» » Білімнен шырақ жаққан шайыр

Білімнен шырақ жаққан шайыр

qarmaqshy-tany.kz Қармақшы өңірі қазақ еліне 100 шайыр шыққан құтты мекен атауымен танылған. Қашанда таланттардан кенде емес Қорқыт ата елі сүлейлермен бірге сындарлы, данагөй ғалымдарымен, оқымыстыларымен де көрікті, кемел. Бүгінде Сыр сүлейі, шайыр, тау тұлға Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 140 жылдық мерейтойы аудан көлемінде тойлануда.

Ол Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария облысының Қазалы уезінде, сол кездегі Қуаңдария болысының 2-ауылында «Ақтайлақ кезеңі» атанған мекенде дүниеге келген. Тұрмағамбет ақынның балалық шағы Сырдария өзені бойында, оның жағасындағы су жолы, керуен жолы әрі осы өңірдің әкімгершілік орталығы – Ақмешіт, Қармақшы, Қазалы қалаларында өтеді. Жасы он алтыға шыққанда әкесі дүние салады.
Алғашқыда ауылындағы Қожабай, Алдашбай, Ораз деген ишан, молдалардың көшпелі мектебінде мұсылманша білім алады. Шығыс тілдерін үйрену, білуді үлкен өнер деп санаған Тұрмағамбет таудай талаппен ұшқан құстың қанаты талған, сағымданған сусыз шөл дала – «Қызылқұмның» шағыл құмын толарсақтан кешкен керуенге еріп өзегі тала, ерні кезере, қазіргі Өзбекстанның Бұқара қаласына келіп жетеді. Сол кездегі Таяу, Орта Шығыс және Орта Азия елдері үшін ұлық саналатын, қабырғасы XV ғасырда қаланған Бұқарадағы әйгілі оқу орны – «Мир-Араб» медресесіне оқуға түседі. 1899 жылдан бастап сондағы «Көкілташ» медресесінде оқиды.
Белгілі мәдениет қайраткері, Тәжік Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик жазушы Садриддин Сайдмұрадұлы Айни да (1878-1954) осы жылы Көкілташ медресесінің шәкірті болатын. Тұрмағамбет пен Садриддин алғаш осында танысып, дос боп кетеді. Айнимен жақын болу оның шығармашылық бағытына үлкен әсер етеді. Олар моллабача (студенттер) арасында әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, оған жол-жоба көрсетіп жетекшілік етеді. Көкілташ медресесін бірге тәмамдағаны, бір - бірін ұлық тұтып, үлкен сыйластықта болғаны баршаға мәлім.
Көшпелі қазақ жерінен Орта Азияның атақты қаласына білім іздеп, шөліркеп келген Тұрмағамбет оның бай кітапханасынан Шығыстың ежелгі мол мәдени мұрасы дарқан шығармаларын тауып алып, мейірлене оқиды. Әсіресе, арабтың «Мың бір түні» мен үндінің «Тотынамасын», парсының «Шаһнамасы» мен Омар Хаям, Хожа Хафиздің сұлу сазды лирикасын, Шайқы Сағдидың «Гүлістаны» мен «Бостанын», Низамидің «Ескендірнамасы» мен «Қысырау-Шырынын», Навоидың «Ләйлі-Мәжнүні» мен «Жеті шұғыласын», Рудаки мен Физулидің, Жәми мен Бедилдің хисапсыз мол дүниелерін бас алмай оқып, құмарта сусындайды, Бируни, Мұхамед әл-Фараби, Әбу-Әли ибн Сина, Бабур, Ұлықбек сияқты философтар мен тарихшылардың асыл қазыналарын ерінбей ақтарады.
Медресені үздік бітіріп, шығыс тілдері – араб, парсы, түрік-шағатайшаны емін-еркін меңгерген Тұрмағамбет осы тілдерде жазылған Шығыстың классикалық шығармаларын халқына жеткізуді алдына мақсат етіп қояды. Ол өзі ұшқан алтын ұясына оралып, туған жерінде мектеп ашып, бала оқытады. Ақын өлкесіне аянбай қызмет етіп, бойындағы бар асылы – бай білімін келешек ұрпаққа беруге асығады. Осы кезден ол өзінің ақындық, шығармашылық жұмыстарымен шұғылдана бастайды.
«Өнердің ең артығы ілім еді,
Ілімнен барлық пайда білінеді.
Суменен сепкен тұқым көгергендей,
Ой құсы оқуменен тіріледі...», – деп жастарды ғылым-білімге үндеп, кеңес береді. Өз заманындағы тұрмыс ауыртпалығы мен қолдан жасалынған ашаршылықты былайша суреттейді:
«Заң азды, төресі әділ жан жоғынан,
Тозды жұрт тойып жейтін нан жоғынан.
Жер жүзін жеті қабат зұлмат басып,
Жол таппай жүдеді жұрт таң жоғынан...».
Бірақ ақынның бай біліміне замана ағыны кереғар ұшырасып, ақынға өз мақсатына жетуге көп кедергілер келтіреді. Қазан төңкерісінен кейін ақынға «молда» деген атақ таңылып, ақын өмірінің «Тар жол, тайғақ кешуі» басталады, ақын әр жылдарда Қармақшы, Қазалы, Шымкент түрмелерінде отырып, көп қиыншылықтар көргенімен Алла Тағаланың бойына бітірген құдіретті өнері – ақындығын шексіз білімімен ұштастыра отырып, халыққа үгіт-насихат түріндегі өлең жырларын үздіксіз жазып отырған.
