МЕНІҢ ӘКЕМ
Бүгін түсімде әкемді көрдім. Әкем ауылдағы өзі салған бастырма қораның ішінде тұрып мені шақырды. Қасына бардым.
– Апаң мені көріп қоймасын, – деп анама көрінгісі келмеді. Мен әкемнің мына өмірде бар екенін көріп:
– Осы кезге дейін қайда жүрдіңіз, – деп әкемді құшақтап, басымды тізесіне қойып, жылап жатып оянып кеттім. Күннің суықтығы ма, жарықтық әкем мені желеп-жебеп жүрген шығар деп түсімді жақсыға жорыдым іштей. Сонымен бірге ойыма келгені – көптен бері әкем жайында жазуым керек деп ойлап жүргендіктен шығар деген ниетпен қолыма қалам алдым.
Біз әкемізді «Тәте» дейміз. Себебі, бізден бұрын іні-қарындастары да «тәте» деп атаған соң шығар деп ойлаймын. Әкемнің аты – Молыбек. Ағасы Толыбек көкем (қазір 88 жаста, Қазалының Сарыбұлақ деген ауылында тұрады) екеуі бір әке, бір шешеден. Бір шешеден деуімнің себебі, біздің әжеміз – Қыздаркүл Қожаберген атамның бірінші әйелі. Көкем шамамен ес білер 10 жас шамасында, тәтем 3 жасында аналары қайтыс болады. Көз көрген әжелеріміздің айтуынша, Қыздаркүл әжеміз өте пысық, тазайын болған деседі. Мал бағып күн кешкен аталарымыз ол кезде қысы-жазы киіз үйде тұратын болған. Күзді күні киіз үйдің ортасына от жағып, күнелткен көрінеді. Әжеміз көкем мен тәтемнен кейін бір қыз туады. Сол қыз бала еңбектеп жүріп жанып тұрған отқа түсіп, шетінеп кетеді. Сол баласының күйігіне шыдай алмаған әжеміз де көп ұзамай өмірден өткен деседі көз көрген әжелер. Атамыз әйелі қайтыс болған соң Орынкүл әжемізді алады. Ол әжемізден үш қыз, төрт ұл өрбіген.
Әкем ауыл молдасынан 3-4 кластық білім алып, хат таныған, үлкейген соң кеңес кезінде Қарақалпақтың жылқысын бағады. Сол мал бағып жүріп, кітапты көп оқитын. Жатса да, тұрса да, қой кезекте де қолынан кітабын тастамай оқып жүретін. Тағы бір қасиеті – бір көрген жолын өмірінде ұмытқан емес. Қызылдың ыспа құмында талай Түрікпен жеріне жылқы айдап жүргендіктен бе, қай мезгілде болсын діттеген жеріне жолсыз болса да тауып барады.
1986 жылы әкем өз ата-анасынан бөлек шығып, сонау Қызылдың қиясындағы Ақтам, Қарақыз, Шаңырақ деген жерден, қуаңның жағасындағы Жаманшығанақ деген жерге көшіп келді. Сол жерде зейнетке шығамын дегенше шлюздің күзетшісі әрі су реттеушісі болып жұмыс істеді.
«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» демекші, әкеміздің бізге деген қамқорлығы осы кезде есіме түседі. Әкем таңертең ерте тұрып, үй жақтағы шарбақтың ішіндегі өскен жантақты кетпенмен шауып тастайтын. Кейде таңертең сол кетпеннің дыбысынан оянып кететінбіз. Осы қазір ойлап отырсам жантақты балаларымның аяғына кірмесін деп шабады екен ғой. Бала кезімізде оны да білмейді екенбіз. Әкем әр ісімен бәрімізді еңбекқорлыққа, адалдыққа, қарапайымдылыққа баулыды. Бізді, ағам Жарқынды, мені, сіңілім Жадыра мен інім Бақытжанды шөп оруға апаратын. Шөпке барғанда шабындықтың басына күрке жасап, соған қонып, таң азаннан ерте тұрып, салқын кезде шөп орамыз. Оны кептіріп, баулап, жинап кететінбіз. Әкемнің әрбір сөзі мен ісі менің өміріме бағыт-бағдар беріп келеді. Қазір әкемді қатты сағынамын. Сол естеліктер жүрегімде мәңгі сақталады.
