» Тұрмағамбеттегі дүбірлі той

Тұрмағамбеттегі дүбірлі той

Өңіріне әні мен дәні қатар өрлеп, еліне құт-береке дарыған, қасиетті Сыр елін жыр елі атандырып талай өнер тарланын дүниеге әкелген, бүгінде әлеуметінің әлеуеті артып, экономикасы мен мәдениеті дамыған Тұрмағамбет ауылының құрылғанына 60 жыл. Бір ғана елді мекеннен жүзден аса жампоздың оза шауып, жыр маржанын дестелеуі әрине, сирек құбылыс. Соның бірі – есімі алты Алашқа тараған, Ұлы сүлейлер көшінің көрнекті өкілі Жиенбай жырау Дүзбенбетұлының туғанына 155 жыл. Міне, екі дүниесі абат, қос тойы қабат келген Тұрмағамбет ауылында тұсауы жаңадан кесілген орталық алаңда ауыл қонақтары мен тұрғындарының қатысуымен екі күн қатарынан дүбірлі той өтті.

Мерекенің ашылу салтанатында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған «Ер есімі – ел есінде» атты монумент тақтаға гүл шоғын қойып, тағзым етті. Мұнан соң жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
– Сыр елін күллі әлемге паш еткен жырауларымыз қашан да мақтауға тұрарлық. Соның ішінде бүгін 155 жылдығын мерекелеп отырған Жиен­бай жыраудың қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Есімі ел есінде сақталған Жиенбай жыраудың мұрасы әлі талай ғасырға жетері анық. Осындай дара тұлғаны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, ардақтау біздің перзенттік парызымыз. Тұрмағамбет атын иеленген ауыл 60 жылдың ішінде көптеген белес пен асуды бағындырды. Алғашқы тың игеруде республикамыздың қоймасына мыңдаған пұт астық құйылды. Онда тұрмағамбеттіктердің де үлесі зор болды. Кішкене ғана ауылдан Сәлима Жұмабековадай Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана шығуының өзін мақтан етуге болады. Сыр сүлейлерінің ізбасары ақын Мағираш Сарикова, жазушы Нәсіредин Серәлиев, Адам Мекебаев, Раушанбек Бектібаев, журналист Мырқы Исаұлы, Әбілахат Жанәділов, Шакизада Құттаяқовтардың бірі – қазақ әдебиетіне, бірі – қазақ журналис­тикасына еңбегі сіңген тұлғалар. Бү­гін­гідей мерекеде Тұрмағамбет ауы­лының аяғынан тік тұрып, нығаюына үлесін қосқан барша азамат пен ауыл тұрғынына ризашылығымыз шексіз. Қазіргі таңда ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы өз жалғасын табуда. Шағын және орта кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму бар. Мемлекеттік бағдарламаларды ұтым­­ды пайдаланудың нәтижесінде жеке кәсібін ашқан азаматтардың қатары артып, жұмыссыздық деңгейі төмендеуде. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инфрақұрылым жақсаруда. Инновацияның игілігі еселенуде. Міне соның бір айғағы – орталық алаң абаттанып, қолданысқа берілді. Осы жұмыстарға жергілікті бюджеттен 43 млн теңге бөлінсе, ауылдағы мектеп ғимаратының бу қазандығына облыстық бюджеттен 52 млн теңге жұмсалды. Сол секілді «Тұрмағамбет» ЖШС қолдауымен жуырда 80 орындық балабақшаның ашылуына өздеріңіз куә болдыңыздар. Тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында 60 жылдық тарихы бар Тұрмағамбет ауылының берекесі кіріп, несібесі молаюда. Аталған мерейтойға тарту ретінде Ешнияз сал көшесін жарықтандыруға 21,3 млн және Текей батыр көшесін орташа жөндеуге 32 млн 400 мың теңге қаржы бөлдік. Кеше ғана егінге алғашқы орақ түсіп, шаруашылықтарда күзгі науқан бас­талды. Еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Қырмандарыңыз астыққа толсын. Түтіні түзу ұшқан ауыл жаңа биіктен көріне берсін, – деді облыс әкімі.
