Мәслихаттар сайлауы
» ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ МӘҢГІЛІК МҰРАСЫ

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ МӘҢГІЛІК МҰРАСЫ

Уақытқа бағынған адамзат тіршілігі жылдың төрт мезгіліне бөлініп еңбек ету үрдісіне қарай әрбір адам өнбегін көріп келе жатқанын білеміз. Ақ маржан дақылымен аты шыққан Сыр еңбеккерлері Республика күні қарсаңында алқаптағы мол астығын төкпейшашпай жинап, ел ризығы үшін ала жаздай еткен еңбектері үшін аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың марапаты мен сый-сияпатын көріп, дала төсіндегі дүбірлі еңбекті абыроймен аяқтады.
Елдегі осындай қым-қуыт тірліктен енді ғана босаған ел назары – өздерінің рухани кеңістігіне шұғыла шашып еніп келе жатқан таңғажайып дүниеге ауды. Ол әлем әдебиетіндегі жыр жауһары – «Шаһнама» дастаны еді. Осыдан 90 жыл бұрын тер төгіп, өмірін сарп еткен Сырдан шыққан Шығыс шайыры Тұрмағамбет ақынның «Шаһнама» дастанының жарыққа шыққанына – 90 жыл!
Абай сыйынған Шығыстың жеті жұлдызының атасы – Әбілқасым Фирдоусидің 1000 жылдығына орай 1934 жылы Иранда өткен жиынға қатысқан Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының сол кездегі басшысы Т.Жүргеновті ойландырады. Қазақстанға келе салысымен өз ұстазы Т.Ізтілеуовті ауылдан Алматыға алдырып, ақынға «Шаһнаманы» қазақ тілінде аудару туралы тапсырма береді.
Бұл туралы Тұрмағамбет:
«...Осындай өнерімді естіген соң,
Жүргенов шақырып ап, шашын тарап.
Бұйырды «Шаһнаманы» сөз қылуға,
Ойласып Мирзоянмен ойға сарап», – деп анықтама береді.
Бүгінге дейін Тұрмағамбет ақын мұралары әртүрлі деңгейде әр жылдары зерттеліп, жиналып, жарияланып халыққа танылып келген болса, жуырда Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университеті мен Студенттер сарайында «Шаһнама және Тұрмағамбет – әлем әдебиетінің мәңгілік мұрасы» тақырыбымен қазақ жерінде жырланған «Шаһнама» дастанының 90 жылдығына орай өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының танымдық та тағылымдық маңызы жоғары болды.
Тұңғыш рет шетелдік ғалымдарды тартып, отандық ғалымдармен бірлесе өткізілген бұл басқосу – Сыр елінің ғана емес, Қазақстан атты мемлекеттің білімі, соның ішінде әдебиеті мен мәдениетінің әлеуетінің өскендігін, қарымды қабілетінің қуатының бай екендігін көрсететін бірден-бір өлшем болса керек.
Таңертеңгі басталған секция жұмысында «Корольдік кітапханадан жаһандық музейге дейін «Шаһнама» қолжазбаларының тарихи жолы» тақырыбында Үндістанның Хайдарабад университеті қауымдастығының профессоры Махмуд Алам жасаған баяндамасының соңында Қорқыт ата университетінен «Тұрмағамбеттану» ғылыми орталығын ашу жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Үндістанның Джавахарлал Неру университетінің докторы Шаши Кант «Фирдоусидің Асадулла Бег Хан Галибке ықпалы», Жапония Ұлттық технологиялық институтының қауымдастырылған профессоры Хироюки Нагаминэ (Ояма колледжі) «Город – Мовзолей» в Улусе Джучи: Сыганак, Сарайчик и Сарай», Тәжікстан Республикасы Әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Мұзаффар Мұхамади «Сказачно-мифологические реминисценции, их функция и типологическая основа в «Шаһнаме Фирдауси», әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Шығыстану» факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доцент-зерттеушісі Болатбек Батырхан «Фирдаусидің «Шаһнамасы» мен Т.Ізтілеуұлының «РүстемДастанындағы» қаһармандық идеалдың, ұлттың интерпретациясы» және Аттила атындағы Еуразия мұрасын зерттеу халықаралық академиясының директоры, жас ғалым Самат Жұматайұлы «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, өз ұсыныстарын білдіріп өтті. Түске дейін аталған ғалымдардың баяндамалары тыңдалып қорытындыланды.
Студенттер сарайында өткен пленарлық отырыс мәжілісін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай ашып, құттықтау сөз сөйледі. Мәжілісті Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы, ректоры Наурызбай Байқадамов жүргізіп отырды.
Пленарлық мәжілісте баяндама жасаған Джавахарлал Неру университетінің профессоры Сайд Ахтар Хосейн, Иран Ислам Республикасының шығыстанушы ғалымы, профессор Хахид Моршедлу, Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жасурбек Махмудов, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов атындағы әдебиет институтының қырғыз әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, доцент Келдібек Қойлубаев, Ш.Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология» институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Жомарт Жеңіс, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА Президентінің кеңесшісі, PhD профессор Нұрлан Кенжеахмет, ҚМДБ Ислам институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Қыдыр Төралі, сол сияқты отандық ғалымдарымыз бен ғылым жолында жүрген ізденушілеріміз Алмас Алматов, Ұлжан Жаңбыршиева, Ерхан Кәрібозұлына, Ләйлі Құндақбай және Берік Саймағанбетовке алғыс айтылып, ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
