің жоспарымызға дер кезінде өзгеріс енгізіп, кабинетте отыра бермей, шаруашылықты, егістік алқабын, су жүйесін көбірек аралауға тырыстық. Ағамыз күннің қандай бір мезгілі болмасын тыным көрмей, күннің ыстығына қарамай, өсіп тұрған күрішті күніне бір аралап келмесе отыра алмайтын. Өзіне қойған талапты өзгеге де қойып, ауданның негізгі байлығы – күрішке деген жұрттың көзқарасы өзінікіндей адал болғанын жақсы көріп тұратыны анық байқалатын.
2007 жылы аудан орталығында халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істей бастағаннан кейін ол кісінің басқаруындағы «Дүр Оңғар» ауылында да «бір терезе» мекемесінің өкілдігі ашылатын болды. Шараға облыстан, ауданнан біраз қонақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді. Жоспарлаған күні сәскеде келуге тиісті адамдар біршама кешікті. Тұрғындар, ауыл ақсақалдары жиналып күтуге мәжбүр. Шаруашылық басшысы елге пайдасы бар шараға келгендер құр кетпесін деп дастарқан жайдырып, алғыс айту және тағы басқа шараны жоспарлап қойған. Алайда, сырттан келетін қонақтар кешке бір-ақ келді.
Шара өтті, лента қиылды, музыка ойналды, қол соғылды. Бірақ, шараға шаруашылық басшысы қатыспады және қонақтарға мерекелі дәмді тағамдар мен сый-сияпаттар ұсынылмады. Сол кездегі аудандық мәслихаттың депутаты Әбілда Қуаңбаев ұялғаннан қонақтарды өз үйіне шақырып, жеңгеміздің қолынан шай берді. Қонақтар ешнәрсені сезбесін деп ауданнан келген жігіттер мен ауыл әкімі бәріміз дастарқанда бірге отырдық. Сонда Әбілда ағамыз арасында маған: «Ағаңның осындайы бар енді», – деп күлді. Сонда Қылышбек ағамыздың қылығы ыңғайсыз болып көрінгенімен артынан ойланып қарағанда ол кісінің реніші орынды екеніне көзім жетті. Қонақтардың кешігуін ауылды, қарапайым еңбек адамын сыйламағаны, олардың сол күнге жоспарлап қойған басқа да мың-сан жұмысын елемегені деп қабылдады.
Қылышбек Қуанышбайұлының бүкіл саналы өмірі қайнаған өндірістің ортасында, ауылда, дала қосында, еңбеккерлер мен мамандардың арасында өтті. Олардың күнделікті тұрмыс- тіршілігінде кездесетін шаруашылықтың сан түрлі қиындығы мен қызықшылығын бірге көрді. Ол басқарған «Жаңажол» ЖШС-дегі еңбек адамына қолдау көрсетіп, жағдай жасаудың қалыптасқан үрдісі туралы бүкіл ел білді десем артық емес. Әрбір дала қосынында жатын орын, монша, асхана жұмыс жасады. Жұмысшылар үшін бақша, көкөніс дақылы егіліп, күтімге алынды. Шаруашылықта шағын қамкесек құю зауыты жұмыс істеді. Тұрғын үй салушы ауыл тұрғындары арзан бағамен осы кесекті сатып алып, пайдасына жаратты.
2009 жылы әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында «Жаңажол» ЖШС демеушілігімен көтерме азық-түлік және шаруашылық заттары сауда дүкені ашылды. 2015 жылдың ақпан айынан бастап жаңа наубайхана жұмысын бастап, халыққа нан және басқа да нан өнімін ұсынды. 250 орындық тойхана, қоғамдық монша, шаштараз және өзге де кәсіпкерлік нысандары халық игілігіне қызмет етуде. Шаруашылық еңбеккерлеріне, ауыл тұрғындарына қыстық көмір және басқа да отын түрін үйлеріне жеткізіп, түсіріп беру тұрақты әдетке айналды. Ауылшаруашылық өнімін өндіру және өңдеуді арттырудың арқасында ауылдағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелеріне үнемі қамқорлық көрсетіліп, демеушілік жасады. Ауыл орталығын көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмысына да баса назар аударылып, нәтижелі жұмыс жүргізудің арқасында ауыл келбеті жылдан-жылға жақсара түсті. Ауданның барлық ауылында, шаруашылық пен шаруа қожалығында, халық арасында «Жаңажол» шаруашылығында болып жатқан игі істі, жақсы жаңалықты әңгіме етіп, үлгі тұтып, біз де мұндайға қашан жетер екенбіз деп армандап, ол ұжымның кезіндегі басшысы Қылышбек Әбішұлына үлкен құрмет, сыйластықпен қарағаны бұл күнде барша жұртқа мәлім.