Одан әрі аймақ басшысы Со­циа­листік Еңбек Ері Сәлима Жұмабековамен бірге «Тұрмағамбет» ЖШС есебінен салын­ған құны 30 млн теңге болатын шағын сүт өңдеу зауытының лентасын қиды.
«Ақтайлақ» деп аталатын шағын сүт зауытында күніне 500 литрден бастап 1 тоннаға дейін сүт өңделмек. Оған қажетті өнім аталған ауыл мен сондай-ақ көрші фермалардан тасымалданады деп күтілуде. Сүтті өңдей отырып, халыққа тұтынатын таза әрі табиғи өнім шығарылады. Олар айран, ірімшік, йогурт, сарысу, балмұздақ және қаймақтың бірнеше түрі. Бағасы халыққа қолжетімді. Өңделген өнім, ауыл, аудан дүкені мен базарына түседі. Зауыт 5 адамды жұмыспен қамтуда.
Екі күн бойы орталық алаңда 16 ақшаңқан киіз үй тігіліп, мәдени шара өткізілді. Әсіресе «ҚР Рәміздер», Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне арналған «Тағзым» және жергілікті жерден шыққан 107 жыраудың есімі тасқа қашалған «Сыр сүлейлері» атты ескерткіш тақта мен алаңға кіре берістегі су бұрқақ көпшіліктің назарын аудартты.
Ауылдың 60 жылдық мерекесіне келгендер Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық уни­верситетінің профессоры, жы­раулық өнердің көшін бастаушы Алмас Алматов жүргізген «Жыр жүйрігі – Жиенбай» тақырыбындағы облыстық жыршы-жыраулар фестивалін тамашалады. Онда республикаға белгілі жыр дүлдүлі, Жиенбай жыраудың ұрпағы Бидас Рүстембеков, Арнұр Көшеней, ҚР Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов, Қосжан жыраудың ұрпағы Қасарбек Кәрібаев, Қазанғап атындағы колледждің оқытушысы Айдос Рахметов, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Бимбетова, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әйгерім Ешбаева, Сәрсенбай жыраудың ұрпағы Майра Сәрсенбаева, аудандық жырау­лар үйінің директоры Амандық Бүрлібаев, тұрмағамбеттік жыршы-жырау Әділхан Қуаңбаев, «Мен қазақпын!» ұлттық мега жобасының жеңімпазы Күнсұлу Түрікпенова, тағы басқасының өнеріне тәнті болды.
«Ауылым – алтын бесігім» ат­ты облыстық жазба ақындар мүшәйрасына 19 үміткер қатысып бақ сынасты. Онда І орын шиелілік Бекжан Ержігітке бұйырса, ІІ орынды қармақшылық Тұрар Бекмырзаев қанжығасына байлады. Сонымен қатар тұрмағамбеттік жас ақын Гүлжанат Қадырбекова ІІІ орынға ие болды.
Ғылыми-танымдық конференциясында «Жыр дүлдүлі – Жиенбай жырау» тақырыбында еңбек ардагері Жұмабек Аққұлов, «Жыршы-жырауларды республиканың жоғары оқу орындарында кәсіби маман ретінде дайындау мәселесі жайында» жырау Алмас Алматов, «Тұрмағамбет ауылы – ша­йырлар ме­кені» тақырыбында №29 орта мектептің директоры Зарипа Тасымовалар баяндама жасаса, ауыл ардагері мен тұрғынының қошеметімен Қармақшы аудан­ы­ның құрметті азаматы Нұртілеу Са­лықовтың ауылдың 60 жыл­дығына арнаған «Жүз шайырды тербеткен алтын бесік» атты кітабының тұсауы кесілді.
