» » Дүбірі бөлек тұлпар еді...

Дүбірі бөлек тұлпар еді...

О, жалған дүние-ай! Айдарбек аға өмірден өткелі де біршама уақыт өтіпті. Алдыңдағы ағаның ортаңды ойсыратып, табиғат тылсымына біржолата сіңіп, көзден ғайып, көңілден тысқары күйге айналғаны жаңыңды ауыртып, жүректі сыздатып, көңіліңді құлазытады.
Мұндайда Алланың әмірі дегеннен басқа қолдан келер амал бар ма?! Тек өзек өртеніп өмірден өткендерді ұмыта алмай сағынып еске аласың. Өйткені өмірден ерте кеткен 43 жасында қайтыс болған абзал азамат, аяулы аға Есаманов Айдарбек Тәжібайұлы өзінің өмірдегі орнықты ісімен, қарапайымдылығымен, білімділігімен ерекшеленетін. Біреуге аға, біреуге іні, жолдас, адал жар, сүйікті әке, жақсы басшы болған Айдарбек аға биыл 70 жасқа толар еді.
Айдарбек аға туралы нені, қалай жазарымды білмей, тосылыңқырап отырмын.
Біздің жолымыз ең алғаш рет 1980 жылдары Ақжар ауылына баратын үлкен жолдың бойындағы "Алма бағында" аудандық сауыншы-бақташылардың слетінде түйіскен еді. Ол кезде Айдарбек аға ІІІ Интернационал колхозында товарлы сүт фермасының меңгерушісі болып қызмет істейді екен.
Танысып-біліскеннен кейін, «ой Шыназбек, сен менің бауырлас інім екенсің ғой» – деп құшағына қысып жатыр. Аға-іні болып сыйласып кеттік.
Айдарбек Тәжібайұлы Есаманов 1948 жылдың 16-наурызында Абыла ауылында теміржолшының отбасында дүниеге келген. 1971 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын бітіргеннен кейін өзінің еңбек жолын Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал колхозында зоотехник қызметінен бастады. 1972-1981 жылдары осы колхозда товарлы сүт фермасының меңгерушісі, 1981-1983 жылдары колхоз кәсіподақ комитетінің төрағасы. 1983-1986 жылдары бас экономист, 1986-1987 жылдары колхоз басқармасының төрағасының орынбасары болып, 1987 жылдың мамыр айынан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ІІІ-Интернационал колхозы партия комитетінің хатшысы болып жемісті қызмет етті.
Азаматты орта өсіреді деген сөздің жөні бар. Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов ағамыздың білікті басшы, ауылшаруашылығының шебер ұйымдастырушысы, адал досы Қылышбек Әбішев туралы жазған "Атына заты сай азамат еді" атты мақаласында «Біз сексенінші жылдардың басында белгілі қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хак ақсақалдың қарамағында "ІІІ-Интернационал" ұжымшарында бірге жұмыс істедік. Сол жылдары жас мамандар Айдар Есаманов, Қазбек Сисенов, Рахым Дүйсеков, Мұстафа Доскеевтер бірге тату-тәтті, бір кісідей жұмыла еңбек еттік», – деп еске алады.
Айдарбек аға колхоз еңбеккерлері арасында үлкен беделге ие болды. Өзі еңбек еткен 20 жыл уақыт ішінде колхоз экономикасы мен мәдениетін өркендетуге елеулі үлес қосты. 1990-1991 жылдары Қазақфильм киностудиясы түсірген "Степи Кашкансу" фильмінің негізгі кеңесшісі болды. Бұл фильмде колхоз, ауыл өмірінің көп жылғы деректері түсірілген.
Айдарбек ағаның әкесін көргенім жоқ, анасы Ақсұлу әженің қолынан талай рет дәм таттым. Ақсұлу әженің жылдам қимылы мен өзгелерге өктем сөйлейтініне таңданатын едім. «Әй, Жадыра Сатан қайнымның баласы келді, шайыңды қойып, тамағыңды істе» - дейтін. Жеңгем әп-сәтте бәрін дайын қылатын еді.
Шын мәнінде ер адам үшін де, әйел мен бала үшін де ең қолайлы жағдай отбасында ғана болады. Жадыра жеңгемнің Айдарбек ағаммен отасқан жылдары қиналған, қысылған кезінде жолдасым қасымнан табылды, ақылшым болды деген сағынышты жүрекжарды сырларын ашқанда ерекше толқисың. Мұны отбасы кезіндегі сыйластықтың, рухани бірліктің көрсеткіші емес деп кім айта алады. Халқымыздың "Әйел - үйдің иесі, ер - әйелдің киесі" деген нақыл сөзінде осындай мағына жатыр.