Бұл жөнінде марқұм ағамыздың жылдық асында еланасы, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованың: «Қылышбекжан шын мәнінде нағыз еңбек ері» – дегенін, еңбек майданындағы екі алыптың бір-біріне көрсеткен құрметі деп білемін. Сондықтан елі үшін бел шешпей еңбек етіп, халқының құрметіне ие болған ел ағасы Қылышбек Әбішевке лайықты баға беріліп, еңбегі ардақталуға тиіс. Ол кісіге қөрсетілген құрмет еңбек адамына, қазақ халқының «алтын бесігі» болып саналатын ауылға көрсетілген құрмет деп есептеу қажет. Осы тұрғыда ағамызбен бірге қоян-қолтық еңбек еткен Серік Айманов, Қылышекеңнің әрі досы, ауылдасы көп жылдар бойы облыстық мәслихаттың депутаты болған, қазір облыстық қоғамдық кеңестің белді мүшесі, қалаға да, елге де танымал сыйлы ағамыз Нұрмұрат Ерманов және облыстық мәслихаттың депутаты, ақын Шәкизада Әбдікәрімов секілді ағаларымызбен ақылдасып, аудан көлемінде егіншілік саласындағы күріш өндірушілер арасында Қылышбек Әбішевке арналған шара өткізу жөнінде Қармақшы ауданының әкіміне ұсыныс берілді. Мақсатымыз халықтың ойынан шығатын, есте қалатын, қазіргі кезде шаруашылыққа пайдасы тиетін, еңбек адамын рухтандыратын осындай шара өткізу арқылы қадірлі ағамызды еске алу. Аудан басшысы аталған ұсынысты қолдап, дайындық жұмысын бастады. Егін жинау науқанын қорытындылау кезінде аталған шара тиісті деңгейде аталып өтетін болады.
«Әріптестерінің, ізбасар шәкірттерінің, жанашыр інілерінің міндеті – Қылышекеңнің жасап кеткен игілікті ісін, қол жеткізген жетістігін төмендетпей әрі қарай дамытып, жетілдіру деп есептеймін. Олар абзал Азамат, тәлімді Ұстаз, қамқор Аға алдындағы борышын лайықты өтейді деп бек сенеміз. Өйткені, Қылышбек Әбішев қандай құрметке де, марапатқа да, елі мен жерлестерінің ыстық ықыласына лайық Азамат», – дейді ағамыздың досы әрі әріптесі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов.
Қылышбек Әбішев облыстың, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Төребай биді еске алу, атын жаңғырту шарасын, Қармақшы ауданының 80 жылдығы, Тұрмағамбеттің 125 жылдығы, Дүр Оңғардың 150 жылдығы, Цай Ден Хактың 100 жылдығы, тағы басқа да мерекелерді атап өту кезіндегі атқарған еңбегі ел есінде.
Киелі Қармақшы жері ел басына күн туғанда атқа қонып ел қорғаған батырларға, қара қылды қақ жарып билік құрған дуалы ауыз билерге, орақ тілді ақындар мен қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен жазушыларға, еңбегімен елінің құрметіне бөленгендерге кенде емес. Өз елімізден шыққан мәдениет, өнер және әдебиет жұлдыздарының туындыларымен біз өсеміз, ұрпағымызды тәрбиелейміз. Жауынгер аталарымызбен, еңбек майданындағы батырларымызбен мақтанамыз. Ал, өз дәуірінде «қызыл директорлар» атанған Цай Ден Хак, Қаратай Қуаңбаев, Қасқыр Наметшаев, Жақсылық Жалғасбаев, Исағали Жұмағұлов және Қылышбек Әбішевтер ұзақ жылдар ауданның, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып, тарихта із қалдырды және сол еңбектерімен ұрпақтарына үлгі болуға әбден лайық.