Балаларының ешкімнен кем болмауын өмірінің басты мақсатына айналдырған әкемнің әр күні еңбекпен басталып, еңбекпен аяқталатын. Таң қылаң бере, яғни далаға жарық түсе бастағанда, ол кісі әлдеқашан тұрып, малдың шөбін салып, суын беріп үлгеретін. Күн көтерілгенде егіс басына барып, егін егіп, суын жіберетін. Көктем мен жазда бізді де егіс басына алып баратын. Қауын- қарбызды әкемізбен бірге егіп, еккен тұқым қылтиып шығып, кейін оны бірлеп, ол өркен жайып, түйнек салғанда бәріміз қуанушы едік қауын, қарбыз жейміз деп. Бәрінен ерте пісетін жәмбілше (кей жерлер әңгелек дейді) піскенде көрші ағамның үйімен бөлісіп жейтінбіз. Қауынды тіліктеп бізге беріп, өзі жемей қарап отыратын. Біз «Тәте, өзіңізде жесеңізші», десек, «Жей беріңдер, сендердің жегендерің, менің жегенім ғой» дейтін. Біз баламыз ғой қауынды жақсы көреміз, тойып аламыз. Әкеміз жаздың аптабында да, күздің қара суығында да тынбай еңбек ететін. Малдың қамын ойлап, жазда қамыс орып, күзде жантақ шабады.
Ал қыс түссе – әкемнің тағы бір қыры ашылатын. Біз отырған Жаманшығанақ деген жер сексеуілі мен жыңғылы қалың өскен, ну тоғайлы жер. Осы Жаманшығанаққа сол кездегі Ленинск, қазіргі Байқоңырдан сенбі, жексенбі күндері орыстар көп баратын. Олар жердің атын сұрағанда, әкем Жаманшығанақ десе, бұл жерді Жақсышығанақ деп атау керек дейтін. Өйткені ол жердің ауасы тап-таза, таңертең далаға шыққанда шық түсіп жусанның, жыңғылдың иісі керемет сезіліп, терең тыныстап, дем аласың. Суы мол дарияның шлюз орналасқан иінінің екі жағы жап-жасыл, көк майса қамыс. Шлюзден бөліне ағатын екі канал бар, бірі – Науқанай каналы, екіншісі – Заңғар каналы деп аталады. Шлюздің маңына қармақ пен ау салсаң сазан, беламор, толстолов, карас деген балықтар бірден қарамағыңа түседі. Осындай табиғатына тамсанған жұрт Жақсышығанақ демей қайтсін! Әкем орысша білмесе де, орыстармен тез тіл табысып кететін. Әкемді олар Миша, Михайл деп атайтын. Сол орыс достарын үйге қонақ қылып, анамның құртірімшігінен, айранынан ауыз тигізіп, мәз қылатын. Өзі тұздаған балығын сол орыс достарына сыйлыққа беріп, олар қаладан келерінде бізге тәттілер әкеп беретін еді бала күнімізде.
Бірде ауылда мынадай бір оқиға болды. Кезекті бір демалыс күні ауылға Байқоңырдан орыстар демалуға келеді. Орыс ағайынның таза ауаға барғанда армансыз демалатыны анық қой. «Ұйқымен өлі тең» демекші, бір орыс кісі дарияның жиегінде ұйықтап жатады, әлгі кісіні қастарындағы достары тамаққа шақырайын деп іздесе, орнында жоқ, содан жан-жақтан әрі-бері іздеп, таппайды. Сөйтіп біздің үйге әкеме келеді. Әкем жатқан жеріне келіп, іздерін көріп, әлгі адамның суға кетіп қалғанын топшылайды. Содан қалған орыстар қаласына қайтып, судан адам іздеушілерді әкелуге кетеді. Барлық адам түнімен іздегенмен орысты таппайды. Таңертең әкем ерте өріске сиыр айдап бара жатып дарияның иінінен өлген орысты тауып алады. Сол жер содан кейін «Орыс өлген иін» атанып кетті. Әкемнің осы із кесетін қасиеті – мал бағып, жоғалған малын қарағанда да көп пайдасын тигізді.
Әкем қыстыгүні аңшылықпен айналысып, аң жүретін жерлерге қақпан, тұзақ құрады. Киік пен қоян, қырғауыл, қаз, үйрек, балық аулап әкеліп, үйіміздің ырысын молайтатын. Бізге ас та, киім де жеткізіп, ешкімнен кем қылмауға тырысатын. Әкемнің сол еңбегі мен қамқорлығы бізге бала кезімізден үлкен үлгі болды. Ол кісінің қолының күші мен жүрегінің мейірімі әр ісінен сезіліп тұратын. Қазір артқа қарасам, соның бәрі жай тірлік емес, бізге деген шексіз махаббатының белгісі екенін ұғынамын.