Жарасымды отбасында өскен балалар жетістікке тез жететіні белгілі. Есамановтар әулеті өсіп-өнген, өркен жайған әулет. Айдарбек ағамыз өмірден озған кезде іні-қарындастарымның алды мектепті жаңадан бітіріп, кішкентайлары мектеп қабырғасында оқитын. Жадыра жеңгеміз үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасы.
Балаларының барлығы жоғарғы оқу орнын жақсы дипломмен бітірген.
Ләззат Есаманова – Қызылорда педагогикалық институтын бітірген, "НК КОР" АҚ-да инженер-лаборант. Жанар Тауенова – Қызылорда педагогикалық институтын бітірген, "ССС" Атырау ЖШС-де қонақ үй шаруашылығы департаментінің меңгерушісі. Бауыржан Есаманов – Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, "Казспектрстрой" ЖШС-де қаржы директоры. Бақытжан Есаманов – Қ.Сатпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетін бітірген, "ПетроҚазақстан Қумколь Ресорсиз" АҚ-да жетекші-инженер. Ғалымжан Есаманов - Қызылорда Мемлекеттік университетін бітірген, күріш зауыты директорының орынбасары, қауіпсіздік қызметінің бастығы болып жұмыс істейді. Жадыра жеңгеміз 19 немере сүйді. Іні-қарындастарымның, әкесі Айдарбек ағамның ыстық демін, құшырлана құшақтағанын, мейірлене сүйгенін сағынатынын, аңсайтынын сеземін. Қолымда Айдарбек ағаның туған қарындасы Бибайша Тәжібайқызы Есаманованың «Жырларым – менің сырларым» атты өлеңдер жинағы. Онда осыдан 7 жыл бұрын қайтыс болғанына 20 жыл толуына байланысты бауыры Айдарбек ағаның рухына арнап жазған өлеңінен үзінді келтіргенді жөн көрдім.
20 жыл өте шықты қас қағымда,
Кеттің-ау жалындаған жас шағыңда.
Қарт анаң, сүйген жарың, ұл-қыздарың,
Көзден жасын тия алмай қалды артында.
Қалды қимай қос бірдей қарындасың,
Шырылдап жоқтау айтып қарлығашың.
Уайымсыз еркелеп жүрген еді,
Асқар тауы ағасы бар болғасын - деп Бибайша қарындасым Айдарбек ағасын сағынышпен еске алады. Айдарбек ағаның өмірден ерте 43 жасында озғаны туған-туысқандарын, адал жарын, бауырларын, балаларын қатты қынжылтатыны белгілі.
Баспасөзде Иранның Құм шаһарында туып өскен әл-Машарри әулиенің өзінің әкесіне деген құрметі туралы оқығаным бар.
Әулиенің бала кезі. Әкесі қара жұмыста. Иранда күн ыстық. Түскі асқа келген әкесі шаршап ұйықтап кетеді. Анасы баласына «ас даяр болды, әкеңді оят» дейді. Сонда әл-Машарри ұйықтап жатқан әкесін қалай оятудың жолын таппай, ақыры әкесінің табанына бетін тосып, бетімен табанын үйкей бастайды. Әкесі оянғанда анасының дәмі даяр болғанын айтады. Осы құрмет әл-Машарриді Иран еліне өте әйгілі әулие қатарына қосқан».
Әкені құрметтеу – әулиелік жол дейтіні осыдан. Іні-қарындастарым әкесі Айдарбек ағаны әрдайым еске алып, Құран бағыштап отырады. Адамда бала, бауыр көп болуы мүмкін, ал әке-шешенің жалғыз екенін ұмытпаған жөн.
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дейді. Айдарбек аға туралы ойымды осылай айтқым келді. Өйткені Айдарбек ағаның кісілік келбетін, сабырлы мінезін, парасаттылығын, тазалығын, әділдігін, жұртпен сыйластығын, қонақ жайлылығын, білімділігін көріп өстім. Аға туралы жақсы сөз, қанша айтсаң да таусылмас. Лайым солай болсын.
Шыназбек САТАНҰЛЫ.
30 мамыр 2018 ж. 1 755 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031