» CАЯБАҚТАРҒА СӘН КІРДІ

CАЯБАҚТАРҒА СӘН КІРДІ


ЖАЗ ЖАҚЫНДАДЫ. ҮЙГЕ ҚАМАЛҒАН АНА ДА, БАЛА ДА, АТА МЕН ӘЖЕ ДЕ ЕНДІ БІР УАҚ БОЙЫН ЖАЗУҒА СЫРТҚА ШЫҒАДЫ. БОС УАҚЫТ БОЛСА ЖАСЫЛ-ЖЕЛЕКТІҢ САЯСЫНДА САМАЛ АУА ЖҰТҚАНДЫ КІМ ҚАЛАМАЙДЫ. ҚЫСТАЙ ҚАҢЫРАҒАН БАҚҚА КЕЛУШІЛЕР КӨБЕЙЕР КЕЗ ДЕ ОСЫ ШАҚ. КЕНТ ІШІНДЕГІ САЯБАҚ ПЕН АЛЛЕЯЛАРДЫҢ АЖАРЫ АШЫЛЫП, АЛЫСТАН КӨЗ ТАРТАРЛЫҚТАЙ КЕЙІПКЕ ЕНГЕНІН АЙРЫҚША АЙТУ КЕРЕК. СӘУІР БОЛДЫ. СЕНБІЛІКТЕГІ СЕРПІЛІС ТӘУІР БОЛДЫ. ҚОРА-ҚОРА, ҚАП-ҚАП ҚОҚЫСТАН АРЫЛЫП, АРЫҚТАР АРШЫЛЫП, БІРАЗ ТАЛ ЕГІЛДІ. ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТЫНЫСЫН АШАР ТАМАША ОРЫНДАР ЕРЕКШЕ КҮТІМГЕ АЛЫНДЫ.


Үлкен көпірден Жосалыға қарай бет алсаң табалдырықтан төрге дейін жолдың оң қапталында «Мәңгілік ел» монументі. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қойылған батыр, билер мүсіндері тарихымызға бір сәт көз байлатады. Топырағы сор, аяқсу бармайтын ескерткіштің жанын еш кедергіге қарамай көгалдандырып қойды. Егілген гүлдер ауа-райының қолайсыздығынан сәл реңін жоғалтты. Бір-екі жылды артқа тастасақ демеуді күтіп, жан-жағына жалтақтап жылулық күткен мұндағы талдар жайқала түсетіндей. Монументтен өтсең құшағын айқара ашып Этноауыл қарсы алады. Қазақы нақышта бой көтерген ауыл салт-дәстүрдің көрінісі іспетті. Бұл рухани орынның кенттің шет аймағына салынуында да сыр бар. «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» автодәлізіне жақын болғандықтан осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіп қыза түскен-ді. Бірнеше киіз үй тігіліп, бірі – қымыз, саумал сатса, бірі – ұлттық ас әзірлеп тұрғындарға қызмет етті. Халықтың баруы үшін Этноауылдың ішіне тың кәсіптің түрін тарту керек тәрізді. Жыл сайын Наурыз мерекесі осында тойланады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тазаланып, ерекше күтімге алынған.
Ал нағыз жасыл бақтың жанындағы «Тәуел­сіздік» саябағы жаз бойы мерекелік шара өтетін жер. Қараусыз төрт түлік пен тентектеріміздің ор­тақ дүниені ойран-топан қылғаны болмаса әдемі орын. Қазір кейпі қашқан бұл бақта сахнаны қайта қалыпқа келтіру, әктеу, сырлау, орындық орналастыру, тас төсеу (бручатка) жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 1-маусым балалар күнін осында өткізу ойда бар. Жаз бойы балалар ойнайтын алаң мен тамақтанатын орын ашам деген кәсіпкерлер құлағына алтын сырға. Жосалыны жасыл-желекпен көмкереміз деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген кент әкімшілігі мамандары саябақты балалар атракциондарына жалға бермек.
Үлкен мен кіші ең көп шоғырланатын – Жас­тар аллеясы. Төрде аудан көлемінде өткізілген шаралардың суреттері ілініп тұр. Қазір 7-мамыр мен Жеңіс күніне орайластырып безендірген. Мұны да таңның атысынан қара кешке дейін күзететін, талдарын суаратын қоғамдық жұмысшы бар. Ел айтатын арғы бетте, Мүсірбаев көшесінің бойында қаз-қатар өскен талдары көз тоқтатын бақ бар-тын. Бір қуантарлығы осы бақ та жақын арада аллея болмақ. Демек саябақтың саны артады деген сөз. – Дәл осы аймаққа аллея керек-ақ. Ішіне бручатка төселіп, орындықтар қойылады. Сырты қоршалып, жарық жүргізіледі. Биылға жоспарланған жұмыстың бірі осы дейді, – кент әкімшілігіндегі мамандар. Ал «Ана мен бала», «Қобыз», «Ардагерлер» мен Ә.Молдағұлова көшесіндегі аллеяның кейпі мақтануға тұрарлық.
Кент ішіндегі сұрқай тартқан саябақтарға осылайша сән кірді. Жергілікті билік жұрт­шылыққа шаттық пен шалқар көңіл сыйлап жатса, тұрғындардың тынығуына жағдай жасаса оған қалай марқаймасқа?
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».
---
12 мамыр 2019 ж. 809 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 158

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930