Әкем ағайынға, туысқанға жақын болуды өз өнегесімен үйретті. Себебі, қай жерге, қай қалаға барса да сол жақтағы туысқандардың үйіне барып үлкені болса сәлем бере барып, кішілерінің жағдайларын сұрап, әйтеуір туысқандарды бір аралап қайтатын. Сөйтіп жүріп Қарақалпақта тұратын өзі есін білмес шағында қайтыс болған анасының інісі Атбағар деген нағашысын іздеп тауып алғаны да есімізде. Қазір сол әкеміздің нағашыларымен, яғни түп нағашыларымызбен жер шалғай болса да той-томалақта араласып тұрамыз.
«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер», демекші, әкем өзі бастап, Шөмекейдің Малбике аталығының шежіресін құрдасы, марқұм қазалылық Едіге Кішкенеев ақын ағамызға өтініш айтып, дастан жаздырды. Сол дастанды жырау Тоқтыбаев Оңталап ағамыз жырлап, елге мәлім еткені де кейінгі ұрпаққа қосқан әкемнің үлесі деп білемін.
Мен – әкемнің қызы болдым. Ол мені ерекше жақсы көретін. Ауылдан қалаға баратын болсақ, тәтем қасына мені ертетін. Үйдің «базаршысы» тәтем екеуміз едік. Қыстық киім алуға Түркістанға әкем екеуміз барамыз. Ол кезеңде жұрттың бәрі киім, зат алуға Түркістанға баратын еді ғой. Үйге керекті заттарды, барлық балаға шақ қылып киімді де алатын әкеміз. Сосын әкеміздің алған киімін біраз жыл киетін едік, киімді өсіп келе жатсыңдар деп молдау қылып, сапалысын алып беретін. Әкемнің қамқорлығы мен мейірімі мен үшін әрдайым тірек болды. 8-сыныпқа дейін менің және бауырларымның аяғының тырнағын өзі шаппасымен алып беретін. Сол сәттерде мен әкемнің бізді қалай аялап, қалай қорғап отырғанын сезбейтінбіз, бәрі табиғи көрінетін. Қазір ойласам, бұл – әкемнің шексіз мейірімінің, бізге жасаған қамқорлығының бір белгісі екен.
Осындай қамқорлығымен қатар әкем қатал да болатын. 9-сынып оқып жүрген кезімізде достарымызбен кештерге баратын болсақ, тікелей әкемізден сұрана алмаймыз, анамызға жалынып жүріп, әкемізден сұрап беруін өтінетінбіз. Әкеміздің сөзі «заң», жіберсе қуана барамыз, жібермесе қыңқ етпей әкем жібермейді деп қала беретінбіз. Сосын дастарқан басында асты әкем бастамай тұрып, табаққа қол салмаймыз. Ең бірінші әкеміз бастайды, сосын анамыз, содан кейін балалар тамақтанамыз. Астан соң бәріміз әкеміз ас қайырмай дастарқаннан тұрмайтын едік. Бұл да бір тәртіп еді. Қазір сол әке-шешемізден көргенімізді балаларымызға үйретіп келеміз.
Әкем 65 жасқа келгенде бір күн ауырды да, бұл өмірмен қош айтысты. Артында жылапсықтап анамыз бен біз қалдық. Сол өзі тұрған ауыл Жаманшығанақтан кеткісі келмейтін, сол жер мәңгілік мекеніне айналып қала берді. Әкем қайтқан соң анамыз елдің ішіне, Қазалыға көшіп іргеленді. Жыл сайын ауылға барып, әкеміздің бейітінің басына барып, құран бағыштаймыз. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» демекші, тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Әкеміз өмірден өтсе де, оның өмірге деген қайраты мен адал еңбегі бізге мәңгі өшпес өнеге болып қалды.
Әкеміздің әрбір сөзі – бізге сабақ, әрбір ісі – үлгі. Бізге өмірдің қатаң тәртібін де, адал еңбектің қадірін де, сабыр мен төзімнің шынайы құнын да үйретті. Бізді адамдыққа, ізгілікке тәрбиеледі. Бізге тек «адам бол, адал бол, өсек-өтірік айтпа» деп айтатын.
Қазір әкеміз арамызда жоқ болса да, артында қалған ұрпағы – екі ұл, екі қыз, біз бармыз. Біз әкеміздің ізін жалғап, оның жүріп өткен жолын қастерлеп, атын ардақтап келеміз. «Орнында бар оңалар» дегендей, оның ниеті мен арманы бізбен бірге өмір сүріп келеді. Әке рухы – біздің жүрегімізде, ал өсиеті – біздің өмірлік шамшырағымыз.
Қымбат БЕРДЕШ