1936 жылдың 21 желтоқсанындағы No77 Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының қаулысы бойынша Халық Ағарту комиссары, қазақтың біртуар азаматы Темірбек Жүргенов Тұрмағамбет Ізтілеуұлын ауылдан шақырып алып, «Шаһнама» дастанын аудару жөнінде мемлекеттік тапсырыс береді. Шығыстың жеті жұлдызының бірі – Әбілқасым Фердоусидің отыз жыл бойы жырға айналдырған шығыстық сюжеттегі «Шаһнама» дастанын парсы тілінде жастайынан жаттап өскен Тұрмағамбет бұл тапсырманы он айда орындап шығады. (40 мың жол). Бұл шығарманы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, тағы басқалар жоғары бағалаған.
Туындының «Рүстем–Дастан» аталатын бөлімі 1961 жылы «Шаһнама. Рүстем–Дастан» деген атпен толықтырылған нұсқасы 2004 жылы жарық көрген. Себебі сол жылдар ақынның шығармашылық шабытының ұшталып, бәйгеге баптаған жүйрік тұлпардай жарап, бабына келіп тұрған кезі болатын. Ақын бұл кезде қай сюжеттегі жыр болса да дәл осындай ақындық қуатпен, бір деммен жырлап шығары ақиқат еді.
Өмірін дін жолы емес дүниетану ғылымына, өнер жолы – ақындыққа арнайды. Өзі шыққан езілген өзегі талған кедейдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды.
Қытымыр заманның қыспағында жүріп ондаған хикая, дастан, жүздеген жыр - өлеңдерін тудырса да, ақынның революцияға дейін еңбегі баспа бетін көрмеді. Бірақ қалың елдің ортасында өсіп, ел өмірімен етене боп кеткен Тұрмағамбеттің жырлары жыраулар арқылы қалың қауымға кеңінен тараған.
1934 жылы маусым айында Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар Одағының тұңғыш съезіне және көркем өнерпаздардың республикалық 1-ші слетіне Оңтүстік Қазақстан облысынан делегат боп қатысады, осылай талантын танытқан Тұрмағамбет ақынды, 1935 жылы Қазақстан Өлкелік партия Комитеті Алматыға шақыртып алды.
Қазкрайкомның сол кездегі секретары Л.Мирзоян Тұрмағамбетпен сөйлесіп, оның қазақ әдебиетіне күрделі еңбекпен үлес қосуына сенім білдірді.
Осы кезден бастап Тұрмағамбеттің өмірі мен еңбектері оқулықтар ман бағдарламаларға енгізіліп, орта мектепте оқытылды. Шығармаларының бірқатары орыс тіліне аударылып, орталық газет-журналдар мен жинақтарда және М.Горкийдің бастамасымен бойынша «Правда» редакциясы бастырған «Творчество народов СССР» кітабында басылып шықты. Сөйтіп орыс оқушылары халық ақындарының ішінде Тұрмағамбет шығармасымен тұңғыш рет танысты. Қазақ ақынының алғаш аударылған бұл еңбектеріне 1937 жылы «Литературный критик» журналында жан-жақты талдау жасалынды. КСРО Ғылым академиясының «Совет дәуіріндегі орыс халқының поэтикалық творчествосының очеркі» деген еңбегінде Тұрмағамбетті халық шығармашылығын дамытуға еңбегі сіңген еліміздегі белгілі қайраткерлердің қатарына қосады.
Қорыта келгенде айтарымыз, Тұрмағамбет – қазақ өркениетінің классик ақыны. Оның шығармаларының тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік-стильдік ерекшеліктері жүйесінде қазақ сөз өнері мұраларына тән классикалық үрдістері дамытыла жырланған. Әлем әдебиеттеріне ортақ әдеби тек түрлерінің (эпос, лирика) жанрлары қазақ сөз өнері поэтикасы болмысымен жырланған.
Заман шынайылығы, адамдардың қуаныш пен қайғы қабаттасқан күрделі тағдырлары, ұрпақтар тәрбиесі және адам мен мемлекет тағдыры, сөз өнерінің көркемдік ұлағаты, тағы басқа да сан-алуан мәселе ақын шығармаларының халық жүрегінен мәңгілік орын алуын қалыптастырады. Демек, Тұрмағамбет жырлары – қазақ сөзінің халықтық көркемдік ойлау құдіретінің көрсеткіші. Ұлттық ділдің сақталуындағы қуатты құрал қызметін атқарып келген ақын жырлары қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.
Б.САХИЕВА,
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану
музейінің экскурсоводы
02 қараша 2022 ж. 503 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 384

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 463

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930