» Әке атына лайық болу – басты арман

Әке атына лайық болу – басты арман

Бала күнімізде тезірек ержетсек, бойжетсек дедік, мектепті тәмамдап жоғары білім алуға асықтық. Келешегіміздің кемел болуын оқыған ордамызбен, ондағы ұстаздармен байланыстырдық. Сөйтсек тәрбиенің та­ғылым­дысы, білімнің тұғырлысы әке мектебінен бастау алады екен. Әкенің көрсеткен үлгісін балаға он мектеп тұрмақ, он университет те бере алмайтынын ұққанша талай жыл артта қалыпты. Ендігі міндеттің жүгі тіпті ауыр: әкең «менің балам» деп сенің жетістігіңмен мақтанатын күнге жеткенше маңдайдан әлі талай тер төгілуі керек екенін түйсік сезеді. Өйткені «Нұрмұрат Ермановтың қызы» деген аттың мәртебесі қандай биік болса, оны арқалап жүрудің жауапкершілігі де соншалықты жоғары.
Өскен өлкенің еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін танитын әкемізді өзге өңірдегі ағайын біле бермеуі мүмкін. Кей оқырман «Ол кім еді?» деп отырған шығар. Оның кім екенін білу үшін соқтықпалы-соқпақты тағдырына үңіліңіз, көпке несімен үлгі болғанын ұғу үшін өнегелі өмір жолына көз тастаңыз.
Нұрмұрат Наятұллаұлы Ерманов Сыр өңірінде бұрынғы «Жаңажол», қазіргі Дүр Оңғар атындағы ауылда 1949 жылдың тамызында дүние есігін ашты. Кішкентайынан оқу-білімге құштар, зерек бала көбіне үл­кен­дердің қасында жүрді. Қазыналы қарт­тардың үлгі-өнегесімен сусындады. Зейінді жас бесінші сыныпта оқып жүргенде-ақ ауыл кітапханасындағы кітаптарды көз майын та­уыса оқығанын тірі ұстаздары әлі күнге мақтана әңгімелейді. Бала Нұрмұрат сүлейлердің ұзынсонар өсиеттері мен батырлар жырын жатқа айтқанда ауыл-аймақ сілтідей тынып тыңдайтынын да қариялардың аузынан талай естідік. Әкесінен өте туған перзент болсын дейтін шығар, ата-әжелеріміз бізге әкеміздің жас күніндегі мазмұнды оқиғаларды жиі баяндайтын.
Атамыз Наятұлла үміт еткен ұлының инженер болуын қатты қалапты. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған бозбала Нұрмұрат әке аманатын арқалап, Алматыға аттанады. 1967 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтына түсіп, оны 1972 жылы үздік дипломмен тәмамдайды. Ұстаздардың үдесінен шыққан түлек арнайы жолдамамен ауылға келіп, еңбек жолын «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігінен бастады. Өз мамандығын ұршықша иіріп, әке арманын орындады.
1974-1977 жылдары «Жаңақала», қазіргі Тәйімбет Көмекбаев атындағы мал шаруашылығымен айналысатын кеңшарда бас инженер болып қызмет атқарды. Аудан орталығынан 170-200 шақырым қашықтықтағы ауылда қысы-жазы қарбаласы басылмайтын шаруашылықтағы техникалардың «жүрек қағысын» қадағалап, кеңшардың қуаттануына зор үлесін қосты. 1977 жылы Қызылорда қаласындағы ағаш өңдеу зауытына бас механик болып орналасып, мұнда да өзінің еңбекқорлығымен көзге түсті. Өзіне жүктелген бар істі зор жауапкершілікпен атқарып, абырой биігінен көрінді.
Алланың қалауымен айы оңынан туып, бәрі сәтімен сабақталып келе жатқан. Алайда орда бұзар отызында тағдыр оны қиындыққа душар етті. 1979 жылы Қызылордадан ауылға қарай бет алған әкеміз жол апатына ұшырап, бір қолынан айрылды. Оқиға орнында қарындасы жан тапсырды. Ал өзі сегіз сағат бойы көлік астында жаншылып, өмір мен өлімнің ортасында арпалысты. Алланың көрсетер жарығы бар екен, таң қылаң бергенде сол маңайдан өткен иманжүзді жандар жәрдемдесіп, дереу Жалағаштағы ауруханаға жеткізеді. Өкініштісі, әкеміздің амандығы үшін ұзақ күрескен дәрігерлер оның оң қолын иықтан төмен кесуге мәжбүр болды.
Отадан он күннен кейін көзін ашқан ол өзінің мүгедектер санатына қосылғанын аңғарып, іштей күйзелсе де жан дүниесіндегі аласапыранды жүрегі езіліп отырған анамызға да, жәутеңдеп қараған балапандарына да сездірмеуге тырысты. Қайсар рухын сындырмай, еңсесін тіктеді. Балаларының болашағы үшін жеңілуге қақысы жоқ екенін түсінді. Өмір сүруге деген құлшынысы бұрынғыдан да арта түсті. Қарап отырсақ, отбасымыздың басына түскен бұл сынақ әкемізді ғана емес, оған қарап бой тіктеген балалары – мына біздерді де жігерлендіре түскен екен.
Ауруханада біраз емделіп, денсаулығы оңалғаннан кейін асқар тауымыз көп созбай бұрынғы жұмыс орнына, зауытқа қайта оралды. Зауыт басшылығы, қызметтестері оны «шолақсың» деп кеудеден итермеді, керісінше, қолтықтан демеді. Өзіне жүктелген жұмысты қалтқысыз орындап, сенімнен шыққан әкеміз бірер жыл өткесін зауыттың бастауыш партия ұйымына хатшы болды. Бар уақытын еңбекке арнады. Жұмысты қиын демеді, шаршағанын көрсетпеді. Соның арқасында ұжымы сенім білдіріп, әуелі зауыт директорының орынбасары, одан кейін директор болып қызмет етті.
Кейіннен қалалық кеңестің, облыстық мәслихаттың депутаты боп сайланғанда ол қол қусырып отырған жоқ. Жанкешті еңбегін тоқтатпай, ел игілігіне қызмет етуді жалғастырды. Бұл – көптің мүддесі мен қоғамның берекесін жеке бастың мүддесінен әлдеқайда биік қойған азаматтың жан қалауы еді.
Кеңес Одағы ыдырап, еліміз егемендігін алған алмағайып кезеңде бір орталыққа байланған экономиканың жібі тарқатылып, барлық салада тоқырау басталды. Шаруа­шылықтар есептік жүйеге көшіп, мекемелер тарай бастады. Қиындық әкем тізгінін ұстап отырған ағаш өңдеу зауытын да айналып өтпеді. Кәсіпорын жабылса да, нәсібін адал кәсіптен терген қайсар жан тыным таппады. Жалғыз қолымен қауын-қарбыз екті. Оны сатып, қолға түскен ақшаға ағаш өңдейтін құрылғылар сатып алды. Атамыз ағаштан түйін түйген шебер болған. Әкеміз өз әкесінен үйренген кәсіпті жалғастырғысы келді. Еліміз жаңа экономикалық саясатты енді ғана игере бастаған күрделі шақта қиындықтан тайсалмай, жеке кәсібін қолға алды. Алла сәтін салып, бабасының есімі берілген «Бабас» ағаш өңдеу цехының жұмысы ә дегеннен дөңгелеп кетті. Сол кезде мектепке керек парта, мекеме жиһазы осы ағаш өңдеу цехынан жер-жерге жөнелтіліп жатты. Тапсырыс көбейген сайын табыс та артты.
Кәсібінен нәсібін тапса да, еңбексүйгіш ердің заңгер болсам деген бала арманы ба­йыз таппады. Болдым-толдым демей, қайтадан білім іздеді. Алматы академиялық құқықтық университетін тәмамдап, 1999 жылы адвокаттық, нотариалдық және сот істерімен айналысатын лицензия алды. Қызылорда облысы бойынша адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат болды. 2001 жылы «Хақ-Нұр» адвокаттық кеңсесін ашты. Осылайша жаңылғанға жол көрсетем, әділеттің жаршысы, қорғансыздың қамқоршысы болсам деген асыл мұратына жетті. Кеңсесіне қашан барсаң алдынан кісі үзілмейтін. Бұл – елдің оған деген қалтқысыз сенімінің дәлелі.
Бүгінде әкемізді танитындар ең әуелі оның қайырымдылығын тілге тиек етеді. Қолында барды бөліп беруге даяр тұратын жомарт жан алдына көмек сұрай келгенді құрқол шығарған емес. Қай ісінен де «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұстанымды көріп келеміз.
Бір білеріміз, әкеміздің «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атануы, кеудесінде жарқыраған «Құрмет» пен «Парасат» ордендері – биліктегі ат төбеліндей топтың тартуы емес, оның шапағатын көрген, мейірімін сезінген қалың қазақтың алғысы. Жетпістің биігіне шыққан азамат үшін елдің ризашылығынан жоғары баға, көптің ықыласынан қымбат сый бар ма?!
Бір кездері әкеміздің жақсылығын көргендер қазір екі күннің бірінде алдымыздан шығады. Әкенің жақсылығын бізге, балаларына қайтарғысы келетін көп. «Е-е, айналайын, сен Нұрмұраттың қызы емессің бе?» деп бәйек болатын қаншама. Нұрмұраттың қызы екенімді, Толғанай деген әдемі атымды әкем қойғанын жүрген жерімде мақтанып айтқым келіп тұратынын несіне жасырайын?! Расында да, «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деп бекер айтылмаған екен. Асқар тауымыздың көрсеткен үлгісін, берген тәлім-тәрбиесін ізінен ерген перзенттері – мына біз өмір бойы талғажау етеріміз анық. Әке атына кір келтірмей лайықты ғұмыр кеше білсек, орындалған арманның ең үлкені сол болмақ.
Толғанай ЕРМАНОВА
---
28 тамыз 2019 ж. 874 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Ақсұлу
29 желтоқсан 2024 ж. 65
СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

20 қараша 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031