» » ЖАСЫЛ-ЖЕЛЕК, ҚАЗІРГІ КЕЙІП БӨЛЕК

ЖАСЫЛ-ЖЕЛЕК, ҚАЗІРГІ КЕЙІП БӨЛЕК

Жылдағыдай емес биылғы көктем ерекше жұмыстармен басталған тәрізді. Кент келбеті де бұрынғыдан ажарлана түскен. Ара-тұра ескі ғимараттардың еңсеңді түсіргені болмаса біршама ретке келді. Шындығын айту керек, аудан жұртшылығын тазалыққа үйрету оңай болмады. Жосалы кенті әкімі аппаратының жіті қадағалауымен әр сенбілік сайын ауыз толтырып айтар ауқымды істер жүруде. Қоғамдық жұмысшылар да Жосалыны мұнтаздай орталыққа айналдырамыз деп әлек. Аяқ су бармайтын жерге насоспен су айдап айналаны жасыл желекпен көмкеруге кіріскен. Тек аудан орталығы емес ауылдарда да мұндай игі істер ерте-ақ басталды. Осыншама жұмысты көз көргеннен кейін тынымсыз еңбекпен жасалған дүниені қандай деңгейде күтіп ұстай аламыз? Иесіз малдар мен қаңғыған иттер ағаш пен еккен гүлімізді жұлып тастамай ма? Осы сұрақтар бізді жиі мазалайды.
Аудан орталығында 10 саябақ бар қазір. Бәрі де халық көп шоғырланатын жерде орналасқан. Осы бақтар ішіне егілген жаңа туған нәрестедей нәп-нәзік, кішкентай ғана түрлі-түсті гүлдер көздің жауын алады. Демеуіңді, махаббатыңды күтеді. Көктеп келе жатқан қаламшалар да өзіне жылы сөз айтып, жақсы көзбен қарауыңды өтініп тұрғандай көрінеді. Әсем безендірілген әрбір орындықта күннің жайма шуағында әңгімелесіп отырған қариялар мен немересін ойнатып жүрген әжелер, сырласып отырған құрбылар саябақ сәнін тіпті аша түседі. Архитектуралық формадағы ескерткіштер де түсіне білген адамға рухани байлық сыйлайды. Табиғаттың сұлулығы, көктемнің ерекшелігі де осында шығар.
«Бір басшыға мың қосшы» деген бар. Әнәугүні 60 жасқа толған ағамыз мерейтойының құрметіне 60 көшет отырғызғанын көрдік. Жалғасын тапса екен деп тілеген едік. Орындалғандай. Белсенді тұрғындар өз аулары мен көшелеріне ұйымшылдықпен біраз ағаш отырғызыпты.
– Тұрғындар төрт түліктерінің қараусыз кетпеуін қадағаласын. Көшеде жүріп, айналаны ластаған, саябаққа кірген мал иелеріне айыппұл салынады. Қазір әр саябаққа күзетші бекітілген. Ол көшеттер мен гүлдерді күтімге алып, уақытылы суарып отырады. Бақтың сырты да түгел қоршалып, сырланып, әрленді. Аяқ су келетін арықтар іші шөптен тазартылып, ағаштар балақталып, түбі ақталды. Туған жеріміз үшін, өзіміз үшін жасалған әрбір игі жұмыстың бүлініп, сынып, жарамсыз болып қалуына жол бермейік, – дейді жер қатынастары және коммуналды шаруашылықты реттеу бөлімінің басшысы Нұржан Тоқшылықов.
– Жер-ана – асыраушымыз. Оған адал еңбек етіп, тер төккенде ғана оның қайтарымы болады. Мен жыл сайын аулама түрлі дәнді-дақылдар егіп, көше талдарын ретке келтіремін. Биыл да бәрін жоспарлап қойдым. Арық қазып, жер аудардым. Барша ауылдастарымды айналаны көгалдандыруға шақырамын. Жасыл желек жанға рахат сыйлайды ғой, – дейді сексеннен асса да бау-бақшасын күтіп баптайтын ардагер Таңатар Көздібаев.
– Ел болып, бірігіп істеген жұмыстың игілігі мол. Аудан тазалығы – ортақ мәртебе. Көгалдандыру жұмыстары айналаға әсем көрініс беріп, шудан, күннен, шаңнан қорғайды. Ендігі кезек – егілген талдарды одан әрі күтіп баптау. Ектік, болдық емес бұл орайда өзіміз еккен көкжелектерге өзіміз бас-көз болуымыз керек. Табиғатқа жанашырлық танытайық, – дейді белсенді жас Дәулет Әбдиев.

Түйін:
Көгалдандыру – көптің ісі. Көп болып бірлескен тірлік жалғасын таба бермек. Кең даланы күн шуағына малындырған көктемде сайраған құстар, жасыл шөп, сарғалдақ пен қызғалдақ айналамызды әрлей түсіп, бәрімізді жер-ананың тербеліп өскен тал қайыңдарының саясында демалып отыруға жазсын.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
03 мамыр 2019 ж. 1 203 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10289)

23 наурыз 2024 ж.

№23 (10288)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (10287)

16 наурыз 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031