АДАЛ ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН АБЫРОЙ
Елдің ішінде жиі болуға тырысамыз. Шежіре білетін, ұсталық ететін, атакәсіпті серік еткен, өнегесі мол жандарға сұрау салып жүретініміз бар. Әсіресе аға буынның кейінгіге айтары көп. Кешегі мен бүгінгінің үзігін жалғаған қазыналы қарияларымыздың ортамызда болғанының өзі бір ғанибет емес пе?!
Сондай елге сыйлы ақсақалдың бірі – Қази Сейдахметов. Қуаңдария ауылының қазығын қағысып, елді мекеннің дамуына атсалысқан еңбек ардагерінің саналы ғұмыры осы ауылмен байланысты. Зейнет жасына дейін Қызылқұмда еңбек көркін қыздырса, бүгінде жасы сексеннің үшеуіне аяқ басқан ағамыз қоғамдық жұмыстардың ортасынан табылып жүр. Оның ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретіндегі қоғамдық қызметі де жұрт көңілінен шығады. Өмірден жиған-терген тәжірибесі, еңбектегі жолы – жастарға, кейінгі буынға үлгі болумен қатар, көптің қажетіне жарап, керегіне асуда. Ауылға атбасын бұрғанымызда алдымен Қази ақсақалдың отбасына маңдай тіреп, сәлем бердік.
«Айналайындар, төрге шығыңдар» деп алдымыздан құшақ жая қарсы алған қария, төр бөлмеден дастарқан жайғызып қойыпты.
– Жұмыстарың ешқайда қашпас, ауылдың дәмінен татыңдар, сусыннан алыңдар. Күн болса күйіп тұр, – деп жылылық танытты.
Әрі қарайғы әңгімеміз дастарқан басында өрбіді. Ағамыз Қуаңдарияға 1968 жылы көшіп келген. Оған дейін Ақжар ауылында озат механизаторлар қатарында еңбек еткен. 1960- 1968 жылдар аралығында Ақжарда механизатор болып істеп, ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне жұмыстар жасаған. 1959 жылы Қазалыдан механизаторлық оқу бітіріп келген ол еңбекке ерте араласып, техника меңгеруді үйренген.
– 1959 жылы Қазалыдан оқып келіп, бірден еңбекке кірісіп кеттім. Біздің ауданда бұл мамандық 1960 жылдан оқытыла бастады. Еңбек жолымның бастауы ауылшаруашылығы саласымен өрілді. Табысты еңбек етіп, жарыстардың жеңімпазы атанып жүрдім. Еңбегім жоғары бағаланып, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. 1972 жылы отбасын құрып, шаңырақ көтердім. Іргесі жаңадан қаланып жатқан Қызылдың қиясындағы – Қуаңдария ауылында еңбек жолымды жалғастыруды өзіме мақсат санадым. 1991 жылға дейін механизатор болып, малшылардың қорақопсысына көмектесіп, мал азығына шөп дайындадық. Шаруа жұмыстардың біразын атқардық. Содан 2007 жылы зейнеткерлік демалысына шыққанға дейінгі аралықта шопан атаның таяғын ұстап, №3 қой фермасында несібені мал шаруашылығынан айырдық. «Еңбек түбі – береке» дегендей, адал еңбегімнің арқасында көптеген жақсылыққа жеттім. Уақытпен санаспай, өнімді еңбек етуге барымызды салдық. Атакәсібіміз – қой шаруашылығын дамытуға үлесімді қостым. Күннің ыстығы, суығы демей, малдың жайын жасап, мал басынан мол өнім алуға күш салдым. Еңбек етумен бірге отанасымен ұл-қыз тәрбиелеп, оларға еңбектің наны тәтті болатынын, өмірдің мәні еңбек пен ізденісте екенін айтып, тәрбиемізді бердік, – дейді ақсақал.
Қази ағамыздың механизаторлықты шопандыққа ауыстыруының өзі жайдан-жай емес-ті. Бір жағынан сол кездегі мал басын көбейту туралы жоспар болса, бір жағынан ертеден атадан балаға мирас болып келе жатқан атакәсіпті дамыту болатын. Қай мамандықты атқарса да, ол адалдық пен туған жерге деген сүйіпеншілікті басты орынға қойды. Иә, ағамыз өмірлік серігі болған Шынар Шілдебаевамен Сағат, Самат, Гүлшат, Динар, Гүлбазар есімді перзенттерін тәрбиелеп өсірді. Олар бүгінде педагогика, теміржол, басқа да салаларда қызмет етіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Олардан тараған немерелер бүгінде атасының көз қуаныштары.
– Үлкен кісінің арманы – ізіндегі ұрпағы жақсы, елі тыныш болса, одан артық ештеңе керек емес. Біздің де бар тілегіміз – елде ауызбіршілік болып, халық адал тіршілігін кешіп жатса, басқа айтарымыз жоқ.
Ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Елге баскөз болып отырған жанашыр жастарымыз бар. Ауыл халқы еңбеккер. Бақша егіп, қысқы азығын қамдайды. «Таңатар» каналы қазылып, суландыру жұмыстары, көркейту-көгалдандыру да ойдағыдай жүргізілуде. Қорыта айтқанда, өсіп-жетіліп, құрметке бөленсем – ол тек адал еңбек пен маңдай тердің арқасы деп білемін, – дейді ардагер.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ















