«Nur Otan» партиясына – 22 жыл
2003 жылдың ақпанынан бастап «Отан» республикалық партиясы Қармақшы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқардым. Бастауыш ұйымның төрағасы аудан әкімінің бірінші орынбасары Мұрат Сұлтанов болды. Облыстық филиалдың төрағасы Нұрлан Ерімбетов болса, оның бірінші орынбасары Сайлаубай Әбішов, республикада меценат Амангелді Ермегияев деген азамат еді. Партияның негізі 1999 жылы қаланған. Қызмет етуді ұйымдастыру жұмыстарын қолға алудан бастадық. Сол жылы бізге қойылған бірінші талап – мекеме, ұжымдарда партияның бастауыш ұйымдарын құру және белсенді азаматтардан партия мүшелерінің қатарын сапалы етіп толықтыру болды. Сол уақыттан бастап саны 300-ге жетер жетпес партия мүшелерін анықтап, ауданда актив жиналысын өткізіп, партияның бағдарламасы мен алдағы міндеттері жайлы Мұрат Сұлтановтың баяндамасы мен жиналыстың қаулысын басшылыққа алып, мекеме, ұжымдарды партия мүшелігіне тартуға кірістік.
Облыстағы офисіміз Қорқыт ата университетінің бірінші корпусында орналасқан еді. Онда облыстық филиалдың саяси кеңесінің отырысына жиі-жиі шақырып тапсырма берілетін. Сол уақытта осы кездегі «Алматы» қонақ үйі «Қармақшы таңы» газетінің редакциясы болатын. Соның екінші қабатынан әдемі екі бөлмелі офисіміз болды. Телефон орнатып, мүшелік жарнапұлдан түскен қаржы есебінен компьютер алып, кабинетіміздің сәнін кіргіздік. Редакциямен көрші болған соң, олар да көмегін беріп жатты. Ол кездегі редактор Шегебай Құндақбаев еді.
Сол жылдары алғаш рет парламент мәжілісінің сайлауына дайындық жасап, өткіздік. Партияға дауыс беру және жеке өзін-өзі ұсынған кандидаттарға дауыс беру арқылы өткен болатын. Үш кандидаттың ішінен Ұзақбай Қараманов сайлаудың екінші кезеңіне өтіп, сайланды. Сайлау тартысты өтті. Партия белсенділері Жаңаберген Сәденов, Тұрсынбек Бекпанов, Мақсұт Өтегенов ағаларымыз үгіт насихат жұмыстарына белсене араласты. Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығын атап өткеннен кейінгі, бұл сайлаудан біршама тәжірибе жинақтадық.
Жұмыс басталғалы екі жылға жуық уақытта партия мүшелерінің саны 2000-ға жуықтады. Жұмыстың басты бағыты – партия мүшелерінен мүшелік жарна жинау еді. Президенттің жыл сайынғы Жолдауын насихаттайтын арнайы құрылған топтар халық арасында жиі болып, жүргізілген жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде жоғары жетістіктерге жеткен болатынбыз. Нәтижесінде облыстық бастауыш ұйымдар арасында Қарағанды қаласында өткен республикалық кеңесте партия төрағасының бірінші орынбасары Б.Жұмағұловтың қолынан «Отан» республикалық партиясына «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл біздің аудандық партия филиалы мүшелерінің үлкен жеңісі еді. 2005 жылы Астана қаласында партияның кезектен тыс IV сьезіне шақырылдық. Онда «Отан республикалық партиясы», «Отан халықтық демократиялық партиясы» деп аты өзгертілді. Партияның жаңа мазмұндағы тұғырнамасы қабылданды, Жарғысына да өзгерістер енгізілді. Бұның бәрі партияның халықпен етене араласып, Қазақстан халқының әл ауқатын көтеру мақсатындағы жұмыстары болатын.
Партиямыз жарқын жобаларды қолға алып, халықтың тұрмысын түзеу бағытындағы жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Кешегі Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлауда да «Nur Otan» партиясының жеңіске жетуі ұзақ жылғы тәжірибесін, және оған деген халықтың сенімі мол екенін көрсеткендей.
Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «Nur Otan» партиясының да 22 жылдығы аталып өткелі отыр. Сондықтан мен де ауданымыздағы партияның негізін қалаушы азамат ретінде аудан халқын, «Nur Otan» партиясының мүшелерін осы жиырма екі жылдық мерекемен құттықтағым келеді.
Ордабек ӨТКЕЛБАЙ,
партия ардагері
партия ардагері