ШЫҒЫС ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫНДА ҒАСЫРЛАР СЫНЫНАН ӨТІП, УАҚЫТ ОЗҒАН САЙЫН ӨЗІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖӘНЕ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҒЫН АРТТЫРА ТҮСКЕН ШЫҒАРМАЛАР БАР. СОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА ПАРСЫ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҰЛЫ КЛАССИГІ ӘБІЛҚАСЫМ ФИРДОУСИДІҢ «ШАҺНАМА» ДАСТАНЫ ЕРЕКШЕ ОРЫН АЛАДЫ. МЫҢ ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТТАН БЕРІ АДАМЗАТ МӘДЕНИЕТІНІҢ АЛТЫН ҚОРЫНДА САҚТАЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН БҰЛ ШЫҒАРМА – ЕЛДІК ПЕН ЕРЛІКТІ, АДАЛДЫҚ ПЕН АДАМГЕРШІЛІКТІ, ДОСТЫҚ ПЕН ӘДІЛЕТТІ ЖЫРЛАҒАН ҰЛЫ ЭПИКАЛЫҚ МҰРА. АЛ ОСЫ ЖАУҺАР ТУЫНДЫНЫҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ҚАЙТА ТҮЛЕП, ҰЛТТЫҚ ПОЭЗИЯМЫЗДЫҢ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮРІМЕН САБАҚТАСЫП, ҚАЗАҚ ОҚЫРМАНЫНА ЖЕТУІНДЕ СЫР БОЙЫНЫҢ САҢЛАҚ ШАЙЫРЫ ТҰРМАҒАМБЕТ ІЗТІЛЕУҰЛЫНЫҢ ЕҢБЕГІ АЙРЫҚША.
ирдоусидің «Шаһнамасын» қазақ тіліне еркін аударып, шамамен 40 мың жолдық көлемді көркем туындыны дүниеге әкелді. Осы тарихи еңбектің жасалғанына биыл 90 жыл толып отыр. Бұл – бір шығарманың аударылғанына арналған дата ғана емес, қазақтың аударма өнері мен ұлттық әдебиетінің тарихындағы аса маңызды белес.
«Шаһнама» парсы тілінде «Патшалар кітабы» деген мағынаны білдіреді. Оның авторы – X–XI ғасырларда өмір сүрген ұлы ақын Әбілқасым Фирдоуси. Дастанда Иранның мифтік және тарихи патшалары, батырлары, ел басқарған тұлғалары мен халық тағдыры кеңінен суреттеледі.Шығармада Рүстем, Сияуыш, Зал, Исфандияр секілді әйгілі кейіпкерлердің тағдыры арқылы адамзатқа ортақ мәселелер көтеріледі. Батырлық пен опасыздық, махаббат пен қызғаныш, билік пен жауапкершілік, елдік пен жеке бас мүддесі арасындағы тартыс шығарма желісінде терең көрініс табады.
Фирдоуси үшін елдің тағдыры, халықтың бірлігі мен адамның арнамысы аса қымбат. Сондықтан «Шаһнама» – тарихи оқиғаларды баяндайтын шығарма, адамдық болмысты танытатын философиялық эпопея.
Қазақ әдебиетінде шығыс әдебиетімен терең байланыста болған қаламгерлер аз емес. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ақылбай, Мағауия сияқты тұлғалар шығыс классикасының үлгілерін меңгеріп, оны қазақ әдебиетінің көркемдік кеңістігіне енгізді. Осы дәстүрдің Сыр бойындағы аса ірі өкілі – Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.
Тұрмағамбет – шығыс әдебиетін жетік білген, араб, парсы әдебиетінің үлгілерімен танысқан, сөз өнерінің биік деңгейіне көтерілген дарынды ақын. Оның шығармашылығында халықтық тіл, шығыстық сюжет және қазақтың жыршылық дәстүрі ерекше үйлесім тапқан. «Шаһнаманы» аудару Тұрмағамбет үшін жай ғана тәржіма жасау емес еді. Ол Фирдоусидің ұлы туындысын қазақтың ұлттық поэзиясының табиғатына жақындатып, қазақ оқырманына түсінікті әрі көркем тілмен жеткізді.