Қылышбек Әбішев ел экономикасы нарықтық қатынасқа көшіп, шаруашылықтар жекешелендіріліп, майда ұжымдарға бөлініп жатқан өте ауыр уақытта да өндіріс ұйымдастырушы – заманауи сөздермен айтқанда мықты менеджер болып қалыптасты. «Жаңажол» шаруашылығының тұтастығын сақтап, оны жаңа заманға сай әлеуметтік-экономикалық жағдайы дамыған, алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналдырып үлгерді. Аталған кісілердің еңбек жолдары қазіргі замандағы шаруашылық, кәсіпорын басшыларына, кәсіпкерлерге үлкен мектеп болатынына күмән жоқ.
Жоғарыда айтылған Қылышбек ағамыздың барлық жақсылығы, жасаған еңбегі ол кісінің артынан ерген ұрпағына қалдырған мұра және өмірлік мектеп. Жасыратыны жоқ, ағамызға арналып жазылып жатқан барлық жазбалар, бір күні сәті келгенде жинақталып шығатын кітаптары тек ағамызға, ол кісінің отбасына шын мәнінде жаны ашитын адамдарға ғана қажет. Осы ретте Қылышбек ағамның балаларының, мен білетін Еркін інімнің назарын келесі мәселеге аударғым келеді. Әкенің ауырмай-сырқамай, аяқ астынан о дүниеге кеткені артынан қалған отбасына, балаларына ауыр тиетінін өз басыңнан өткесін барып біледі екенсің. Жылдық асын өткізгенге дейін ес жия алмай, не істеп не қойғаныңды білмей жүресің. Бір немесе екі жыл өткен шамада бір сыйлы ағамыз үйіне ағайындарды қонаққа шақырып шай берді. Үлкен бөлмеге бірыңғай үлкен кісілерді жинап тамақ тартты. Сол бөлмеге үй иесі мені кіріп сәлем беруге шақырғанда мен сол бөлмеге кіре алмай, сол кісілердің қатарында менің әкемнің орны бос тұрғанына қатты қиналып, еріксіз көзіме жас алдым.
Әкесінен айрылап жатқан адамдарға «ақсақалшылдығың қайырлы болсын» деп жатады. Біз сол сөзді бала кезімізде түсінбедік. Артынан, басымызға түскенде өзіңе, отбасыңа, жан-жағыңа ие бол деген үлкен жауапкершілік екенін білдік. 2005 жылы әкем қайтыс болғаннан кейін өзімнің екі туған ағамнан басқа мен Сұлтан Сармолдин, Аппаз Қанатбаев, Аманкелді Ағытаев және Қылышбек Әбішев ағаларымды басқадан көрі өзіме жақын көрдім. Ол кісілер менің әкемді сыйлағаннан шығар мені көргенде «айналайын» деуші еді.
Біраз жігіттер әкелерінің аттары ұмытылмасын, әрдайым есте болсын деген мақсатпен басшылардың есіктерін тоздырып, көше, әлеуметтік нысандардың атауларын беруді сұрап жатады. Ол дұрыс та шығар. Алайда, біздің әкелеріміздің атымен ең басты адамдардың, яғни, біздің – балаларының аттары аталатыны өте маңызды. Біз сол кісілердің айнасы, ізі, жасаған жақсылығының жалғасымыз. Біз жақсы болсақ жұрт қуанып «ол сондай кісінің баласы» деп ерекше бір ілтипатпен, ризалықпен айтады. Біз жаман болсақ, «әкесі жақсы адам еді» деп сыбырлап айтады. Сондықтан әкеге қойылатын ең мықты ескерткіш – ол оның ұрпағы.
Ерлан ПІРТАЗАҰЛЫ.