Мұнан бөлек, алаңда Сыр сү­лей­лерінің жыр-термесінен тө­гілдіріп жырдан шашу шашқан аға ұрпақпен бірге жыраулық мектептің жас өкілдері де үкілі домбырасын тербелтіп Тұрмағамбеттің «Тәлімін» толғап, көрерменнің көңілін шалқытты. Әсем бе­зен­дірілген сахнада ұлтымыздың рухын көкке көтерген «Ұлы дала», «Туған жер», «Қазақ елі» сияқты патриоттық әндер көптің жүрегін тербеді.
Ауыл тойының қорытынды шарасы атшабарда ат бәйгесімен жалғасты. Ел іргесіндегі ашық алаңқайда адамның көп жиналғаны соншалық, халық көліктің үстіне шығып та сәйгүліктерге қиқулап дем берді. Бәйге 6 шақырымдық тай жарыстан бастау алды. Оған республиканың түкпір-түкпірінен 19 тай қатысып, тай жарыстың көрігін қыздырды. Онда "Торы Шанель" тайымен жарысқа шыққан аралдық Нұр Сайлау І орынды жеңіп алса, алматылық Нұрбек Саматұлы "Торы Көзмоншақпен" ІІ орынды және ақтөбелік Ерхан Рысбаев "Төртбел Қаршығасымен" ІІІ орынды иеленді. Жорға жарыс­та тұрмағамбеттіктердің жолы болды. І орын "Тортөбел" иесі Нағымет Сәуеновке, ІІ орын "Күрең" иесі Жеткерген Алтыруовқа және ІІІ орын "Көкбөраланы" баптаған Нұрбол Берікбаевқа бұйырды. 16 шақырымдық құнан жарысқа 18 ат шапты. Нәтижесінде Жамбыл облысының Көгершін ауданынан келген Мадияр Ратбектің "Торы Қарлығашы" мәре сызығын бірінші қиса, одан соң Жаңақорғаннан келген Досбол Тілеубергеннің "Күрең қасқа Доллары" мәрені екінші болып кесті. Ал алматылық Нұрбек Саматұлының "Торы Кәусары" межелі орынға үшінші болып жетті. Көрерменнің арқасын қыздырып, делебесін қоздырған аламан бәйге. 24 шақырымдық қашықтыққа белгіленген аламанда шабандоздар 12 айналымды айналып өтуі керек болса, кермені жарысқа қатысқан 24 сәйгүліктің 4-уі ғана бағындыра алды. Олардың арасынан "Тұрмағамбет" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас бәйге тіккен "Лада гранта" жеңіл автокөлігінің кілтіне Жамбыл облысы, Мерке ауданынан қатысқан "Дос" атты сәйгүліктің шабандозы Нұр Сайлау ие болса, ІІ және ІІІ орынға тігілген 1 млн және 500 мың теңге қаржылай сыйлықты Алматы облысының намысын қорғаған Нұрбек Саматұлы "Секенторы" атымен, сондай-ақ қызылордалық шабандоз Бағдәулет Сейтжаппаров "Торы Самалымен" олжалады.
Мерекеге спортшылар да бір кісідей атсалысты. Мысалы волейболдан Қызылорда қаласының қомандасы жеңімпаз деп танылса, қазақ күресінен Мақсат Исақабылов І орын биігін бағындырды. Гір көтеруден Ермек Пазлиевтің жолы болса, өгіз көтеруден де Ермек ініміздің бағы жанды.
Салтанатқа ҚР Парламенті Се­натының депутаты Мұрат Бақ­тияров, Бекмырза Еламанов, аудан әкімі Сұлтан Мақашов, аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетовтер қатысты.
Екі күнге созылған ауыл тойы жоғары деңгейде аталды. Қазақстанның эстрада жұл­дыз­дарының концерті тамашаланса, соңы отшашуға ұласты. Елге рухани байлық, жас ұрпаққа өнеге боларлық мол мұра сыйлаған мә­дени шараның көпке дейін ел есінде жүреріне титтей де күмәніміз жоқ.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
---
27 тамыз 2019 ж. 1 003 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 153

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930