Зерттеулерде Тұрмағамбеттің бұл еңбегі еркін аударма, назиралық дәстүрдегі көркем қайта жырлау сипатында бағаланады. Яғни, ақын түпнұсқаны сөзбе-сөз тәржімалауды мақсат етпей, оның негізгі идеясы мен сюжеттік желісін сақтай отырып, қазақтың жыршылық дәстүріне лайықтап қайта жырлаған. Сондықтан әдебиеттану ғылымында Тұрмағамбет нұсқасы жай ғана аударма емес, өзіндік көркемдік ерекшелігі бар ұлттық туынды ретінде қарастырылады.
Тұрмағамбет шығармашылығын зерттеген деректерде «Шаһнаманы» қазақша жырлау идеясының сол кезеңдегі мәдени ортада үлкен қызығушылық тудырғаны айтылады. Kitap.kz сайтында Өтебай Тұрманжановтың естелігі келтіріліп, 1934 жылы Фирдоусидің туғанына 1000 жыл толуына байланысты «Шаһнаманы» қазақшаға аудару мәселесі көтерілгені баяндалады. Сол кезеңде Тұрмағамбетке дастанды қазақша жырлау туралы ұсыныс жасалған.
Ал ақынның бұл жауапты іске кірісуіне байланысты ел аузында сақталған бір дерек ерекше назар аудартады. Тұрмағамбеттің жақын туысы Айманкүлдің 1936 жылы оған жазған хатында «Шаһнамаға» қатысты қысқа ғана тілек айтылғаны туралы дерек бар. Бұл оқиға кейін ақын өміріндегі маңызды сәттердің бірі ретінде еске алынады.Осылайша Тұрмағамбет ұлы шығарманы қазақша жырлауға бел буып, аса ауқымды шығармашылық еңбекке кірісті.
«Шаһнама» тәржімасының көлемі мен көркемдік ауқымы кең. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Фирдоуси шығармасының желісімен 40 мың жолға жуық жыр дүниеге келді. Бұл – кез келген ақынның қолынан келе бермейтін орасан еңбек.Ұлы дастанды қазақша қайта жырлау үшін Тұрмағамбетке шығыс мәдениетін, парсы әдебиетін, тарихи сюжеттерді, кейіпкерлер жүйесін терең меңгеру ғана жеткіліксіз еді. Ол сонымен бірге қазақтың жыршылық дәстүрін, өлең өлшемін, ұйқас жүйесін, сөз байлығын шебер пайдалануы керек болды. Ақын осы міндетті абыроймен атқарды. Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» арқылы Рүстем, Зал, Сияуыш, Суһраб секілді кейіпкерлер қазақ оқырманына жақындай түсті. Шығыстың батырлық эпосы қазақтың жыршылық дәстүрімен сабақтасып, жаңа көркемдік сипат алды.
Тұрмағамбет нұсқасының басты ерекшелігі – оның қазақы тынысында. Зерттеушілер ақынның «Шаһнаманы» қазақ ұғымына жақындатып, өзіндік көркемдік шешімдермен жырлағанын атап көрсетеді. Әдеби зерттеулерде оның Фирдоуси шығармасын оқып алып, қазақша үйлесімді етіп, шығармашылықпен қайта жырлағаны, нәтижесінде «Шаһнаманың» қазақша нұсқасын жасағаны айтылады. Бұл – аудармашының шығармашылық еркіндігін танытатын ерекшелік. Тұрмағамбет Фирдоуси кейіпкерлерін қазақтың эпикалық жырларындағы батырлар секілді сөйлетіп, олардың ісәрекетін ұлттық танымға жақындатады. Сөз саптауында қазақтың байырғы жыршылық дәстүрінің сарыны сезіледі. Сондықтан Тұрмағамбеттің «Шаһнамасын» оқыған кезде парсы әдебиетінің әйгілі туындысымен қатар, қазақтың төл жыршылық мектебінің де үнін естиміз.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Шаһнаманы» жырлауының Сыр бойы үшін орны бөлек. Сыр өңірі – жыраулық және жыршылық өнердің ежелден қалыптасқан ортасы. Бұл жерде халық ауыз әдебиеті, қисса-дастан, терметолғау дәстүрі кең тараған. Тұрмағамбет осы ортадан түлеп ұшып, Сырдың жыршылық дәстүрін шығыс классикасымен сабақтастырды. Сол себепті оның «Шаһнамасы» – бір жағынан Фирдоуси мұрасын қазаққа танытқан шығарма болса, екінші жағынан Сыр бойының жыршылық мектебінің биік мүмкіндігін көрсететін көркем мұра. Бұл тұрғыдан алғанда, Тұрмағамбет ақынның еңбегін Сыр мәдениетінің әлемдік әдебиетпен тоғысқан тұсы деуге болады.