Шығыс шайыры, ақын Т.Ізтілеуовтің әдеби мұрасына ерекше ден қойған ғалым Әуелбек Қоңыратбаев: «Тұрмағамбет – түркі тілінің тірі сөздігі» десе, Тұрмағамбет мұраларын салмақтай келе «Тұрмағамбет ХХ ғасыр басындағы Сыр өңірінде түркизм-шағатаизм стилінде қалыптасқан жазба әдебиетінің басында тұрды» деп баға берген еді. Т.Ізтілеуовтің әдеби мұрасын зерттеушілер мен оған баға беруші ғалымдар легі толастар емес. Бұл басқосудың басты ерекшелігі – Тұрмағамбет мұрасының әлемдік ғалымдар арасында зерттеліп, жаңаша сипат ала бастауы.
Келесі бір көңілге қонған өзгешелік, халықаралық конференцияға қатысушыларға шетелдік ғалымдардың баяндамаларының өз ана тілімізде аударма жасалып беріліп отыруы. Үшінші ерекшелік, шетелдік ғалымдар мен отандық ғалымдардың арасындағы әдеби-мәдени байланыстың орныға бастауы. Төртінші ерекшелік, халықаралық конференция тақырыбына сай Қорқыт ата университеті кітапханасымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қызметкерлерінің бірлесіп жасаған кітап көрмесі тәжік әдебиетінің ұлы классигі Әбілқасым Фирдоуси мен қазақ ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлына қойылған әдеби ескерткіш сынды әсер қалдырды. Көрме сөресіндегі «Шаһнама» дастанына қатысты екі бірдей шайырдың әр кезеңдегі қолжазбалары, ол туралы зерттеулер мен ғылыми еңбектер түгел қамтылғандай. Бесінші ерекшелік, осы конференцияның өтуіне ұйытқы болған қоғам, мемлекет қайраткерлері мен қоғам белсенділері Бақберген Досмамбетов, Бағбан Тәйімбетов, Сержан Наметшаев, Рзақұл Нұртаев, Сағатбек Сүлейменов, Қайрат Тоғызбаев, Сәкен Алдашбаев, Нұрлыбек Мыңжас, Берік Саймағанбетов сынды азаматтардың ерекше еңбегі аз уақыттың ішінде аса жауапты да күрделі істі жинақтап бере білуінде болып отыр. Осы азаматтардың арқасында «Қызылорда-Қағанат» баспасынан осы жылдың 30 қазанында «Шығыс және Тұрмағамбет – әлем әдебиетінің мәңгілік мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы шықты.
Жиын соңында қазақ халқының қонақжайлылық дәстүрін жоғары ұстанатын Сыр жұртшылығы атынан ұйымдастырушылар шетелдік мейман ғалымдар мен шақырылған қонақтарды Шығыс үлгісіндегі мейрамханаға қонағасына алып барды.
Сыр сүлейлерінің тау тұлғасы атанған Т.Ізтілеуовтің туған жері Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің қолдауымен арнайы даярланған шапан мен бөрік шетелдік ғалымдардың иығына жабылды.
Біздің ұлттық үлгідегі шапанымызды киген олар «қазақ» деген елге риясыз сезімін көздеріндегі қуанышпен жеткізіп аттанды.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген бабалардан қалған даналық сөз ұрпақ үшін маңызын еш жойған емес. Тұрмағамбет ақынның туған жері Қармақшы ауданының бүгінгі келбеті ақын жырындағы:
«Ақыл – тон, аңдағанға тозбайтұғын,
Ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын.
Иелік екеуіне еткендердің,
Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын», – дегеніндей, ақылы мен білімін қатар тереңдетіп отыратын аудан әкімі Жандос Еркінбек басшылығындағы Қармақшы ауданы облыстағы мал мен егін шаруашылығын, мәдениеті мен тазалығын өркендетуде «Үздік аудан» көшін бастады.
«Сыр елі – жыр елі» атанған елдің мәдениеті мен өнеріне, әдебиетіне еңбегі сіңген жырау, өнертанушы, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амас Алматов конференция соңында ақын Т.Ізтілеуовтің «Шаһнама» дастанының жарық көруіне 90 жыл толуына орай өткізілген осы іс-шараны ұйымдастырушы Қорқыт ата университетінің ғалымдары мен оқытушыларына алғысын білдіріп, «Жаманның малы үйінде күйеді, Жақсының малы жиында күйеді» деп, конференцияның жоғары деңгейде өтуіне рухани және қаржылай демеушілік жасаған ел азаматтарына шексіз алғысын білдірді.
Ақын Тұрмағамбет мұраларының ашылмай жатқан тұстары болса, ол – жарқын болашағымыздың еншісінде.
Талайлы ДОСЫМОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
---
11 қараша 2026 ж. 77 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10556)

21 қараша 2026 ж.

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

№86 (10554)

14 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 417
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 534

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30