ЖАСТАРҒА ЖОЛ КӨРСЕТКЕН КЕЗДЕСУ
Қазіргі қоғамда жас ұрпақтың болашақ мамандығын дұрыс таңдап, өмірден өз орнын табуы аса маңызды. Әсіресе мектеп қабырғасында жүрген оқушылар үшін түрлі мамандық иелерімен кездесіп, олардың өмірлік тәжірибесінен үлгі алу – үлкен мотивация мен бағыт-бағдар беретін тағылымды шаралардың бірі. Осы мақсатта ауданға қарасты Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепте «Еңбегі адал – жас өрен» жобасы аясында «Табысты тұлға» атты жеке кәсіпкерлермен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кештің негізгі мақсаты – мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар беру, еңбекқорлықтың адам өміріндегі маңызын түсіндіру, жастардың қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамай, азаматтық позициясын қалыптастыруына ықпал ету. Кештің кіріспе бөлімінде жүргізуші қатысушыларды жылы шыраймен қарсы алып, іс-шараның мән-маңызын атап өтті. Жиынға ауыл кәсіпкерлері Гүлмира Қарабаланова, Айзат Сабитова, Айдана Жүнісовалар арнайы шақырылды. Алғашқы сөз мектеп директоры Амантұр Оспановқа беріліп, ол өз сөзінде бүгінгі кездесу жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін, табысты адамдардың өмір жолы мен тәжірибесі жас ұрпаққа әрқашан үлгі болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол оқушыларға алдағы өмір жолында адал еңбек етіп, өз армандарына жетуге тілектестігін білдірді.
Әрбір жасөспірімнің санасында «Мен өскенде кім боламын?», «Қандай мамандық таңдасам екен?», «Қалай табысты боламын?» деген сұрақтардың туындайтыны заңды. Осы тұрғыда дұрыс мамандық таңдау үшін адамның ең алдымен өзін танып, өзінің қабілеті мен бейімділігін анықтауы қажет. Адам өзіне «Мен кіммін?», «Өмірдегі орным қандай?» деген сұрақтарды қойып, соған жауап іздегенде ғана дұрыс шешім қабылдай алады. Жиын барысында «Кәсіпкерлік дегеніміз не?» атты бейнеролик көрсетіліп, оқушылар кәсіпкерлік туралы қызықты ақпараттармен танысты. Одан кейін ел ішінде өз еңбегімен танылып жүрген жеке кәсіпкерлер өздерінің өмір жолы мен кәсіби тәжірибелері туралы айтып берді. «Сұрақ бізден, жауап сізден» атты сұхбат алаңында оқушылар қонақтарға түрлі сұрақтар қойып, кәсіпкерлік жолындағы тәжірибелерімен бөлісуін сұрады. Кәсіпкерлер өз жауаптарында табысқа жетудің басты сыры еңбекқорлық, табандылық және үздіксіз ізденіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, мамандықты дұрыс таңдау адамның болашақ өміріне тікелей әсер ететін маңызды шешім екені де айтылды. Олардың өмірлік тәжірибесі оқушыларға үлкен ой салып, еңбекке деген қызығушылықтарын арттыра түсті. Іс-шараның мәдени бөлігінде оқушылар қонақтарға арнап әсем ән орындап, кештің сәнін келтірді. Жиында «Ізбасарыма айтарым бар» атты пікірлесу сәті ұйымдастырылып, қонақтар түлектерге өз тілектері мен ақыл-кеңестерін айтты. Олар жастарға өмірде өз жолын табу үшін білім алып, еңбектенуден ешқашан қашпау керектігін еске салды. Сонымен қатар, бұл өмірде ең абзалы адам болып қалу екені айтылып, оқушыларға адамгершілік қасиеттерді сақтап, қоғамға пайдалы азамат болуға шақырды.
Кеш соңында мектеп директорының бағдарлы оқу ісі жөніндегі орынбасары Тұрсынай Байдрахманова қорытынды сөз сөйлеп, ұйымдастырылған кездесудің маңыздылығын атап өтті. Ол қонақтарға алғысын білдіріп, оқушыларға болашақ мамандықтарын дұрыс таңдап, елдің дамуына үлес қосатын азамат болуға тілектестігін жеткізді. Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, олардың болашаққа сеніммен қадам басуына үлкен ықпал ететіні сөзсіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

