Тұрмағамбет жырлаған «Шаһнама» сол кезеңдегі қазақтың зиялы қауымының да назарын аударды. Деректерде шығарманы Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов және басқа да қайраткерлердің жоғары бағалағаны көрсетіледі. Қайраткерлер тарапынан берілген баға шығарманың көркемдік қуатын, оның мәдени-рухани маңызын да танытады.
Тұрмағамбет еңбегінің кейінгі тағдыры да назар аударарлық. Дастанның «Рүстем-Дастан» деп аталатын бөлігі 1961 жылы жарық көрсе, «Шаһнама. Рүстем-Дастан» атты толықтырылған нұсқасы 2004 жылы жарияланған. Кейін ақынның «Шаһнамасы» толық нұсқада қайта басылып, ғылыми айналымға енгізіле бастады.
Классикалық шығармалардың құндылығы – олардың белгілі бір дәуірмен шектеліп қалмайтындығында. «Шаһнама» бүгінгі оқырманды да толғандыратын мәселелерді көтереді. Елді сақтау, халықтың бірлігі, туған жерді қорғау, ата-ананы құрметтеу, достыққа адал болу, әділетсіздікке қарсы тұру – кез келген дәуір үшін маңызды құндылықтар. Ал Тұрмағамбеттің нұсқасы бұл идеяларды қазақтың ұлттық дүниетанымына жақын тілмен жеткізуімен бағалы. Жастар үшін бұл шығарма – тарих пен әдебиеттің, ұлттық мәдениет пен әлемдік өркениеттің байланысын түсінудің тамаша мүмкіндігі. «Шаһнаманы» оқу арқылы оқушы Фирдоуси әлеміне ғана емес, Тұрмағамбеттің шығармашылық әлеміне де енеді. Ал Тұрмағамбет арқылы Сыр бойының сөз өнері мен қазақтың жыршылық дәстүрінің тереңдігін таниды.
1936 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Шаһнаманы» қазақша жырлауы – қазақ әдебиетінің тарихындағы елеулі оқиға. Бүгін, арада тоқсан жыл өткенде, біз бұл еңбекті қайта бағалауымыз қажет. Себебі бұл – қазақ тілінің көркемдік мүмкіндігін көрсеткен еңбек. Дастан – қазақ пен парсы әдебиеттерінің рухани байланысын айқындаған мұра. Мұны Сыр бойының жыршылық дәстүрін әлемдік әдебиеттің алып туындысымен сабақтастырған тарихи құбылыс десек, еш артық айтқандық емес. Тұрмағамбет Фирдоусидің «Шаһнамасын» қазақша жырлау арқылы шығыстың мыңжылдық мұрасын қазақтың көркем ойлау жүйесіне жақындатты. Оның еңбегі арқылы Фирдоуси мен қазақ оқырманының арасында алтын көпір орнады. Тоқсан жыл өтсе де, сол көпірдің мәні жойылған жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын оның тарихи және рухани маңызы арта түсуде.
Бүгінде Тұрмағамбет мұрасын зерттеу, «Шаһнаманың» қазақша нұсқасын насихаттау, мектеп оқушылары мен жастарға таныстыру – ұлттық әдеби мұраны сақтаудың маңызды бағыттарының бірі. Өйткені ұлттың рухани байлығы – оның өткенін танып, әлемдік мәдениетті игере отырып, оны өз болмысымен сабақтастыра білуінде. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы осы міндетті өзінің ұлы шығармашылығымен орындап кетті. «Шаһнама» – Фирдоусидің мұрасы болса, Тұрмағамбеттің жырлауында ол қазақ руханиятының да қазынасына айналды. Ал оның қазақша жырланғанына 90 жыл толуы – ұлы мұраны ұлықтап, Сырдың саңлақ шайырының еңбегін жаңа ұрпаққа танытатын айтулы рухани дата.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
















